Ұлттық құндылық дәріптеледі
Киізден жасалған бұйымдар, былғары торсық, ағаш күбі, осындай көшпелілер тұрмысында ең жиі пайдаланатын тұрмыстық заттар XXI ғасырда жаңа сұранысқа ие. Отырықшы Еуропаның өзі көшпелі өркениет өмірге әкелген өнер туындыларын қызыға сатып алады. Ұлтымыздың брендтерін ұлт ұландары өз қолдарымен жасауды меңгеріп қана қоймай, мектепішілік шараларда еркін саудаға шығарып жүр. Бұған Ә.Бөкейхан ауданындағы Ж.Тәшенев атындағы орта мектепте өткен шара барысында көз жеткіздік. Аталған білім шаңырағында «Ұлттық құндылықтарды дәріптеу айлығы» аясында әжелердің «Ғибрат» мектебі ашылды.

– «Ғибрат» мектебі былтыр оқу жылында жасақталды. Биыл жұмыс жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыс істей бастады. Тәлімгерлік сипаттағы мектеп қысқа уақытта ауыз толтырып айтатын шаруаларды еңсерді. Айталық, әжелер балаларға ертегі оқып, мазмұнын бірге талқылайды, сосын оқушылар оқыған шығармаларын әжелерімен сахнаға шығарды. Бұл жас ұрпақты даналық, танымдық жолға бастайтын сәтті жоба деп ойлаймын. Әжелер мектебіндегі 12 қарияның арасында сөз маржанын терген зерек жандар, қолөнердің хас шеберлері, бармағынан бал тамған аспаздар да бар. Осындай бірегей жандардың арқасында шәкірттеріміз алаша тоқуды, сыпыра тігуді, қолғап, шұлық тоқуды, талқан тартып, бауырсақтың түр-түрін әзірлеуді меңгеруде, – дейді Ж.Тәшенев атындағы мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Панаш Талдыбаева.
«Ғибрат» әжелер мектебінің ашылу күні оқушылар әжелерінің көмегімен тіккен қолөнер бұйымдарын көрсетті. Балалар көрмені тамашалауға келушілерге алаша тоқып, былғарыдан шағын қалта тігудің қыр-сырын көрсетті. Жиналғандар әже мен немеренің өнерін тамашалап, мерекелік дастарқан басында арнайы әзірленген ас мәзірінен дәм татты. А.Байтұрсынұлы сыныбы – даналықтың ілімі. Задында, әр оқу сыныбы бір ілімнің қайнар көзі болуы тиіс. Өкінішке қарай, ондай сыныпты соңғы отыз жыл ішінде еш жерден таппаған едік. Күні кеше Тәшенев мектебінен білімнің інжу-маржаны жинақталған кабинетті кезіктіргенде, көзіміз тойып, көңіліміз марқайды.
– Қазақ балаларын білімге шақырып, мектеп ашқан Ыбырай Алтынсарин болса, тұңғыш оқулық әліппенің атасы Ахмет Байтұрсынұлы екені мәлім.
Шәкірттерім әліппемен қоштасқанда, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыныпты неге ашпасқа деген ой келді. Сол ұсынысымды мектеп әкімшілігіне айттым. Менің идеямды мектеп директоры Бекбай Смағұлов бірден қуана құптады. Содан, білек сыбанып кабинетімізді жабдықтауға кірісіп кеттік. Ата-аналар зор қолдау көрсеткенін айту – парыз. Әуелі қажетті құнды дүниелерді жан-жақтан іздеп, толымды ақпараттарды жинадық. Сыныптағы жиhаз ішіне қойылатын парақша, кітапшаларды баспаға тапсырыс беріп жасаттық. Алматыдағы бірқатар мұражайлардан ұлт ұстазының жазған хаттары мен қолжазбаларын, құжаттарының көшірмелерін алғыздық. Республикалық телеарналардан Ахмет Байтұрсын жайлы деректі және ғұмырбаяндық көркем фильмін және жазушының «Қырық мысал» шығармасының желісі аясында түсірілген мультфильмді, жауапты органдарға ресми сұрау хат жазып алдырдық. Тіпті, ағартушы-ғалымның ұстаздарға арналған әдістемелік еңбектерін де, осы жерден табуға болады. Сыныбымыздағы әр дүниені Led экранға qr-код арқылы кіргізіп қойдық. Бүгінде шәкірттер сынып сағаты мен ашық сабақта Ахмет әлемінен дәріс алуда. Айта кетерлігі, балалар біздегі бай материалдардың электрондық нұсқасын көріп қана қоймайды, қабырғадан оқып, таныса алады, – дейді тәжірибелі бастауыш сынып мұғалімі Нәзира Жұмабаева.
Ұлт қайраткері Жұмабек Тәшеневтің ұлтына жасаған жасампаз жақсылығы ұшан теңіз. Алаштың біртуар перзентінің атын иемденген кеншілер қаласындағы мектептің шәкірттері бабадан қалған дәстүр мен ғұрыптың озық үлгісін заманға сай түлетуде.
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ.



