Басты тақырып

Ұлттың ұлы күні

    Алаш жерінде азаттық таңы атқалы – 26 жыл. Баба қазақ ғасырлар бойы аңсаған егемендікке қол жеткіздік. Ширек ғасырдан асыпты. Ұлы ұлттың жүздеген жылдар бойы күткені еді. Тәубе дейік. Қарағандыдағы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынның шымылдығы кеше түрілді. Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ қатысқан Кеншілер Мәдениет сарайындағы рәсімде еліміздің өркендеуіндегі үлесі толайым азаматтар құрмет биігінен көрінді.

Арқа жері – Елбасының еңбек жолы басталған мекен. Қарағанды – Тәуелсіздіктің тірегі. Жиында алғашқы сөзді алған облыс әкімі Ерлан Қошанов мейрамның маңыздылығына тоқталды.

– Тәуелсіздік күні – еліміздің ең ұлы мерекесі. Армандаған азаттық таңын қарсы алдық. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Тәңірдің ұлы сыйы – Тәуелсіздік екенін айтты. Егемендік жылдарында Қазақстан еңселі биіктерді бағындырды. Әрине, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған бірліктің арқасы. Қарағанды жері – ынтымақтың өлкесіне айналды. Ынтымақ бар өңірден ырыс айналмайды. Достығымыз жараса берсін, – деді Ерлан Жақанұлы.

Жиын барысында Елбасы Жарлығына сәйкес, аймақтың саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына елеулі еңбек сіңірген, ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан сүбелі үлесі үшін бірқатар азаматтар мемлекеттік наградаларға ие болды.

Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры Еркін Көбеев, Нұра ауданындағы «Жараспай» ЖШС директоры Сейілхан Қоңырбаев «Парасат» орденін өңіріне жалтырата тақты.

Сондай-ақ, «Құрмет» орденіне Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов, облыстық туберкулезге қарсы диспансер директоры  Ноян Бидайбаев, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Николай Дрижд, Абай ауданындағы «Шанс» шаруа қожалығының жетекшісі Игорь Жабяк, «Қазақмыс Энерджи» ЖШС атқарушы директоры Ахат Календарев,  жезқазғандық еңбек ардагері Сағындық Қожамсейітов, Қарағандыдағы «Шығыс» шаруа қожалығының жетекшісі Шамиль Осин, облыстық мәслихат депутаты Айман Түкбаева, Жезқазған қаласының өкілі, еңбек ардагері Жақсылық Шоқтаев ие болды.

«Шапағат» медаліне шарапатты ісімен биіктен көрінген азаматтар ие болды. Облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков, қалалық бастауыш медициналық-санитарлық көмек орталығының директоры Татьяна Баширова, Қаражал қалалық орталық ауруханасының перзентхана бөлімінің акушері Гүлнәр Жақыпбекова, Бұқар жырау орталық аудандық ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Мереке Жұмақаев, Жезқазған қалалық орталық ауруханасы эндоскопия бөлімшесінің меңгерушісі Бейсен Көлбаев, облыстық туберкулезге қарсы диспансер Жезқазған бөлімшесінің фтизиатр-дәрігері Марияш Оразбекова марапатталушылар қатарынан орын алды.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова және еңбек ардагері Жағыпар Әлімхановқа табысталды.

Жиында ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі және «Құрмет» грамоталары тапсырылды. Ғұмыр бойғы еңбектері еленген азаматтардың биігіне «Бәрекелді!» дедік. Басылым басшысының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабек марапат иеленушілер қатарынан орын алғаны – көзіқарақты оқырман олжасы деп білеміз.

Туған жер, туған ел құрметінен артық мәртебе болмас?! Салтанатта үш азамат Қарағанды облысының Құрметті азаматы атанды.

Азамат – ізетімен көркем. «Ұлық болсаң, кішік бол». Облыс әкімі Ерлан Жақанұлы қазыналы өлкенің тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Камали Дүйсембеков ағамызға Құрметті азамат атағын тапсыру үшін сахнадан түсті. Өсетін елдің баласының өнегесін танытты.

«Халық қаhарманы», армия генералы Мұхтар Алтынбаев ағамызға облыстың Құрметті азаматы атағы берілді. Лайықты марапат екені сөзсіз. Генералдың үлкен өмірге сапары көмірлі өлкеден басталғаны белгілі.

– Жерлестеріме мың алғыс. Бұл құрмет – маған көрсетілген зор сенім деп білемін. Мен алғаш осы жерден көкке көтерілдім. Сыйдың үлкенін Қарағанды жұртынан көргеніме ризамын, – деді генерал.

Чемпион Геннадий Головкин де Құрметті азамат атану мәртебесіне ие болды.

– Бүгін үш батыр Қарағанды облысының Құрметті азаматы атанды. Бірі – өздеріңіз білетін сыйлы ағамыз Камали Жұматайұлы. «Халық Қаһарманы», генерал Мұхтар Алтынбаевтың орны бір бөлек. Және әлем танитын Геннадий Головкинге Құрметті азамат атағын берудің орайы келіп тұр. Жұрт білетіндей, Геннадий кезекті жекпе-жегіне дайындалу үшін жаттығу жиынында жүр. Бұйыртса, Қарағандыға келеді деп ойлаймын. Салтанатты рәсімде атақты тапсырамыз, – деді әкім.

Мәні мен салмағы келіскен салтанаттың көркін әдемі ән мен әсем би аша түсті. Егемендіктің тойына арналған жиын концерттік бағдарламамен қорытындыланды.

Нұрқанат ҚАНАФИН

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button