Білім

Ұлтты ұлы етер құндылық күні

Ұлт үшін ұлық мереке – Республика күні. Осыған орай, «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің мәжіліс залында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұжымы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің жанынан құрылған «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдарымен сұхбаттасты. Олар – «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Нұрсахан Бейсенбекова, археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының профессоры Ләззат Шотбакова, профессор, «Орталық Азия зерттеулер» орталығының директоры Гүлнара Смағұлова. Редакцияға арнайы келген қадірменді меймандармен «Тәуелсіздік тарихы неге 1991 жылдан басталуы керек?», «Қазақстандағы тәуелсіздіктің алғышарттары қандай?» деген секілді сауалдар талқыланды. Сонымен қатар, университет ғалымдарының қаламынан туған «Адамдар тағдырындағы Қарқаралы өңірінің білім беру жүйесінің қалыптасуы мен даму тарихы» атты монографиялар жинағы таныстырылды. «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының атқарған жұмыстары да назарға алынды. Жиынды газеттің бас редакторы Ерсін Мұсабек тізгіндеді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Өз кезегінде Ерсін Мұсабек Республика күні қарсаңында, әлбетте, тарихи тұлғалар туралы өрелі әңгімелер қозғалып, солардың атқарған қызметін насихаттаған абзалдығын атады. «Тарихты тұлғалар жасайды» деген тәмсілдің туралығын тілге тиек етті.

– Бұл орайда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің жанынан құрылған «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының атқарған еңбегін атап өтпеске болмас. Бүгінгі тақырыбымыз – «Тәуелсіздік бастауындағы тұлғалар». Бүгінде сол тұлғаларды танытуда, дәріптеуде қандай ілгерілеулер, немесе, қиындықтар бар? Бүгін осы сұрақтар төңірегінде сөз қозғаймыз, – деді Ерсін Мұсабек.

Сөз алған ғалым Нұрсахан Бейсенбекова бұл мерекенің ұлттық мәртебе алып, көптің көңілін марқайтқанына, оның бүтін ел үшін мәніне тоқталды. Сонымен қатар, ғылыми-зерттеу орталығының басшысы «Бұл күн – ұлтты ұлт ететін құндылықтар күні» деді.

– Республика күні – бүгінде ұлтымыз үшін аса маңызды мереке болып тұрғаны көңілді марқайтады. Осы күн – ұлтты ұлт етіп тұрған құндылықтар күні.

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының атқарған жұмыстары турасында айтсақ, орталық негізгі үш бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – ғылыми-зерттеу жұмыстары, екіншісі – оқу-әдістемелік оқу құралдарын шығару, үшіншісі – ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие беру. Осы үш мақсатта жұмыс істеп келе жатырмыз. Осы тұста, әлбетте, кейінгі 5 жылда өңірдегі руханияттың жаңғыруына зор ықпал жасап отырған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің басшылығына алғыс айтамыз. Білім ордасында мемлекеттік гранттардан басқа, ішкі гранттар да бөлінеді. Сол гранттар арқылы көзінде оты бар жас ғалымдарға барынша қолдау көрсетіліп келеді. Оқулық жазасыз ба, ғылыми мақала жазасыз ба? Өз еркіңізде. «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы сондай екі грантты жеңіп алды. Біреуі – Ахмет Байтұрсынұлының 160 жылдығына арналды. Екіншісінде – тұлғалар арқылы өңірдің ғылымы, білімі, ұлттық тәрбиесі қалай қалыптасқаны жөніндегі еңбек. Соның ішінде, азаттықтың бесігі болған Қарқаралы өңірінің тарихы зерттелді. Сонау патшалық дәуірден бері қала мәртебесімен түтінін түзу ұшырған елдімекен тарихын толық зерттеу идеясы сонда өткен ауқымды конференцияда келген еді. Бірінші жобамыз – Ахмет Байтұрсынұлына қатысты болғаннан кейін «Алаш зиялыларының тарихқа көзқарасы» деген оқу-әдістемелік құралын шығардық. Жұмыс барысында төңірегімізге жас магистранттарды, жас ғалымдарды алдық. Бұл кітап былтыр жарық көрді. Мектептерге таратылды. Екінші еңбегіміз – ғылыми бағыттағы монография. Орталығымызда тағы бір бағыт бар. Ол – жас ұрпақ жақсының қадірін білсін деген ниетте «Өнегелі өмір» сериясы. Бұл серияда Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде халыққа, соның ішінде, ғылымға еңбегі сіңген әйгілі ғалымдардың ғибратты ғұмыры жазылды, – деді Нұрсахан Ахметқызы.

Сондай-ақ, орталық облыстық мәдениет және архивтер, құжаттама басқармасының грантын иеленіп, оның аясында Нығмет Нұрмақов және Әлихан Бөкейхан туралы «Ұлт мақтанышы» деген монография жазылғанын атау ләзім. Бұл игілікті іс мұнымен тоқтап қалмады. Одан соң қазақ әйелдері туралы монография жарыққа шықты. Бұдан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясы да қамтылды. Алаш қозғалысы туралы оқулықтар да басылды.

– Ірі тұлғалардың ізі халықаралық қатынастарда да сайрап жатыр. Халықаралық қатынастардағы тұлғаларымыздың еңбегі турасында да оқулықтар оқырманға жол тартты. Сондағы басты мақсатымыз – жастарға тарихты тұлғалар жасайтынын ұғындыру және жастарға тұлға болып қалыптасудың жолын нұсқау.

Осы еңбектің барлығы, әлбетте, мұрағаттағы құжаттармен жазылды. Архивті ақтару және сол деректерді кәдеге жарату үшін бізге бір жыл уақыт берілді. Семей, Қарқаралы, Алматы қалаларындағы архивтерге майшаммен үңілдік.

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұжымына ат басын тіреудегі негізгі мақсатымыз – ұлт тарихын түгендеуге университет ұжымы атқарып жатқан қыруар жұмыстарды қалың оқырманға жеткізу, – деді «Тұлғатану» орталығының басшысы.

Осы арада білім ордасында еңбек етіп жүрген ұстаздардың қуғын-сүргінге ұшыраған ата-бабаларының тарихы да тасқа түсіп, кітап боп шыққанын айту қажет. Бұл аса бір ыждаһаттылықты қажет ететін іске университет ғалымдары да жұмылдырылды. Бұл кітап, тіпті, ағылшын тіліне де аударылды.

Жалпы, университеттің ғылыми потенциалы өте жоғары екенінде дау жоқ. Ұжымда қабілетті ғалымдар жетерлік. Ғалымдардың айтуынша, енді «Адамдар тағдырындағы Қарқаралы өңірінің білім беру жүйесінің қалыптасуы мен даму тарихы» кітабының тұсаукесері университетте ұлттық мереке қарсаңында өтпекші екен.

Университетте екінші орталық та есігін айқара ашқан. Ол – «Орталық Азияның зерттеу орталығы» деп аталды. Жетекшісі – профессор Гүлнара Смағұлова.

– Бұндай орталық енді Орталық Азияда Қазақстанда бар деп мақтанышпен айта аламыз. Тағы бір ауқымды жобаны бастадық. Бұл жоба – Семей полигонының зардаптарын қамтиды, – деді Нұрсахан Ахметқызы.

Жоба авторларының бірі Ләззат Шотбакова еңбекті жазу барысында тек архив құжаттарымен ғана шектелмей, өңір тарихын білетін азаматтармен де сұхбат жүргізілгенін атады.

– Біз бұл еңбекті жазу барысында тек архивтік құжаттармен ғана шектеліп қалған жоқпыз. Деректерді толықтыру мақсатында өңір тарихын білетін азаматтармен сұхбаттастық. Бұл кітап ғылыми стильде жазылды. Үш тараудан тұрады. Бірінші тарауда «1917 жылға дейін қандай оқиғалар болды?», «Білім саласы қалай дамыды? Қандай адамдар қызмет атқарды?» деген сауалдарға жауап іздедік. Екінші тарауда Кеңес үкіметі қамтылған. Үшінші тарау жекелей тұлғаларға қатысты. Үшінші тарауда тың деректерді жинақтаған – Гүлнара Смағұлова. Бұндағы деректер бұрындары ешқайда жарияланбаған. Мәселен, Қарқаралының мұрағатынан табылған құжаттардың басым бөлігі мүлде ашылмаған. Құжаттардың маңыздылығын аша түсу мақсатында фотошежірені де баспадан шығардық, – деді Ләззат Шотбакова.

Ғалымдар мұрағатта құжаттардың көптігін атап отыр. Ол құжаттың бәрін бұл жинақтың көлемі көтермейді. Өйткені, зерттелген өңірде бір мектептің тарихында бір кітапқа жүк болатындай құжат баршылық екен.

– Архивте құжат өте көп. Сол құжаттың барлығы осы жинаққа енбегенін ашып айтқан жөн. Себебі, тарихы 100 жылдан асатын мектептер бар. Олардың барлығын жинақтаса, бір кітапқа сыймайды. Бәлкім, еңбегі сіңген қаншама адам назардан тыс қалып қойған да шығар? Бұның барлығы болашақ ғалымдардың міндеті деп ойлаймын.

Монографияларды жинақтауда Қуаныш Түсіпбек есімді университет мұғалімінің еңбегін атап өткен жөн. Архивтегі қыруар жұмыстарды атқарды.

Қарқаралы өңірі Семей секілді орталықтардан шалғайда жатыр. Бірақ, жер аударылып келгендердің арасындағы білімді адамдар бойындағы нәрін осы аймақтағы шәкірттеріне берді десек, артық айтқанымыз емес, – деді Гүлнара Смағұлова.

Ұлттың өткенін зерделеу, жас ұрпақтың санасында жаңғырту – көзі ашық, көкірегі ояу азаматтың маңызды миссиясы. Әсіресе, қиын-қыстау заманда ұлт алауын өшірмеу үшін білім саласында аянбай тер төккен тұлғалар дәріптелуі тиіс. Білімсіз ұрпақтан қайыр жоқ. Егемендіктің берік іргетасын қаласқан сол буын. Ғалымдар зерттеулеріне осы тақырыпты өзек етсе керек-ті.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button