Жаңалықтар

Ұлттық ұлан оркестрі Қарағандыдағы «Таир» сауда үйінде мерекелік концерт өткізді

Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінің әскери оркестрі тұрғындар мен қала қонақтарына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. «Таир» сауда үйінде өткен концерт көпшілікке көтеріңкі рух пен жарқын эмоция тарту етті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық мәдениетті насихаттау, әскери қызметтің беделін арттыру және қоғаммен тығыз байланыс орнату болды. Әскери оркестр орындаған музыкалық шығармалар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, концерт барысында патриоттық әндермен қатар заманауи және халық арасында кеңінен танымал туындылар шырқалды.

6505 әскери бөлімінің өнерпаз ұландары өздерінің кәсіби шеберлігін көрсетіп, көрермендерді әсем әуенмен баурап алды. Оркестрдің үйлесімді ойыны мен сахналық мәдениеті көпшіліктің ерекше ықыласын тудырып, концерт соңында жиналғандар ұзақ уақыт қол соқты.

Мұндай мәдени іс-шаралар әскери қызметшілер мен азаматтық қоғам арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге де өз үлесін қосуда. Ұлттық ұлан оркестрінің бұл концерті қала тұрғындарына ұмытылмас әсер қалдырды.

ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button