Ұлттық колорит
ДЕ ЮРЕ – МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР ОТАНСҮЙГІШТІКТІҢ БАСТАУЫ. ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ. ОТАНҒА ҚҰРМЕТ, ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ, ЖЕРГЕ ҚҰРМЕТ – МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРГЕ ЫҚЫЛАСТАН БАСТАЛУЫ ТИІС-ТІ. МОЙЫНДАУ КЕРЕК. ДЕ ФАКТО – БІРАҚ БАРШАМЫЗДЫҢ БОЙЫМЫЗДА МҰНДАЙ СЕЗІМ АРНАСЫНАН АСЫП-ТАСЫП ТҰРҒАН ЖОҚ. НЕГЕ? КЕЗІНДЕ ҚОЛЖАУЛЫҚ ЕТІП, ҚОРЛАҒАННАН БА? ӘЛДЕ, ӘУ БАСТАН СЕЗІМСІЗ БЕ ЕДІК? СЕЗІМСІЗБІЗ ДЕЙ АЛМАСПЫЗ. ӨЙТКЕНІ, ӘР РУДЫҢ ТУЫ КӨККЕ КӨТЕРІЛГЕНДЕ АРҚАСЫ ҚОЗЫП, АТҚА ҚОНБАҒАН ҚАЗАҚ ЖОҚ. СЕБЕБІ, ТУ – РУХ. ҰРАН – ҚУАТ. ЕЛТАҢБА – КҮШ. КЕЙДЕ ОЙЛАЙСЫЗ, РУХЫМЫЗ ПӘСЕЙІП КЕТТІ. ТУДЫҢ КИЕСІ АТҚАН ЖОҚ ПА? ӘНҰРАН ЖАНЖҮРЕГІМІЗБЕН, ЖҰЛЫН-ЖҮЙКЕМІЗБЕН АЙТЫЛМАҒАН СОҢ ҚУАТЫМЫЗ КЕМІП ҚАЛМАДЫ МА ДЕП. КІМ БІЛГЕН? КЕЙДЕ КҮӘМАНДАНАСЫЗ, БІЗ ӨЗІ ОТАНДЫ СҮЮДІ БІЛЕМІЗ БЕ ДЕП…
Бүгін – мемлекеттік рәміздер күні. Қазіргіше айтқанда, Көк байрақтың, Елтаңбаның, Әнұранның туған күні. Өзгеге елдігімізді танытатын, жұрт екенімізді білдіретін бірден-бір даралықтың белгісі. Әйтеуір, осы орайда отансүйгіштігіміз жоқ секілді көрінеді де тұрады маған. Әлде, қателесем бе? Білмеймін, бірақ, Әнұран шырқалғанда, Көк Ту желбірегенде, көптің жанарынан ұшқын, бойының шымырлағанын көре алмай жүрміз. Қайтпек керек мұндайда?
Мемлекеттік рәміздерде қасиет барын қалай ұғындыруға болады? Әр ел бұл орайда өзінше әрекет қылады екен. Кейбіреу тауарлық белгілерге қолдануға тыйым салады. Біреулері осы күнді мемлекеттік мереке ретінде атап өтеді. Арнайы демалыс күні жариялаған. Енді қайсыбірі мемлекеттік рәміздердің қатар жүруін талап етеді. Мәселен, әнұран шырқалғанда мемлекеттік тудың флагштокта көтерілуі міндетті елдер бар. Тағы біреулерінде әнұран алдын ала жазылған аудиожазбада емес, кәдімгідей әншілердің сахнада тұрып орындалуы – талап. Мұның қай-қайсысын алсақ та, тағылымдық мәні бар.
Мысалы үшін Норвегияда мемлекеттік рәміздерді коммерциялық және жарнамалық мақсатта қолдануға жол жоқ. Швецияда да жарнамалық сипат алса, айыппұл салынады. Қытайда да тауарлық белгілерде қолдануға заң – қатаң. Тудың түсін пайдалануға да тыйым бар. Мұның өзі Туға деген құрметтің бір көрінісі. Ал, қайсыбір елдерде, керісінше, оның көпшілікке танымал болуы үшін шектеу қоймайды. Германия да бұл істе аса ыждаһатты. Елтаңба мен Туды қолдануды тек мемлекеттік ұйымдарға ғана рұқсат береді.
Бізде ше? Рух беретін, мақтан тұтатын амал өзімізде баршылық. Айталық, Елтаңба бейнесі Қазақстан азаматының кез келген құжатынан табылады. Туу туралы куәлік, жеке куәлік, мектеп аттестаттары, медициналық карталарда да бейнеленген. Туды құрметтемеуге заңмен тыйым салынған. Ал, ілінген күнде, ту оң жаққа қарай желбіреуі керек. Мемлекеттік мекеме маңдайшаларында ту міндетті түрде болуы тиіс. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген. Сондай-ақ, осы заңнамада кез келген тудың көлемі мемлекеттік тудан аспауы тиістігі де айқын жазылған. Алайда, кей жағдайларда бұл ескерілмейді. Әсіресе, ұрандатқан, алаулатқан, жалаулатқан шараларда бұған қарап жатқан пенде жоқ. Салақұлаш түрлі-түсті тулар алаңды жауып кететінін көріп жүрміз. Мысалы, АҚШ-та ақ үйден асырып, биік үй салынбайтын қағида бар емес пе? Соны жалпақ жұрты ұстанады деп естиміз. Біз ше? Ұлттық мүддені көздейтін заңнамаларды неге ұстанбаймыз? Қалай ғана селсоқ қараймыз?
Енді әнұранға келейік. Әнұран шырқалғанда, шыбын жанымыз қоса шырқырап тұрғанын көрмей пұшайманбыз. Аудиожазбадан айтылғаннан соң ба, кім білген, әсерлі шықпайтынын мойындау керек. Сондықтан, «Әнұранды әншілер неге орындамайды?» деген сауал көкейімізде талайдан жүр. Мысалы, АҚШ-та жеке әншілер орындайды. Әнұран орындалғанда жұртшылық бас киімін қолына алып, оң қолын жүрегінің тұсына апарады. Шынайы. Ұғынғанға, негізі, рәміздерде ұлттық колорит бар. Тұнып тұр.
Мемлекеттік рәміздерді әсіре әспеттеу үшін мүмкін бұл мерекеге де мемлекеттік, я ұлттық мәртебе берілуі керек шығар, сірә?! Сіз қалай ойлайсыз?..
Қызғалдақ АЙТЖАН