«Ұлттық кодтың» бесігі
Бір елді танып-білгің келсе, мұражайына кір. Мәдениеттің мәйегі мен дәйегі, ел мен жердің тарихы – бәрі сонда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Ұлттық кодыңыз» да осы орыннан сығалайтынын неге жасырайық?! Оның үстіне Алаш жұртының кіндігі Арқа жерінің тарихы мен шежіре баяны тіптен қалың. Қаншалықты терең болса, соншалықты шоқтықты. Әңгіме – Арқа даласының шежірелі баяны тұнған Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдығы туралы.
Аймақтың мәдени, рухани өмірі болғандықтан, мұндай мерейтойлар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының араласуымен өтетіні белгілі ғой. Айтпағымыз ол емес, өткен шараның мазмұны. «Ұлытауға бардың ба, ұлар етін жедің бе?» дегендей, аталған мұражайға барып, кіріп, көріп пе едіңіз? Қарағандының ғана емес, Қазақ мәдениетінің небір жауһарлары сонда ғой. Арқа Алаш мәдениетінің арқасы емей не? Арқасы ұстаған күні археологтары жерінен «Алтын адам» алып шыға салады. Бұйымның алтыны түк емес, киімнің алтыны ақылға сыя ма бүгінде. Біздің бабаларымыз сыйдырған екен, біз ше?.. Өз басым осындағы «Алтын адамды» көрген сайын арқам шымырлап кетеді. Алтын орда дәуіріндегі Күйік ханның Еуропа елдерінің біріне (ұмытпасам, Византия болу керек) жазған хатын да осы музейден оқып, рухтанғанбыз кезінде… Асылы, бұл мұражай археологиялық жәдігерлерімен бай. «Аһ» деп таң қалғанда, аттай тулаған жүрегіңіз аузыңыздан түспей зорға қалады. Осындай тарихи жәдігерлері бар орданың мерейлі тойына Алаш даласының арғы-бергі қиырынан келеді ғой қонақтар. Астана, Ақмола, Семей, Павлодар, Екібастұз, тағы басқа қалалардан. Облыс аумағындағыларды айтпағанда. Бастысы, Астанадағы Ұлттық мұражайдан келген қонақтар деседі. Өткен айларда Астанадағы Ұлттық музейден осында Қазыбек би бабамыздың шапаны әкеліп, қойылды. «Алтын адаммен». Алтынға бергісіз жәдігерді тамашалаушылар қарасы көп болды ма, жоқ па, білмеймін.
Қарағандының ғана емес, Қазақ руханиятының қайраткері Рымбала Омарбекова болды мерейтойда. Бүгінгі заманда музейдің мән-маңызы мен қадір-қасиетін сол кісі біледі. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев құттықтау сөз сөйледі. Музейдің құрылғаннан бергі тарихы мен бүгінгі жайынан аз-кем айтылды.
«85 жыл деген – үлкен қарияның, ақ сақалды абыздың жасы. Сондықтан, бұл енді есеп беру ғой. Осы уақытқа дейін не істелді. Жұмысымыз қалай жүріп жатыр? Жаңа өздеріңіз де көріп отырсыздар, осы 85 жылдық еңбектің бір ғана көрсеткіші – «Тарих және музей» атты монографияның тұсауы кесілді. Сонымен қатар, бірегей деген экспонаттарымыздың жинағы бойынша «Сарыарқаның тарихи-мәдени құндылықтары» атты ғылыми каталог шығардық. Оған да куә болдыңыздар. Мәселен ол каталогқа ең бірегей археологиялық жәдігерлер, музейдегі таптырмас дүниелер топтастырылды. Мысалы, Қоңыр Құлжа әулетінен қалған сауыт бар. Оны бізге Қоңыр Құлжаның қызынан туған осы музейдің екінші директоры Семенов тапсырған. Бұл – ең бірінші құнды экспонаттардың бірі һәм бірегейі. Сондай-ақ, «Алтын залды» қалай атап өтпейміз? Ал, Арқадан табылған «Алтын адам», әрине, Қазақстанды есепке алмағанда, облыс тұрмақ, кез келген мемлекеттен табыла бермейтін ғажайып қой. Қалай деген күннің өзінде 150 мыңнан астам экспонаттың әрқайсының өз орны бар» дейді Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Ержан Нұрмағанбетов.
ХХ ғасырдағыдай емес, қазір мұражай өзгерген. Дербес санада жаңа көзқарас қалыптастыратын құндылықтар топтастырылған. Кіре қалсаңыз «Сақ мәдениеті» залынан бастап, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа келбетін танып шыға келесіз. Заманауи үлгідегі «Бабалар бейнелері» компьютерлік анимация залы – мұндағы бірегей залға жатады. 85 жылдыққа орай музей ұжымы қол жеткізген жаңа технология – аудиогид әдісі енгізіліпті. Яғни, оның жетістігі – экспонаттарды тамашалаушы өзіне берілген электронды құрылғыдан қызыққан затының нөмірін басып, құлаққап арқылы кез келген жәдігер туралы мағлұмат ала алады.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған «ХХІ ғасырдың музейі: музейлердің дамуындағы қазіргі заманғы тенденциялар мен перспективалар» атты ғылыми-тәжірибелік конференция тізгінін тарих ғылымдарының кандидаты Нұрсахан Бейсенбекова мен осы қара шаңырақтың басшысы Ержан Нұрланұлы ұстады. Онда Астанадағы Ұлттық музейдің жетекші мамандарынан бастап, Қарағанды облысындағы және жоғарыда аталған облыстар мен қалалар музейлерінен келген басшылар мен бөлім меңгерушілері бүгінгі таңдағы мұражай істеріне қатысты ортақ мәселелердің түйінін тарқатты.
Кенжебай МҰҚЫШЕВ, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы:
– «Қазақстан бойынша өтіп жатқан музейаралық мерекелердің ішіндегі Қарағанды облыстық мұражайының шарасын ерекше атап өтуге болады. Біріншіден – 85 жыл үлкен мерзім. Екіншіден, Арқа өңірі – ел өмірінде ертеден маңызы зор, оның үстіне тарихи, көне жәдігерлерге бай атырап. Соған орай, ғимараты да тамаша. Тіпті, шетел қонақтарында ұялмай аралататын мұражай дер едім».
Жәнібек ӘЛИМАН