Ұлттық киім – ұлттық рухтың айнасы
Елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелеуде мұғалім үлесінің қаншалықты екенін айтпаса да белгілі. Оқушысына біліммен қатар, патриоттық рухта тәрбие беру де – дәл осы мектеп мұғалімінің міндеті. 25 қазан – Республика күні қарсаңында Қарағанды қаласындағы С.Сәттаров атындағы мектеп-лицейінің мұғалімдері челлендж ұйымдастырып, бір күн бойы қала көшелерінде ұлттық киіммен жүріп, қарағандылықтарға ұлттық тағамдар таратты.
– Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында мектеп ұстаздары, оқушылар және ата- аналардың ұсынысымен осындай шара ұйымдастырдық. Одан бөлек, Республика күні қарсаңында «Ұлттық киім – ұлттық рухтың айнасы» деген ұранмен барлығымыз мектепте бір апта бойы ұлттық киімде жүрміз, – дейді С.Сәттаров атындағы мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзат Жапабаева.
Түлкі тымақ, саптама етікте айбынын асқақтатқан ер ұстаздар, үкілі тақия, қос етек көйлекте қырдың қызғалдағындай киінген жас мұғалімдер алдымен «Таир» сауда орталығында болды. Осы жерде ұлттық әндерді орындап, сауда үйінің келушілеріне бауырсақ таратты. Одан кейін «Әлем» сауда үйіне де бас сұқты.
– Ұлттық киім киген бір топ мұғалімдерімізді қарағандылықтар да жылы қабылдап, ерекше ілтипаттарын білдірді. Республика күнінде ғана емес, мектепте үнемі ұлттық нақыштағы киім киіп жүруді әдетке айналдырсақ деген мақсатымыз да бар. Қазірдің өзінде оқушыларымыз бірыңғай ұлттық киімде. Яғни, әр сыныптың киімдерінің өздеріне тән ерекшелігі бар, – дейді Гүлзат Жапабаева.
С.Сәттаров атындағы мектеп-лицейінің мұғалімдері аталған челленджді облыс орталығындағы өзге мектептерге де жолдағандарын айтады.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz