Ұлттық киім – ұлт бейнесі
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Сан ғасырлар бойы қазақтың ұлттық киімі қарапайымдылығымен және көркемдігі мен қайталанбас өрнектерімен ерекшеленеді.
Ғасырлар бойы қазақтың ұлттық киімі қарапайым әрі әдемілігімен ерекшеленіп келді. Ұлттық киім үлгісінде пайдаланылатын былғары, жүн, киіз, мата сияқты табиғи материалдар адамға жылулық пен жайлылық сыйлаумен қатар, киім иесінің атақ-дәрежесін, байлығын көрсететінін де айта кеткен жөн.
Бүгінде ұлттық киімдер ерекше дәріптеліп жүр. Бұрын ұлттық нақыштағы киімдер мен этно әшекей-бұйымдар саудасы тек Наурыз мерекесінде ғана жанданатын. Қазір жасы да, жасамысы да күнделікті шапан мен камзол киіп, этно бұйымдарды тағып жүреді. Көбіне шапандарды танымал кісілерге ізет ретінде иығына жауып жатады. Бұл да болса, ұлттық киімге деген құрмет деп білеміз.
Ұлттық киім күні бұл салада жаңашыл көзқараспен шығармашылық тұрғыда дәстүр мен стильді ұштастыруға ынталандыратын түрлі фестиваль, байқаулар ұйымдастыруға мүмкіндік беріледі. Мұндай іс-шаралар ұлттық мәдениетті сақтауға және насихаттауға септігін тигізіп, халық мұрасының маңыздылығын еске түсіріп, бірлігімізді арттыра түседі деген үміт бар.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz