Жаңалықтар

Ұлттық кадрда ұпай жоқ

Қазір кәсіби маман қат. Жалқы емес. Жалпысы сондай. Қоғамда зәрулік. Ол зәрулік кәсіби аштыққа апарып соқты. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейтін ұстаным бұл күні ұран емес. Қарға адымдайтынымыз содан, сірә?! Алшаңдай алмаймыз. Уақ-түйекті айтпағанда, стратегиялық маңызды нысанда да бар мұндай тапшылық. Мәселен, жол құрылысы. Небір тақтайдай тас жолды өзіміз салмағанымыз ешкімге құпия емес. Түрік, қытай, итальяндық келмесе, не етер едік? Олар компьютердің құлағында отырып-ақ, құрылыс жүргізгенде, біз күн сасып, күрек ұстап жүргенімізге «шүкір» дедік. Салып бергенді күтіп ұстауда да көрім қылғанымыз шамалы екен. Өйткені, тағы маман жоқ. Жолдың қатпар-қатпарын аршыған инженер түгілі, анау автогрейдер, экскаватордың пультін ақылмен басатын тұлымды ұл жоқ көрінеді. Бұл техникаларыңыз бұрынғының балғалап жүргізетін шынжыр табан тракторы, я маймай болып, асты-үстіне түсетін апайтөс «кәсемсоты» емес. Бәрі компьютерленген. Тіпті, «костюм-шалбар киіп, галстук тағып, жүргізетін техника» дейді жол құрылысының ардагері Алматай Жұмағалиұлы. Олай болса, маман неге жоқ?

Себебі, соңғы жылдары жекеменшік компаниялар салдарынан тек маусымдық сипат иеленген жол жұмысы. Содан кәріден бұрын жастың көңіліне күмән ұяласа керек. Қарапайым автогрейдердегі пультке ие жұмысшыға миллион теңге жалақы аталды. Мойын бұрмады ешкім. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» компаниясы осы бір мәселені жоймаққа кейінгі жылдары жаңа бағдарлама бастаған. «1000 мектеп» аталған. Қарағанды филиалының басшысы Айбол Бидайбековтің айтуынша, кейінгі екі жылда облыстағы біраз мектепке арнайы барған. Оқушылармен жүздескен. Жол мамандығына шақырған. Үндеген. Оны білер бала бар ма? Селт етіп біреуі шықпапты…

«1000 мектеп» пен немқұрайлылық

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-нің басшысы Замир Сағыновтың бастамасымен 2019 жылы Қазақстан бойынша кәсіпорынның 17 филиалына «1000 мектеп» бағдарламасы бекітіліпті. Ондағы мақсат – мектептегі оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беру. Осы орайда Қарағанды филиалы 2019 жылы аудан, қалалардағы 37 мектеп, колледжді аралаған. Алайда, барған сапарларының нәтиже бермегеніне қынжылады Айбол Жасұйымұлы. Өйткені, мектеп оқушыларында ынта-ықылас жоқ.

«9-10-11 сынып оқушылары бірде-бір сұрақ қоймады. Балалар өзінің қай салада бағын сынайтынын, қандай оқуға баратынын білмейді. Бұл, меніңше, немқұрайлылық. Өзіміз мектепте оқығанда үлкендердің бағыт-бағдарына ден қоятын едік. Бүгінгі балалардың мынадай бейжайлығы қынжылтады», – дейді Айбол Бидайбеков.

Былтыр індетке байланысты мектептегі кездесулер онлайн форматта 17 білім ошағында өткен. Филиал басшысының айтуынша, биыл да жалғасады. Бұл бағдарламаның діттегені – жол саласында ұлттық кадрлар даярлау. Дегенмен, үлкен былай тұрсын, баланың бойындағы мынадай немқұрайлылық ол мақсатқа алдағы он жылда жете жетер-жетпесіміздің күдігін одан әрі қалыңдата түсетінін несіне жасырайық…

Жолдағының тең жартысы – шетелдік

Мамандардың сөзінше, жол құрылысында инженер-техника мамандары тапшы. Инженер-құрылысшы, инженер-геодезист, инженер-топограф, автогрейдерші, асфальт төсеуші, экскаваторшы секілді маман жоқ. Күрмеулі мәселені шешу үшін облыс әкімдігі де жұмылдырылған былтыр. Сөйтіп, жұмысшы мамандығы негізінде 450 маман қайта даярлау курсынан өткен.

Ал, жалпы, елде жол құрылысының жілігін шағатын жоғары білімді маманды 30-ға жуық жоғары оқу орны даярласа керек. Сонымен қатар, 50 колледж де арнайы техникалардың мамандарын оқытып шығара алады. Бірақ, сөйте тұра жол құрылысында зәрулік жойылған жоқ. Айталық, бүгінгі таңда жол жөндеуде түрік, Қытай, Италия компанияларының мамандары жүр.

«Былтыр жол құрылысына 4 мың шамасында адам тартылды. Оның көбісі – шетелдік компания мамандары. Өйткені, бізде ондай мамандар тапшы. Арнайы автогрейдерге, асфальт төсеушіге, экскаваторларға да шет елден келіп отыр. Елде мамандар болғанымен, өте аз. Қайта даярлаудан өткізген 450-500 облыс тұрғындары тартылған. Бірақ, ол сұранысты толық өтей алмайды. Сол себепті, компаниялар еріксіз өзінің адамдарын әкелуге мәжбүр. 2020 жылы «Қазавтожол» ұлттық компаниясының басқарушы директоры «Ашық алаң» бағдарламасында «Алматы, Өскемен жол құрылысына көп мамандар жетіспейді. Автогрейдер жүргізушісіне компаниялар, егер жақсы маман болса, 1 миллион теңге айлық төлеуге дайын», – деп мамандарды жұмысқа шақырғаны бар-тын. Міне, байқағаныңыздай, жол саласының мамандарына сұраныс күшті. Осы орайда ұлттық кадрларды тарту жөнінде үлкен жұмыстар атқарылуда, атқарамыз да», – дейді Айбол Бидайбеков.

Қарағанды да маманға қарық емес

Осы күні Қазақстанда жол басқармаларына, қала, аудан бөлімдеріне 1590 маман жетіспейді деген дерек бар. Олардың орнын жолға үш қайнасы сорпасы қосылмайтындар толтырған. Мысалы, облыстық жол-көлік басқармасы мен Қарағанды қаласының жол бөлімінде ғана жол құрылысының инженерлері бар. Басқа қала-аудандар білікті мамансыз. Кездейсоқ келгендер жүр. Мұның барлығы жолды жоспарлаудан бастап, оның сапалы салынуына дейін ықпал етеді. Жолдардың кейде шашылып-төгіліп қалатыны да осыдан ба, кім білген?!

 

Мәселенің төркіні – әріде

Жол құрылысы саласының ардагері Алматай Жүнісов жол саласындағы жұмысшы мамандардың тапшылығын олардың келешегінің жоқтығымен байланыстырады.

«Қазір жол құрылысы мамандарында келешек бар ма? Жекеменшік компаниялар оларды 2-3 айға ғана қабылдайды. Одан соң айлық төлемей қояды. Оған қоса, жолда жағдайлары да жоқ. Бұрын вахталық әдіс дегенде, басқа жақтардан көптеген механизатор келіп, жұмыс істейтін. Ол кезде арнайы вагондарда түгел жағдай жасалатын. Моншасы, жататын орны, төрт уақыт тамағы. Мұның сыртында, шипажайына да жіберіп қоятын. Мұның бірі де жоқ қой осы күні. Содан кейін кім барады онда? Бұрын біліктілігін көтеруге арнайы курстан өтетін. Бұл күні техниканың бәрі бұрынғыдай емес. Компьютерленген. Қытайдыкі, Американыкі, Германияныкі. Ол техниканың ішінде, тіпті, галстукпен отыруға болады. Баяғыдай май-май болып жүретін емес. Бірақ, оған оқытатын адам жоқ. Оның үстіне, келешексіз. Бүгін бар, ертең жоқ жұмыс. Содан елдің бәрі заңгер, экономист, әнші болғысы келеді», – дейді Алматай Жұмағалиұлы.

Түйін

Осы күнге дейін жылдар бойы жағымыз талмай жолдың жыртығын айтумен шектелдік. Арғы жағында ұлттық кадрсыз ұпайын түгендей алмай жүрген жол жатыр. Бұл саланың «бас сақинасын» емдеуді ойлағандар сирек. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, мәселенің томардай түйіні – осында екен. Тарқатылса, біраз шимай да шешілетін секілді. Ол үшін бүгінгі жас жол құрылысының келешегіне сенуі керек. Болашақтың бекемдігіне көздерін жеткізу – жоғарыдағыларға сын. Жас буынға қолындағы автогрейдердің ғана емес, болашақтың пульті екенін ұғындыруы тиіс.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button