Руханият

Ұлттық күнтізбенің тұсауы Алматыда кесілді

Qazaq club жанындағы Ұлт құндылықтарын сақтау және насихаттау орталығының бастамасымен 2024 жылға арналған Ұлттық күнтізбе жарыққа шыққан болатын. Аталмыш күнтізбенің тұсауы Алматыдағы Ұлттық кітапханада кесілді. Ұлттық күнтізбенің лентасын Qazaq club-тың Қазақ тілі күнін өткізу комитеті мен ақылдастар алқасының төрағасы, ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек және Qazaq club-тың Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Қонай Садықұлы мен ақын Жұмаш Көкбөрі кесті. Жиынға ғалымдар мен қоғам белсенділері, әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің студенттері мен оқытушылары қатысты.

Суреттер: Н.Сұршаұлынан

2019 жылы «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының бастамасымен Қарағанды қаласында Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесінің тұсауы кесілген болатын. Күнтізбені шығарудағы басты мақсат – ұлт құндылықтарын сақтау және оларды қоғамда тұрақты насихаттауға жол ашу еді.

Күнтізбедегі атаулы күндер тарихи тұлғалар мен ұлттық тарихымыз үшін құнды даталармен байланысты. Қазақ күнтізбесінде 46 атаулы күн болса, оның 27-сі тарихи тұлғалардың туған күндері мен олар қатысқан тарихи даталармен байланысты. 8-і – тарихи оқиғалар көрініс тапса, қалғанынан салт-дәстүр, қазақ өнері, ұлттық тағамдар, ұлт қайраткерлерінің еңбегі, ұлттық ойындар, туған жер мерекелері көрініс табады.

Шараның өтуіне Qazaq club-тың Алматы қаласы бойынша филиалының төрағасы Қонай Садықұлы мұрындық болған. Қонай Садықұлы өз сөзінде «Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесін» әзірлеудегі мақсат-міндеттер жайлы айтып, жұртшылықты Qazaq club және Ұлт құндылықтарын сақтау және насихаттау орталығының жұмысымен таныстырды.

– Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесі» халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртуға қызмет етеді. Ол жас ұрпаққа тәрбие беру жұмыстарында, ұлт қазынасын тұрақты түрде насихаттауға және ұлттық насихатты жүргізуді мақсат тұтатын идеологиялық шараларды ұйымдастыруда таптырмас құрал болып табылады. Күнтізбенің басты ерекшелігі оның ұлттық тарих пен салт-дәстүрмен терең үндесіп жатқанында. Биылғы жылға арналған Қазақ күнтізбесі «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының «Qazaq club» қаржылай қолдауымен жарыққа шықты. «Алдағы уақытта Ұлт құндылықтарын сақтау мен насихаттауға бағытталған Қазақ күнтізбесін насихаттау мақсатында арнайы акция бастау алатын болады, – деді күнтізбе авторы Нұржан Сұршаұлы.

Шараға қатысушылардың қатарында Алматы облысы Іле ауданы «Дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының Аналар кеңесінің мүшелері шашу шашып, ардагер ұстаз «Ұлы дала Анасы» орденінің иегері, батагөй ана Шәрипа Малғаджарқызы, Ардақты ұстаз, Аналар кеңесінің төрайымы Айнагүл Деңгелбайқызы да болды. Жиында сөз алып, жиналғандарға ақ батасын берді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button