Жаңалықтар

Ұлттық халық санағы: болашақты бағдарлайтын сәт

Халық саны бойынша еліміздегі өзге қалалармен салыстырғанда шамамен жарты миллионға тарта тұрғынмен төртінші орынға шыққан облыс орталығы – Қарағанды да санақтың бастапқы, яғни, онлайн режимін аяқтады. Ал, жалпы облыс бойынша бес жүз мыңға тарта адам интервьюерді күтпестен, өздігінен, яғни, онлайн түрде санаққа қатысқанын көрсетеді ресми деректер. Облыстық статистика департаментінің бұған дейінгі ақпараты бойынша, өңірде интернет-сауалнамада көшбасшылар үштігі анықталды. Бұл Ұлытау және Нұра аудандары мен Приозерск қаласы.

Қазір халық санағы аясында сауалнама жалғасуда. 1 қазаннан 30 қазанға дейін интервьюер онлайн-режимде санақтан өтпеген тұрғындарға санақ парақтарын толтыру үшін тұрғын үй-жайларды аралайды. Sanaq. gov.kz сайты 15 қазаннан онлайн сауалнамадан өту үшін жабылды. 1744 адам, оның ішінде 226 нұсқаушы-бақылаушы және 1518 интервьюер үй-жайларды аралауды бастап кетті. Облыс өңірлері бойынша Ұлытау ауданы көш бастап тұр. Онда халықтың 57,8%-ы интернет-сауалнамадан өтті. Сондай-ақ, Нұра ауданы 46,5% және Приозерск қаласы 44,8%-ды құрады. Шахтинск және Қарағанды қалаларының тұрғындары онлайн-сауалнамадан өтуде енжарлық байқатты. Яғни, тұрғындардың шамамен 33%-ы ғана онлайн түрде өтті, – деп хабарлады облыстық статистика басқармасы.

30 қазанға дейін интервьюерлер тұрғын үй-жайларды аралап, тұрғындардан сұхбат алып, планшеттерге жауаптарды тіркейді. Онлайн-санақтан өткендер бұл туралы интервьюерге хабарлап, олар болса, планшетте хабарлама нөмірін тіркейді және отбасының мүшелерінің барлығы санақтан өткеніне көз жеткізеді. Егер хабарлама нөмірі болмаса, санақ парағын толтыруға міндетті. Санақ персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, интервьюермін деген желеумен алаяқтық және басқа да қылмыстық іс-әрекеттер жасаушылардың жолын кесу мақсатында санақ персоналы мен полиция органдарының санақ жүргізу кезеңіндегі өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Бұл өз кезегінде интервьюердің де, тұрғындардың да қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жалпы, ресми деректер жастарға қарағанда, егде жастағы тұрғындардың санаққа қатысуға белсенді екенін көрсетеді. Екінші дәрежелі Отан соғысы орденінің, «Ерлігі үшін» медальінің, «Құрмет» орденінің және мерейтойлық медальдардың иегері, 99 жастағы ақсақал Бүркіт Есжанов

«Санақ болашағымыз үшін маңызды» дейді. Санақ нәтижелері түрлі әлеуметтік-демографиялық топтардың жағдайы туралы ақпарат береді және әлеуметтік саясатты іске асыруға арналған қаржылық шығындарды бағалау үшін қажетті көрсеткіштерді есептеуге мүмкіндік береді. Халықтың саны мен құрамы туралы ұзақ мерзімді болжамдарға негіз болады. Мемлекетте қандай проблемалар бар екенін түсіну үшін санақ қажет. Нәресте өлімі, тұрғындардың табысы, тұрғын үйдің жетіспеушілігі сынды сұрақтардың барлығы санақ парақтарында. Оларға жауап бере отырып, қазақстандықтар мемлекеттің шаралар қабылдауы үшін елдегі нақты көріністі көрсете алады, – дейді Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің респонденттер мен әкімшілік дереккөздерге қатысты бақылау басқармасының басшысы Никита Бурмистров.

Сұрақ демекші, қазақстандықтар бұған дейінгі онлай-сауалнамадағы сұрақтардың бірқатарын артық деп санап, наразылық танытқан болатын. Бірақ, Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкеловтің айтуынша ол сұрақтардың барлығы халықтың әлеуметтік ахуалын анықтауға бағытталған және ақпарат құпиялығы толық сақталады. Үй шаруашылығына, тұрғын үй жағдайына қатысты сұрақтар бар. Халықтың көші-қоны, сондай-ақ, індеттің табыс деңгейіне, коронавирус жұқтыру және вакцинаның әсері туралы жаңа сұрақтар енгізілді. Жұмыспен қамту, тіл меңгеру, неке жағдайы және бала туу сұрақтары кеңей тіліп қойылады, – деген болатын Нұрболат Айдапкелов.

Қазақстан халық санағы бұрынғы КСРО құрамында 1959, 1970, 1979 және 1989 жылдары өткенін айту керек. Тәуелсіз Қазақстанда бірінші ұлттық халық санағы 1999 жылы, екіншісі 2009 жылы өтті. Санақтың сол кездегі ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасының Статистика агенттігі.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button