Ұлттық болмыстың ұлы өлшемі
Сөз – адамзатқа берілген ең ұлы аманаттың бірі. Ол көзге көрінбейді. Бірақ, жүрекке жетеді, қолға ұсталмағанымен, тағдырға әсері бар. Осы құдіретті күш әрі асқан энергияның адамды рухтандырып, жігерлендіретін, үміт отын жағып, қияға қанаттандыратын әсері орасан. «Рахмет» деген бір ауыз жылы сөз көңілдің қысын көктемге айналдырса, бір ауыр сөз жанды жаралап, өмірлік із қалдыруы мүмкін. Содан да болар, халқымыз сөздің киесін сезінген. Ал, сол игі сөздердің ішіндегі ең асқағы, ең биік шоқтығы – Алғыс айту.

Алғыс айту тек әдептілік белгісі ғана емес, адамдықтың айғағы, рухани мәдениеттің шынайы өлшемі, мейірімнің мәйегі мен сүйіспеншіліктің сәулесі іспетті. Дүниетанымымызда шүкіршілік пен алғыс егіз ұғым саналады. Жаратқан ие берген нығметке шүкір еткен жан айналасындағы адамға да шынайы ризашылық білдіре алады. Керісінше, өзгенің еңбегін бағалай білмеген жүректе мейірімнің тамыры да әлсіз. Халық даналығының «Алғыс алған арымас, қарғыс алған жарымас!» деп кесіп айтуында да үлкен философиялық астар жатыр.
Қазақ ұғымында «алғыс» пен «қарғыс» – метафизикалық қуаты бар күштер. Бір-біріне қарама-қайшы болғанымен, екеуінің де салмағы тең. Алғыстың энергиясы жарық: ол адамға дем беріп, тас жапқан жолдарды ашады. Сондықтан, бабаларымыз «Батамен ел көгерер!» деп, ұрпағының алғыс алуды мұрат тұтты. Сөз қуатына негізделген осы игі дәстүр бүгінде мемлекеттік деңгейде маңызға ие болып, күнтізбеде ерекше орын алды.
Соның айқын дәлелі – 1 наурыз күні атап өтілетін Алғыс айту күні. Бұл мерекенің шығу төркіні тереңде жатыр. 2016 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орай белгіленген бұл күн – тарихтың ауыр кезеңдеріндегі бауырмалдықтың символы. ХХ ғасырдың қилы замандарында тағдырдың жазуымен қазақ даласына қоныс аударған түрлі этностардың басына күн туғанда, соңғы үзім нанымен бөліскен қазақ халқына деген шексіз құрметі осы мереке арқылы көрініс табады. Бұл – татулық пен сыйластықтың салтанат құруы.
Мұндай ұлттық деңгейдегі ризашылық мәдениеті, ең алдымен, қарашаңырақ – отбасынан бастау алады. «Рахмет» деген қарапайым сөз жүректің қатпарларын жібітеді. Әкенің қамқорлығына, ананың мейіріміне, ата-әженің ақ батасына білдірілген ризашылық – нағыз тәрбиенің бастауы. Отбасынан басталған осы игі қасиет қоғамның өзге салаларына ұласады: ұстазға айтылған алғыс – білімге құрмет, досқа айтылған ризашылық – адалдық, ал әріптеске білдірілген ілтипат – ортадағы сенімді нығайтатын алтын көпір.
Бүгінгі таңда біз бейбіт аспан астында еркін тыныстап, егемен ел болып отырғанымыз үшін де алғыс айтуға тиіспіз. Тәуелсіз мемлекетіміздің әрбір жетістігі – әр азаматтың қосқан үлесі мен еңбегінің жемісі. Әсіресе, адам өмірінің арашасы болып жүрген дәрігерлерге, тыныштықты күзеткен полиция қызметкерлеріне, тілсіз жаумен арпалысқан өрт сөндірушілер мен сарбаздарға алғыс айту – азаматтық парызымыз. Олардың күнделікті елеусіз көрінетін еңбегі біздің тыныш өміріміздің тірегі болып табылады.
Алғыс – әлсіздіктің емес, кемелдіктің, ішкі кеңдіктің белгісі. Рухани биіктікке ұмтылған жан ғана өзгенің жақсылығын көре алады. Қоғамда алғыс көбейген сайын адамдар арасындағы сенім артып, бірлік нығаяды. Сөз – энергия болса, алғыс – сол энергияның ең жарық түрі.
Алғыс айту күні – күнделікті өмірлік ұстанымға айналуы тиіс құндылық. Жақсылықты көре білу, оны бағалау, ризашылық білдіру әрқайсымыздың қолымызда. Себебі, мейірім мен алғысқа толы қоғам ғана жарқын болмақ.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



