Білім

Ұлттың батыр ұланы

Үшарал ауылындағы Қ.Нұржанов атындағы саябақта Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында «Ұрпақтар жалғастырады» тақырыбында мәнерлеп өлең оқу сайысы өтті.

Сурет stopfake.kz

«Ұрпақтар жалғастырады» мәнерлеп өлең оқу сайысына Қ.Нұржанов және Ә.Болғанбаев атындағы мектептен 15 оқушы қатысты. Сайысқа қатысқан оқушылар ұлттың батыр ұланы Қазыбек Нұржанов жайында өлеңдермен бірге жеңіс, соғыстың зардаптары туралы жырларды мәнерлеп оқып, келген қонақтар мен ауыл тұрғындарын таңдандырды. Сайыстың жеңімпаздарын Қ.Нұржанов ұрпақтары атынан заң ғылымдарының кандидаты Дархан Өзбекұлы ақшалай сыйлықтармен марапаттады.

Сайысқа әр оқушы жауапкершілікпен қарап, үлкен дайындықпен келгендері көрінді. Қ.Нұржанов атындағы орта мектепті бітіргендеріне 50 жыл болған түлектері кештің қонақтары болды. Батыр саябағына раушан гүлдерін отырғызып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Клуб меңгерушісі Фариза Айдарханова «Ана туралы баллада», Аянат Төлеутайдың «Ер Қазыбек» әндері көрермен жүрегінен орын алып, шараның көркін ашты.
Бейбіт күн сыйлаған, қайсар рухтың, Отанға деген аста-төк ғажап махаббаттың үлгісі болған Қазыбек атамыздың ерлігі ұрпақ үшін тәрбие болып қала беретінін сайысқа қатысқан әрбір жас қатысушы түсінді. Батыр атамыздың ерлігіне марқайып, мәңгі естерінде сақтайтындай мақтаныш сезіммен қайт­қаны әр баланың жүзінен көрінді. Келешекте Кеңес Одағының Батыры Қазыбек Нұржановтың саябағы тәрбие орталығына айналып, жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятады деген сеніммен тарқады көрермен қауым.

Шолпан НҰРЖАНОВА,
М.Жұмабаев атындағы гимназияның математика пәні мұғалімі

Басқа материалдар

Back to top button