Жаңалықтар

Ұлттың басты тұғыры

Адамзаттың өміріндегі тұңғыш мектебі – отбасы. Бұл, әсірелеу емес. Шындық сондай. Ал одан кейінгілері адамның Абай айтқан «толық адам» болуына ықпал ететін факторлар. Негіз – осы отбасынан басталады. Ұяда көрмегенді қанат қатайғанда ешкім адамның жанына байлап бермейді және байлап берген күнде де оны алып әрі ұша алмайды. Бұл – заңдылық. Өйткені, шыр еткеннен бойға сіңбеген соң буын қатып, бұғана бекігенде жұғысты болмайтынын өмірдің өзі көрсетіп келеді. Сондықтан да отбасы құндылығы қазір қоғамда баса мәнді иеленді. Ұлт боп, ұюдың төркінінде осы отбасы, ошақ қасы тұр. Отбасының босағасы берік, шаңырағы биік болмайынша, сау қоғам құру мүмкін емес. Қоғамда «толық емес отбасы» деген термин кейінгі жылдары қалыптасып, соңғы уақытта құлаққа сіңісті боп барады. Ұлт үшін қорқыныштысы да осы. Отбасында құндылықтың қадір-қасиетін білмеген бала ертеңгі күні бүкіл елдің қамын жейтініне сенім кем.

 

Философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай отбасындағы құндылықтың орны туралы ұдайы жазды. Ондағы үштік – әке, ана, бала одағының беріктігіне ғалым философиялық әрі діни тұрғыда зер салған-ды. Қазақтың дала философиясына жүгіне отырып, отбасындағы бүгінгі құндылықтарды жіліктеді де. Құндылықтың жалпы адам өміріндегі орнын екшеп берді. Ғалым, құндылықтың өз алдына қазына, қор, тәжірибе, таным екенін айтады. Соның ішінде, ұлт болып тұруда отбасы – басты тұғыр дейді ғалым.

Қазақта «Ата көрген, оқ жонар, Шеше көрген тон пішер», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Кішіге ізет, үлкенге құрмет», «Атаға не қылсаң, алдыңнан сол келеді», «Туғанында көрмеген, өлгеніңде жыламайды», «Әкеге қарап, ұл өсер, шешеге қарап, қыз өсер», «Қызым үйде, қылығы түзде» деген сияқты көптеген өлшемдер бар. Осы өлшемдерге қарап отырсаңыз, бар мәселе отбасынан басталады екен. Ұлт тіршілігінде, болашағында отбасы ең – басты тұғыр.

Осы тұғыр ата, әже, әке, шеше, аға, іні, әпке, қарындас, жеңге, келін, жезде, күйеу, нағашы, жиен, құда, туыс, туажат, жекжат болып кете береді. Аталған алғашқы он тұғыры отбасының ішкі қабаты да қалғаны сыртқы қабаттарын құрайды» дейді ғалым. Міне, осы қабат-қабат қаттама құндылықтардан көз жазу – адамның өзінен көз жазумен пара-пар.

Жалпы, жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған қазаққа батыстың бейәдеп әдеттері әуелден жат еді. Бұл – жібекке жамау жапсырғандай кеп. Дегенмен, заман өзгерген соң адам да өзгерді. Содан да болар, құндылықтардың салмағы азайып, таразысы талай тартыста тең түспей жүр.

Ашық ресурстардағы деректерге жүгінсек, ондағы мәліметтер отбасылық өмір салтының құлдырап, құнсыздануы жалпы әлемдік тенденция екенін айтады. Алғашқы ондыққа енетін елдердің басым бөлігі экономикасы дамыған Еуропа елдері екен. Зерттеушілер, тіпті, дәстүрлі құндылықтарын берік ұстанатын мұсылман елдеріне де бұл індеттің кең тарай бастағанын айтады.

Қайта әлемдегі ең дамыған елдің қатарына ене отырып, өз салты мен дәстүрін, рухани құндылықтарын, отбасындағы мәдениетін сақтап отырған Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдерге еліктегеніміз жөн болар. Қандай бай, қаншалықты биік дәрежеде тұрса да, иіліп сәлем салып тұрған, жымиып байсалдылық танытқан жапондық, не корей азаматын көріп тұрып, таң қаласың» деп дабыл қаққан еді кезінде халық қалаулылары. Ол дабыл әлі жаңғырық күйінде.

Мына іргедегі ала тақиялы көршілеріміз өзбектерде некенің бұзылуы 10 пайыздан ғана аспайды екен. Тұрмыстың тауқыметін тартып жүрген елдің бірі осы. Халқы шет ел асып, тамақ асырап кететіні мәлім. Отбасын асырау үшін. Бірақ сонда да ажырасу өте төмен. Сол жақтағы ағайындардың айтуынша оларда тұрмыс-тауқыметінен бұрын ар-намыс, ұрпақ тағдыры маңыздырақ екен. Бізде ше?! Ойланатын жағдай. Көйлегіміз көк, қарын тоқ болса да, әйтеуір, шаңырақ шайқалу жиі.

Әр елдің бұл мәселенің алдын алу үшін қоғамдық деңгейде көтерген бастамалары мен мемлекеттік бағдарламалары бар. Бұл – шаралардың басым бөлігі отбасыларға кәсіби деңгейде психологиялық кеңес беріп, көмек көрсете алатын орталықтардың санын көбейтіп, сапасын көтеруге бағытталады екен. Ал біздің елде осындай отбасылық орталықтар бар ма? Бар болса, сол орталықтар жұмыла көтеретін жүк – осы.

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button