Жаңалықтар

Ұлттық баспасөз: үйлесім мен өзгеріс

Масс-медиа күніне орай қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші-ғалым, медиатренер Мейрамхан Жәпек ханыммен сырлы сұхбат өрбітіп, ұлт баспасөзінің тарихы мен бүгінгі даму үрдістерін терең талдауға харекет еттік. Мейрамхан Сағынқызы ұлттық журналистиканың маңызын, оның рухани құндылықтарды сақтаудағы рөлін жан-жақты саралап, жаңа медиа дәуірінде ұлттық идеяны насихаттаудың тиімді жолдарын қоса ұсынды. Бұл соны ойлар әл-әзіргі қазақ баспасөзінің болашағына көз жүгіртіп, жастарға бағыт-бағдар береді. Туабітті болмысымызды сақтауға, руханиятымызды өркендету жолына желі тартқан әсерлі әңгіменің куәгері болыңыз, мәртебелі оқырман…

Сурет Мейрамхан Сағынқызының жеке мұрағатынан

– Қадірменді Мейрамхан Сағынқызы, саналы ғұмырыңызда қазақ баспасөзінің қарлығаштары – «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты», «Қазақ» газеті сынды ұлт үнжариясын терең зерделеген санаулы жандардың қатарындасыз. Әңгімеміздің әлқиссасын осы тұстан бастасақ. «Бұрынғы мен бүгініміз» үйлесімді ме?

– Қазақ баспасөзінің тарихы мен оның дамуы, әсіресе «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты», «Торғай газеті», «Серке», «Қазақ», «Қазақстан», «Бірлік туы», «Өртең», «Жас Алаш», «Ақжол», «Сарыарқа», «Қазақ тілі», «Ұран», «Алаш», «Жас азамат», «Жетісу», «Тіршілік», «Ұшқын» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттері мен қолжазба «Садақ» журналы мен «Айқап», «Шолпан», «Сана» журналы және де басқа басылымдар арқылы ұлттық сана мен мәдениеттің қалыптасуына айрықша әсер етті.

Дегенмен, баспасөздің, публицистиканың бастауы тым әріде жатқаны ақиқат. Оған бір ғана Тоныкөк, Күлтегін заманында, Орхон Енесай жазбаларында Білге қағанның: «Мен бай халыққа хан болып отырмадым. Ішерге тамағы, киерге киімі жоқ, аянышты, төмен халыққа хан болып отырдым. Сонша құрап, біріккен халықтарды от пен су етпедім, олармен тіл табысуға ұмтылдым. Адал халқы мен адал қоғамы бар жерде мен жақсылық жасадым. Әлемнің төрт бұрышындағы халықты бейбітшілікке шақырдым, жауластырмадым, олардың бәрі маған бағынды» деген ұстын сөздері дәлел.

«Бұрынғы мен бүгініміз» үйлесімді ме?» деген сауалыңызға оралар болсақ, қазіргі мен бұрнағы баспасөздің арасында көптеген ұқсастық мен айырмашылық бар. Бастабында баспасөз ұлттық мүддені қорғау, халықтың білімін арттыру және мәдениетті насихаттау мақсатында қызмет етті. Жоғарыда аты аталған басылымдар сияқты қазіргі қазақ баспасөзі де ұлттық мүддені көздейді. Сонымен қатар, өткен мен бүгінгі қазақ баспасөзі әрқашан саяси пікірлер мен қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтеріп, халықтың өз даусын жеткізуге тырысты. Ал, өткен кезең мен бүгінгі күннің арасындағы айырмашылық ретінде, интернет пен цифрлық технологиялардың дамуы баспасөздің таралуын және ақпараттың жылдамдығын арттырғанын айтуға болады. Сондықтан да, қазіргі баспасөз мультимедиялық контент, әлеуметтік желілер, интерактивтілік сияқты жаңа форматтар арқылы таралды, яғни, баспасөз мазмұндық тұрғыда байыды. Осы заманғы технологиялар мен медиа құралдары баспасөздің форматын, мазмұнын және аудиториямен байланысын өзгертуге мәжбүр етуде.

Қалай болғанда да бұрынғы мен бүгінгі баспасөздің негізгі мақсаты – халыққа қызмет ету, ұлттық құндылықтарды сақтау әрі дамыту.

– Қазақ баспасөзі ұлттық идеяның, тәуелсіз рухтың алтын діңгегі болды. Ал, қазір заман өзгерген тұста бұл идея қалай жалғасын табуда? Жаңа медиа дәуірінде ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда нені ескергеніміз жөн?

– Қазақ баспасөзі, әсіресе «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты» және «Қазақ» газеттері ұлттық сана мен тәуелсіздіктің негізін қалаған. Алдыңғы екі басылым патша саясатын бұқараға насихаттаушы ретінде жарыққа шыққанымен, озық ойлы азаматтардың жетекшілігімен ұлт санасын оятуға өлшеусіз үлес қосты. Бұл басылымдар арқылы халық ауыз әдебиеті, батырлар жыры, дастандар, қисса-жырлар кеңінен насихатталды. Ертегілердің қаһарман кейіпкерлері, аңыздардағы қисынды ғақлиялар, от ауыз, орақ тілді би-шешендеріміздің өнеге сөздері арқылы Еркіндік, Азаттық, Тәуелсіздік тақырыбы ашық айтылмаса да там-тұмдап санаға сіңірілді. Мәселен, бір ғана «Дала уәлаятының газеті» «Бақыт деген не?» деген аңызда абақтыда отырғандардың қиялына ерік береді. Бір тұтқын «сұлу әйелі бар адам бақытты» дейді, келесісі «берен мылтығы, қыран бүркіті бар адам бақытты», енді бір тұтқын «бай адам бақытты» деп сөз таластырады. Сонда олар дауласып-дауласып, бір-бірін сөзбен жеңе алмасын біліп, сөзге араласпай өзімен өзі отырған адамнан сұрайды, әлгі адам: «басында азаттығы бар адамнын бақытты пенде жоқ шығар» деп айтады. Дауласқандар мұның сөзінің шындық екенін қолдап-қуаттайды. Міне, осы аңыз арқылы газет қалың оқырманға Азаттық, Теңдік, Еркіндік ұғымын сіңіреді. Немесе «Ең бақытты адам кім?» деген аңызда «сонау Афины шаһарында тұратын адам бақытты» деп жауап береді. Себебі, ол адам саламатты өмір сүрді, ұрпақ өрбітті, балаларына тәлімді тәрбие, терең білім берді» дейді, яғни, «Бақытты адам – білімді адам» деген ойды айтады.

Бүгінде ұлттық идея жаңа медиа платформалар арқылы насихатталу үстінде. Әлеуметтік желілер мен интернет ресурстары ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы жойқын күш. Бұл жерде халқымыздың құнтты құндылығын насихаттайтын контенттің сапасы мен тереңдігі ауқымды рөл ойнайды. Сонымен қатар, блогтарда, онлайн платформаларда аудиториямен тікелей диалог құру маңызды. Визуалды контент, видео, подкасттар арқылы қастерлі қазынамызды жеткізу тиімділігі артып келеді. Қазіргі жастар қазақ тілінен басқа, ағылшын, қытай, корей, жапон, француз, т.б. тілдерінде де контент жасау арқылы кең аудиторияға жетіп, танылып келеді. Осы тұрғыда айтарым, ұлттық идеяны жаңаша форматта, заманауи технологияларды пайдалана отырып, насихаттау – бүгінгі күннің басты міндеті. Дегенмен, ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттау үшін дәстүрлі баспасөздің тәжірибесін молынан пайдалану аса маңызды.

– Сіз баспасөз саласында ұзақ жыл еңбек етіп, рухани қазынамызды сақтап қалу жолында күресіп келесіз. Осы бағытта жастарға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз? Жаңа буын журналистикасында қандай бағыттар маңызды деп ойлайсыз?

– Жаңа медиа дәуірінде ұлттық дүниетанымымызды насихаттауда контенттің сапасы мен тереңдігіне мейілінше назар аудару керек. Қазіргі платформаларда аудиториямен интерактивті байланыс орнату, пікірлер мен ұсыныстарды ескеру маңызды. Жаңа форматтар мен тәсілдерді қолдану арқылы ұлттық мәдениетімізді, тарихымызды және тілімізді дәріптейтін контентті көбейтіп, заманауи тілмен жеткізу өзекті. Осы ретте жастарға білім алуға, тәжірибе жинауға һәм кәсіби дағдыларын үздіксіз дамытуға кеңес беремін. Журналист этикасы мен жауапкершілікті сақтай отырып, жаңа технологияларды меңгеру, заманауи трендтерді бақылау және шығармашылықпен жұмыс істеу нәтижелі болмақ. Цифрлық журналистика дамыған үстіне дамиды, соған сай онлайн контент жасау, әлеуметтік медиа арқылы ақпарат тарату маңызы артып келеді. Қазіргі оқырманды мультимедиялық контент қызықтырады, видеолар, подкасттар, инфографика сияқты түрлі форматтарды қолдану трендке айналды. Қазір тек жаңалықтарды жеткізу емес, сонымен қатар, терең талдау мен сараптама жасау арқылы кең танылып келе жатқан журналистер бар.

Жаңа буын журналистикасында аналитикалық, терең зерттеулер мен фактілерге негізделген контент жасау, сондай-ақ, аудиториямен тиімді байланыс орнату маңызды.

Сонымен қатар, медиа сауатты арттыру маңызды. Медиа сауат – бұл ақпаратты тиімді түрде табу, бағалау, пайдалану және тарату қабілеті. Бұл дағдылар адамдарға медиа контентті (газет, журнал, теледидар, интернет, әлеуметтік желілер және т.б.) түсіну, сыни тұрғыдан бағалау және өз пікірлерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Медиа сауаттылықты дамыту өте маңызды, себебі, бұл арқылы адамдар жалған ақпараттан, манипуляциядан және дезинформациядан қорғана алады. Медиа сауат адамдарға ақпаратты сыни тұрғыдан бағалауға, фактілер мен пікірлерді ажыратуға көмектеседі. Медиа сауаты жоғары азаматтар қоғамдағы мәселелерге белсенді қатыса алады, өз пікірлерін білдіре алады. Цифрлық дәуірде медиа сауат жастарға әлеуметтік желілер мен онлайн платформаларда жауапкершілікпен әрекет етуге мүмкіндік береді. Сондықтан, медиа сауаттылықты дамыту – қазіргі қоғам үшін өте маңызды міндет.

– Қазіргі қазақ журналистикасында салмақты публицистика мен жеңіл-желпі контенттің ара салмағы қандай? Баспасөздің миссиясы мен жауапкершілігі қандай болу керек деп есептейсіз?

– Қазіргі қазақ журналистикасында салмақты публицистика мен жеңіл-желпі контенттің ара салмағы теңгерімсіз. Жеңіл контент көпшілікке танымал болғанымен, салмақты публицистика ұлттық мәселелерді көтеру, қоғамды ойландыру және ақпараттандыру үшін аса маңызды. Ұлттық баспасөздің миссиясы – қоғамды ақпараттандыру, білім беру және ұлттық құндылықтарды насихаттау, ал жауапкершілігі – шындықты айту, әділдік пен адалдықты сақтау.

– Қазақ руханиятын терең зерделеген адам ретінде әдебиет, өнер және тарих салаларының қазіргі жағдайы туралы пікіріңізді білгіміз келеді. Бұл салалар қоғамымызда өз орнын тауып отыр ма?

– Қазақ әдебиеті, қазақ өнері және тарих – бұл салалар ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда, мәдени мұрамызды сақтауда және жастарға рухани азық беруде үлкен маңызға ие – темірқазық. Әдебиетте жаңа буын авторларының шығармалары, заманауи тақырыптарды қозғап, қоғамның өзекті мәселелерін көтеруде. Өнерде де, әсіресе, бейнелеу өнері мен музыкада, ұлттық дәстүрлер мен заманауи бағыттардың синтезі байқалады. Тарих саласында, әсіресе, Тәуелсіздік алғаннан кейін, ұлттық тарихымызды қайта қарау, зерттеу және насихаттау жұмыстары белсенді жүргізіліп келеді. Бұл бағытта жастардың қызығушылығы артып, тарихи сананың қалыптасуына ықпал етіп отыр. Дегенмен, бұл салалардың дамуы үшін мемлекеттік қолдау, білім беру жүйесінде ұлттық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ, жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту аса қажет.

– «Ұлттың ұяты – руханиятында» деген ұстаным жиі айтылады. Осы тұрғыдан алғанда, руханият пен ұлттық идеяның болашағы туралы көзқарасыңыз қандай?

– Қазақ руханияты мен ұлттық идеяның болашағы, сондай-ақ, ұлттық құндылықтарды сақтау мәселелері қазіргі қоғамда өзекті тақырыпқа айналған. Руханият пен ұлттық идеяның болашағы – жастардың қолында. Оларды тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау, және рухани байлықты сақтау – біздің ортақ міндетіміз. Осы бағыттағы жұмыстар тоқтамау керек.

– Ұлттық құндылықтар мен жаһандық трендтердің үйлесімі қалай болуы тиіс? Қазіргі уақытта ұлттық болмысты сақтап қалудың ең тиімді жолдары қандай?

– Менің түсінігімде ұлттық құндылықтар мен жаһандық трендтердің үйлесімі – бұл мәдени алмасу мен диалог. Біз ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін жаһандық мәдениетпен интеграциялануымыз қажет, бірақ өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді ұмытпауымыз керек.

– Мейрамхан Сағынқызы, өзіңіз сияқты ұлтымыздың ұлы мұрасын зерттеп, қазақ руханиятының қайта жандануына үлес қосып жүрген тұлғаларға әрдайым тәжім етеміз. Ұмытылмас тағылымды әңгімеңізге риясыз рахметімізді айтамыз!

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button