Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты инфляциялық таргеттеу режимінде жүргізіледі

Қазақстан Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясаты инфляциялық таргеттеу режимінде жүргізіледі. Ұлттық Банктің негізгі мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Олег Смоляков ҚР Парламенті Сенатының кеңейтілген отырысында айтып берді.

Ол 2018 жылы инфляция біртіндеп төмендегенін және 5-7% нысаналы дәліз ішінде қалыптасып, жыл қорытындысы бойынша 5,3%-ды құрағанын атап өтті. 2019 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша жылдық инфляцияда 5,3% деңгейде қалыптасты.

Олег Смоляков 2018 жылдың қорытындылары және Қазақстан Ұлттық Банкінің ақша-кредит саясатының ағымдағы өзекті аспектілері туралы хабарлады.

«Инфляцияның тұрақтануы Ұлттық Банкке базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді. 2018 жылы ол біртіндеп 10,25%-дан 9,25%-ға дейін төмендетілді. Ағымдағы жылғы сәуірде ол 9,00%-ға дейін төмендетілді. Тұтастай алғанда, ақша-кредит саясатының сипатын инфляция бойынша мақсаттарға қол жеткізуге де, орнықты әрі экономиканың инфляциясыз өсуіне жәрдемдесуге ықпал ететін бейтарап инфляция ретінде сипаттауға болады», -деді Олег Смоляков.

Ол теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы валюта саясатын жүргізу режимі болып қалып отырғанын қоса айтты. «Бағам мұнай бағасы және ірі сауда әріптес елдер валюталарының, әсіресе Ресей рублінің бағамдары сияқты іргелі факторлардың, сондай-ақ ішкі факторлар мен маусымдылықтың әсерінен қалыптасуы мүмкін»,-деп түсіндірді О. Смоляков.

Сонымен бірге Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары еліміздің төлем балансымен ахуал жақсарғаны туралы айтты. «Ағымдағы шот 2 тоқсан қатарынан профицитпен қалыптасып отыр. Мәселен, алдын ала бағалау бойынша, 2019 жылғы 1-тоқсанда ағымдағы операциялар шотының профициті сауда балансының 14,4%-ға 7,1 млрд. АҚШ долларына дейін кеңеюі нәтижесінде 0,8 млрд. АҚШ долларын құрады. Елдің сыртқы борышы төмендеуде. 2018 жылдың соңында ол бір жылда 8,4 млрд. АҚШ долларына қысқарып, 158,8 млрд. АҚШ долларын құрады. Оның құрылымында 63,6%-ды фирмааралық берешек құрайды», -деді ол.

Қазақстан Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары сөзінің соңында алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін Ұлттық Банктің қажетті барлық құралдары бар екендігін атап өтті. «Үкіметпен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, біз қажетті шараларды, оның ішінде 2019 жылғы наурызда Үкімет пен Ұлттық Банк арасында жасалған Келісім аясында іске асыруды жалғастырамыз. Инфляцияны төмен деңгейде тұрақтандыру, қорландырудың орнықтылығын арттыру және банктерді қалыпқа келтіру бойынша бағдарламаларды іске асыру экономиканың ақшамен қамтамасыз етілуіне және экономиканың нақты секторын қалыпты кредиттеудің өсуіне ықпал ететін болады», -деп қорытындылады О. Смоляков.

Ұлттық Банк Қарағанды филиалының баспасөз қызметі