АймақБас тақырыпҚарағанды

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді

1 тамыздан бастап 20 қазанына дейін Қазақстанда ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Қарағанды облысында санақпен 94,5 мыңға жуық үй шаруашылығын және 10 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қамту жоспарланып отыр.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Ұлттық статистика бюросының Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Сәуле Комутова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып өткендей, ауыл шаруашылығы тіркелімі ауыл шаруашылығының құрылымы, ресурстары мен ағымдағы жағдайы туралы нақты ақпарат жинауға мүмкіндік береді.

– Бұл тек мемлекеттік қолдауды жоспарлау үшін ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ халықаралық міндеттемелерді орындау үшін де қажет, – деп түсіндірді спикер.

Санақ заңды тұлғаларды, жеке кәсіпкерлерді, оның ішінде шаруа және фермер қожалықтарын, сондай-ақ жер учаскелері немесе ауыл шаруашылығы жануарлары бар үй шаруашылықтарын қамтиды. 1-30 маусым аралығында интервьюерлер осындай үй шаруашылықтарының тізімін нақтылау үшін облыстың жеті қаласында аралауды бастайды.

Биылғы науқанның ерекшелігі – sanaq.gov.kz сайтында тамыздың 1-і мен 31-і аралығында онлайн санақтан өту мүмкіндігі. Бұл үшін респонденттер ЭЦҚ, QR-код немесе СМС көмегімен авторизациялануы қажет. Толтырылған сауалнаманы сақтауға және оны толтыруға кейінірек оралуға болады, ал аяқталған соң электрондық поштаға санақтың өткені туралы растау келіп түседі. Онлайн сауалнамадан өтпейтіндерге 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында интервьюерлер өздері келеді.

– Мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы немесе балық өсіру саласында жұмыс істейтіндердің барлығы санаққа қатысуға міндетті, – деп атап өтті Сәуле Комутова. – Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің құпиялылығына және оларды қатаң статистикалық мақсаттарда пайдаланылатынына кепілдік береді. Ақпарат салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді.

Санақ парақтары егіс алқаптарына, мал басына, ауыл шаруашылығы техникасына, жерді пайдалануға, сондай-ақ инфрақұрылымға қол жеткізуге қатысты.

Облыста санақ жүргізу үшін жұмыссыздар, студенттер және қарапайым ниет білдірушілер арасынан 170-тен астам интервьюерді тарту жоспарлануда. Олардың барлығы Ұлттық статистика бюросының онлайн-платформасында арнайы оқудан өтеді. Тестілеуден кейін қатысушылар жұмысқа жіберіледі.

Интервьюер арнайы жабдықтармен жабдықталады: манишка-жамылғы, бейсболка, логотипі бар сөмке және QR-коды мен жеке нөмірі бар бейдж-куәлік. Оны QR-код немесе call-орталықтың 1446 телефоны арқылы сәйкестендіруге болады.

Санақтың алдын ала қорытындыларын 2025 жылдың желтоқсанында, ал қорытынды талдамалық есептерді 2026 жылы жариялау жоспарланып отыр.

Сауалнама парағын толтыру кезінде сұрақтар туындаған жағдайда респонденттер виртуалды көмекші арқылы егжей-тегжейлі кеңес ала алады. Толық ақпарат алу үшін 1446 нөмірі бойынша Ұлттық статистика бюросының байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңыраулар сағат 09:00–18:30 аралығында қабылданады. 1–30 маусым аралығында (алдын ала аралау кезінде) қоңыраулар сағат 09:00–21:30 аралығында қабылданады. 1–31 тамыз аралығында (онлайн-сауалнама кезінде) call-орталық 24/7 режимінде жұмыс істейтін болады.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button