Бас тақырып

Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады

2025 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстанда ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады. Бұл – ел аумағын толық қамтитын, ауыл шаруашылығы саласының жағдайын кешенді бағалауға мүмкіндік беретін маңызды статистикалық науқан. 

Сурет ұйымдастырушылардан

Бірінші онлайн кезеңде – 1 тамыздан 31 тамызға дейін – заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер, шаруа және фермер қожалықтары, сонымен қатар, үй шаруашылықтары sanaq.gov.kz порталы арқылы онлайн сауалнамаға қатыса алады. Бұл кезеңде өсімдік және мал шаруашылығы, сондай-ақ балық өсірумен айналысатын субъектілер қамтылады.

Екінші офлайн кезеңде – 20 қыркүйектен 20 қазанға дейін – арнайы дайындықтан өткен интервьюерлер сауалнамадан онлайн өтпеген немесе мал ұстап, бау-бақша өсіріп отырған үйлерге барып, сауалнама жүргізеді.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев бұл санақтың маңыздылығына ерекше тоқталды:

– Біз барлық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, фермерлерге және ауыл тұрғындарына үндеу жолдаймыз. Ауыл шаруашылығы санағына қатысу – жай ғана рәсім емес, бұл еліміздің аграрлық саласының ертеңіне қосқан үлес. Тек толық әрі нақты деректер ғана мемлекеттік қолдауды дұрыс бағыттап, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға және ауыл шаруашылығы мен азық-түлік саясатын тиімді жүргізуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Санақ аясында 2 миллионға жуық үй шаруашылығы мен 300 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қамтылады. Бұл үлкен көлемдегі жұмысты атқару үшін 3500-ден астам интервьюер жұмылдырылады.

Санаққа қатысушылар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика басқармаларында интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылады. Сонымен қатар, кез келген сұрақ бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады.

Ауыл шаруашылығы – Қазақстан экономикасының маңызды салаларының бірі. Ал оның даму бағыттарын нақты әрі сапалы деректерсіз дұрыс жоспарлау мүмкін емес. Санақ нәтижесінде елдегі аграрлық әлеуеттің шынайы көрінісі қалыптасып, ресурстарды тиімді бөлуге, субсидиялау механизмдерін жетілдіруге, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға жол ашылады.

Сондықтан әрбір азаматтың, әрбір фермер мен ауыл тұрғынының белсенді қатысуы – ел болашағына қосылған үлес.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button