Бас тақырып

Ұлтаралық араздық қоздырғандар 20 жылға дейін қылмыстық жауапкершілік көзделген

Қарағанды облысының прокуратурасы әлеуметтік желілерде ұлтаралық сипаттағы жанжалдардың жиілеп кеткенін ескертеді. 

Сурет mail.kz

— Қазақстан Республикасының Конституциясы, ұлтаралық келісімді бұзуға әкеп соғуы мүмкін кез келген әрекетке тыйым салады.

Ұлтаралық араздық — қоғамдық тұрақтылық пен бірлікке төнетін ең қатерлі қауіптердің бірі болып табылады.

Мұндай әрекеттердің салдары — жаппай тәртіпсіздіктерге, әлеуметтік құрылымның бұзылуына, сондай-ақ этностар мен мәдени топтар арасындағы терең қайшылықтарға алып келуі мүмкін, — делінген Қарағанды облысының прокуратурасы таратқан хабарламада.
Аталған құқық бұзудың жасалу алаңы ретінде «Instagram», «TikTok», «Threads» сияқты әлеуметтік желілер танылып отыр. Бұл платформаларда әрбір қолданушыға пікір білдіру бостандығы берілген.

— Алайда, ұлтаралық араздықты қоздыратын пікірлер Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Атап айтқанда, бұл бап бойынша 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал ауыр зардаптарға әкелген жағдайда — 12 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Аталған әрекеттер экстремистік қылмыстар санатына жатады.

Мұндай құқық бұзу үшін кінәлі тұлғалар белсенді өкініш білдіруіне, жәбірленуші тараппен татуласуына, қылмыстық әрекеттің ескіру мерзімінің өтуіне немесе рақымшылық актісіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен және жазадан босатылмайды.

Тәжірибе көрсеткендей, құқық қорғау органдары тарапынан тұлғасы анықталғаннан кейін, кінәлі азаматтар өз іс-әрекетіне өкініп, көпшілік алдында кешірім сұрайды. Алайда бұл олардың жауапкершілігін жоюға негіз болмайды.

Осыған байланысты барлық азаматты заң талаптарын сақтауға, әрбір хабарламаға және айтылған сөздерге жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.

Қоғамдағы бейбітшілік, тұрақтылық пен сенімді тек ортақ құқықтық мәдениет пен өзара құрмет арқылы ғана сақтап қалуға болады, — делінген хабарламада.

Басқа материалдар

Back to top button