Бас тақырып

Ұлт жады. Ұрпақ парызы

31 мамыр — халқымыздың жүрегіне өшпес таңба болып басылған қаралы күн. Бұл — ХХ ғасырдың 20–50-жылдары Кеңес өкіметінің тұсында орын алған саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Дәл осы күні облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов пен 21 елдің дипломатиялық миссиясының өкілі Қарағанды өңіріндегі Спасск мемориалдық зиратына барып, ескерткіш белгілерге гүл шоқтарын қойды. Бабалар рухына тағзым етті. 

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО.

Ұлтты ұйыстырып, елдігімізді еңселендіріп отырған қоғамдық бірліктің үлгісі – Қазақстан халқы Ассамблеясының еңбегі орасан. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында: «Бірлік, келісім және тұтастық – бұл қоғамымыздың стратегиялық бағдарының айқын көрінісі әрі мемлекеттік саясаттың берік негізі» деп атап өткен болатын. Шын мәнінде, Ассамблея – әртүрлі этнос өкілдерін бір шаңырақтың астында біріктіріп, ортақ құндылықтарға ұйыстырған бірегей институт.

– Карлаг музейіне барғанда есімдер жазылған тақтаға қарап, ата-бабамыздың ерлігі еске түседі. Бұл күн баршамыз үшін қаралы күн. Әрі бәрімізге үлкен сабақ. Әр мемлекеттің өкілдері осы жерде бас қосып, тағзым жасауы – құрмет. Бұл да бір бәріміздің бас қосуға үлкен себеп. Бұл орын біз үшін үлкен құрмет жасап, өмірден сабақ алатын жер, – деді «Қарағанды облысының Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Дмитрий Полторенко. 

Сол қатыгез дәуірде қазақ халқының қонақжайлылығының және Қазақстанға күштеп жер аударылған барлық этностардың өзара бірлігінің арқасында республика қатал жылдарға төтеп бере алды.

– Коммунизм жүйесі тек бір ұлтқа ғана емес, барлық ұлтқа қарсы жұмыс істеді. Салдарынан миллиондаған адам қаза тапты. Арасында әр ұлттың өкілдері бар. Біз бұл оқиғаны мәңгі ұмытпаймыз. Жыл сайын осы жерде бас қосып, марқұмдарды еске алып отырамыз, – деді Польша Республикасының Қазақстандағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Михаил Лабенда. 

«Өткен толқынды, олардың азапты өмірін есте сақтау – біздің қасиетті парызымыз» дейді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков. 

– Кеңес одағының көлемінде алсақ, миллиондаған адамның тағдыры жатыр. Ал, бір ғана облыстың өзінде, яғни, Қарағанды лагерінде бір миллионан астам адамның өмірі бар. Дәл осындай қаралы күндерімізден сабақ алып, қайта қайталанбас үшін тағзым етіп, тәлім алуымыз керек. Бұл тарихшылар үшін маңызды күн. Себебі, талай жылдан бері бұл оқиға жайлы кеңінен айтылып, жазылған жоқ. Бертін келе айтыла да, жазыла да бастады. Бірақ, осы бір оқиғаны жариялау үшін архиф құжаттары керек болды. Ал, құжаттар құпия сақталған. 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы шыққан болатын. Яғни, осы оқиғаға байланысты барлық құжаттармен мемлекеттік комиссия жұмыс істеп, құпиясыздандырды. Көп мәселелерге енді ғана көзіміз жетіп отырғандай. Дегенмен, әліде атқаратын жұмыстар көп, – дейді ол. 

Ербол ЕРБОЛАТ, 

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button