Қарағандыда сөйлесу клубтарының 100-ден астам тұрақты қатысушысы бар
Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қолданыста.Тұжырымдамада тіл саясатын жүзеге асырудың негізгі бағыттары мен индикаторлары айқындалған. Бірінші бағыт – тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Бұл бағыт аясында Қарағанды өңірінде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін 2025 жылы 68,5%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту әрі азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау мақсатында «Қазтест» жүйесі бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеу өткізіледі. Мәселен, 2025 жылы сәуір айында 481 адам тест тапсырып, олардың 96%-ы тіл білу деңгейін дәлелдеді, енді қыркүйек айында тағы 500 адам тестілеуден өтеді.
Тілдік норманың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында облыс көлемінде мекемелердің шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесіне әр тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп, қорытынды ақпарат Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетіне жолданып отыр. Шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлестері төмен облыстық басқарма мен бірқатар департаменттерде тілдік норманың сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қоса, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының сақталуы бойынша биылдың І жартыжылдығында Бұқар жырау, Осакаров аудандары мен Приозерск қаласының бірқатар мекемелері және Қарағанды мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті тексеріспен қамтылды. Осы жылдың ІІ жартыжылдығында Саран қаласы мен Қарағанды қаласы әкімдігінің бірқатар мекемелері және департаменттерінде мерзімді тексеріс жүргізіледі.
Қазақ тілінде ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыру мақсатында қолға алынған маңызды бастамалардың бірі – сөйлесу клубтарының іскерлігін жандандыру. Қазіргі таңда Қарағанды, Балқаш, Теміртау қалаларында «Сөйлеп үйрен», «Маржан сөз», «Оңай тіл» атты сөйлесу клубтары тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Ал, Саран қаласы мен Бұқар жырау, Осакаров аудандарында «Мәміле» клубы мемлекеттік тілді үйренуге ниетті тұрғындар үшін тіл үйренудің тамаша алаңы ретінде танылды.
Теміртау қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы оқыту кабинеті, Шахтинск қаласында «ТІЛ – FEST» атты жаңа форматтағы сөйлесу алаңы да келушілердің игілігінде. Бүгінде сөйлесу клубтарының 100-ден астам тұрақты қатысушысы бар.
– Тұрғындар арасында тілдік деңгейді жетілдіру мақсатында жаз маусымында, бір аптада ересектерге тіл үйретуге негізделген Қарағанды қаласында «Тілдік ортаға бейімдеп оқыту бойынша бес күндік тілдік лагерь» және «Жағдаятты қазақ тілі» атты сөйлесу лагері мен Қарқаралы қаласында Саран қаласы тілдерді дамыту орталығы ұйымдастыруымен бес күндік жазғы мәдени-лингвистикалық лагерь жұмысын ерекше айта кеткен жөн. Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдік ортаға бейімдеп оқытуға арналған бес күндік лагері Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті тарапынан жоғары бағаланды, – дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Шалабаева.
Қарағанды облысы мемлекеттік тілді оқытуда еліміз бойынша озық тұрған оқу-әдістемелік кешенді қолданып отырғанын да айта кетейік. «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешені – ересектерге мемлекеттік тілді үйретуде республика бойынша баламасы жоқ оқулықтар топтамасына кіреді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында қазақ тілін оқыту әдістемесінің жаңа мазмұнын қалыптастыруға соңғы бірнеше жылда ерекше көңіл бөлінді. Осы жұмыстың жетістігі – заманауи веб-сайт және QR-коды бар, республика бойынша баламасы жоқ «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешені әзірленді. Атап айтқанда, А1 деңгейіне арналған оқу құралы YouTube арнасы мен арнайы сайты бар. Сонымен қоса, А2, B1, B2 деңгейлеріне арналған «Сарыарқа-3» оқу-әдістемелік кешендері де веб-сайтымен даярланды. Ал, биылғы жылы С1 жоғары деңгейге арналған «Сарыарқа-3» кешені веб-сайтымен әзірленуде.
Сонымен қатар, бүгінде «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешенінің түрлі-түсті танымдық қосымшасы (хрестоматиясы) жарық көрді. Онда халқымыздың салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихы туралы мәліметтер тіл үйренушілердің деңгейіне қарай бейімделіп ұсынылған.
Туған тіліміз өз елімізде тұғырын тіктеп, беделін биіктету үшін мемлекеттік тілді тегін үйрету курстары тіл меңгеруге ықыласты азаматтардың сұранысына сай үздіксіз қызметін ұсынып отырғанын да айта кету керек. Қазақ тілін үйренушілер қатары артқан сайын мемлекеттік тілдің қолданыс көкжиегі де кеңейетіні сөзсіз.
Бақытгүл Матуова,
облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың баспасөз хатшысы