Аймақ

Ұлт шежіресінің ұлы белесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Ұлттық Құрылтай отырысында «Біз – тарихтан тағылым ала білген халықпыз. Бүгін қайта жалғасын тапқан Құрылтайды төл тарихымызға тағзым деуге болады. Осы Құрылтай да ертең ұлт шежіресінің бір белесіне айналатыны анық. Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Осы орайда, біз ел дамуының жаңа басымдықтарын белгілеп алуымыз керек. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн» деп ерекше атап өтті. Президент Республика күніне Ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынды. Егемендік күні – еліміздің басты мерекесі.

Коллажды жасаған А.Коктаева

Бүгінде Республика күні мемлекеттік емес, Ұлттық мерекеге айналды. Ұлттық мерекеде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізілетінін ескерсек, ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттігіміздің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалармен байланысты екенін де естен шығармаған жөн. Әрине, рухани құндылық саналатын ізгі, өнеге аларлық оқиғаларды әр халық өзінің талғамына сәйкес қабылдайды. Ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалармен ерекшелейді. Ал, Тәуелсіздік күні – мемлекеттік мереке мәртебесіне ие. Бұл күн өз алдына қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндермен ерекше. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Құрылтайда:

– Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деп атап өтті.

Жаңаша мағына, мазмұн үстемдігіне ие болған Тәуелсіздік мерекесі мән-мағынасын жоймайды. Мағынаға толы мереке еліміздің тарихи сахнасында ойып тұрып орнын алған. Тарихты парақтасақ, тәуелсіздіктің арқасында ұлы далада ұлтты ұйыстырып, шекара бүтінделді. Тәуелсіздік туралы Заңның арқасында 1992 жылғы 7 мамырда Қазақстанның Қарулы күштері құрылды. Тәуелсіздік туралы заң қабылданған соң, Қазақстан азат ел ретінде БҰҰ-ға мүше болды.

Ғалымдардың пікірінше, егемендік – мемлекеттік биліктің белгілі бір ел ішінде толыққанды үстемдік етуінен пайда болған ұғым. Сондықтан, егемендік дәрежесі Тәуелсіздік мәртебесінен төмен емес. Егемен елде мемлекет пен халық билігінен басқа ешқандай билік болмайды. Тәуелсіздік пен егемендік ұғымдары бір-бірін толықтырады.

Тәуелсіздік пен егемендікті ту еткен Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Төрткүл дүние мойындайтын толыққанды мемлекет құруда жастарға артылар жауапкершілік үлкен. Бүгінгі мемлекет үшін маңызды мерекелерде мемлекеттік қызметтегі адал әрі білікті кадрлар Отанымыздың игілігі жолында тынбай еңбек етіп жүр. Осы орайда ұлттық әрі мемлекеттік идеяны жоғары деңгейде ұлықтауда жастарға жоғары басымдық берілді. Әділетті Қазақстанның жаңа сұранысына жауап бере алатын тарихи-ұлттық мерекелерді даңғаза жасамай, ұлттық рухта ұйымдастырып, ұжымдастыра білген жастардың табандылығына сүйсінген жөн.

Еліміздегі жалғыз ұлттық мереке 25 қазан – Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелген күнмен сай келеді. Президент атап өткендей, 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «ҚазКСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылданды. Сол сәттен егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде әлемге танылды. Декларацияның қабылдануы арқылы еліміздің дербестігін мәлім ететін жеке территория, азаматтық, мемлекеттік бюджет, халықаралық қатынастардағы дербестігімен қатар мемлекеттік рәміздері бекітілді.

Ұлттық мерекені ұлықтаудың негізі – ұлы Тәуелсіздігіміздің – Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданған күннен басталғанымен тұспа-тұс келеді.

Президент атап өткендей, Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы. Қоғамды алға жетелейтін құндылық – отаншылдық қасиетті қалыптастыру. Ұлттық мерекені лайықты атап өтерде осыны ескерген жөн.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button