Қарағандыда онкоорталықтың операциялық-реанимациялық блогы салынуда
Мемлекет басшысының халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында өткен жылы облыста денсаулық сақтау саласы бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізді. Өңірде ауыл медицинасы дамытылып, жедел жәрдем қызметі күшейтіліп, жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігі артты.

Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласы былтыр инфрақұрылымды жаңғыртуға, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастырды. Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігі – халықтың өмір сүру ұзақтығы мен әлеуметтік әл-ауқатының басты көрсеткіші. Осыған орай, өткен жылы өңірде медициналық көмекті дамытудың барлық негізгі бағыттары қамтылды.
2025 жылғы жұмыстың негізгі басымдығы медициналық-санитарлық алғашқы көмекті, әсіресе, ауылдық жерлерде дамыту болды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 92 медициналық нысан салынды, оның 51-і қайтарылған активтер есебінен бой көтерді. Бұл ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігін айтарлықтай арттырды.
Сонымен қатар, Теміртау қаласында ангиографиялық операциялық блоктың құрылысы аяқталды. Балқашта ғимаратты оңалту орталығына бейімдеу және көпбейінді аурухананы күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Жедел медициналық көмекті дамыту да басты бағыттардың бірі болды. Облыс әкімінің қолдауымен Абай ауданының Топар кентінде және Саран қаласында екі заманауи модульдік қосалқы станция орнатыла бастады. Осы бағытта 113 жаңа «Жедел жәрдем» автокөлігі сатып алынды. Автопарктің жаңаруы шақыртуларға жету уақытын қысқартып, медицина қызметкерлерінің жұмыс жағдайын жақсартты.
Балқашта «Қазақстан халқына» және «Қамқорлық» қорларының қолдауымен 0-18 жас аралығындағы балаларға арналған оңалту орталығы ашылуға дайындалып жатыр. Ана мен бала денсаулығын қорғау – өңірлік саясаттың тұрақты басымдығы болып қала береді. Өңірде 9 даму және ерте араласу орталығы ашылып, 30 мыңнан астам бала ерте диагностика мен түзету көмегіне қол жеткізді.
Биылдан бастап, мұндай орталықтар барлық алғашқы медициналық ұйымдардың базасында жұмыс істейді. Сондай-ақ, емханалар жанынан әйелдер консультациялары ашылуда. Қазіргі таңда олардың саны бесеуге жетті. Балалардың стоматологиялық денсаулығына да ерекше мән беріліп, 8 мектепте стоматологиялық кабинеттер іске қосылды.
№1 перинаталдық орталықты күрделі жөндеуден өткізу нәтижесінде аналар мен жаңа туған сәбилерге арналған жағдай айтарлықтай жақсарды. Бұған дейін орталық базасында жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерге арналған «Салауатты Ана» пансионаты ашылған болатын.
Қарағанды қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінде 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Онкологиялық қызмет те кезең-кезеңімен нығайтылуда. Арнайы мемлекеттік қор есебінен 6,2 млрд теңге бөлініп, онкоорталықтың операциялық-реанимациялық блогы салынуда. Нысан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, ПЭТ/КТ орталығының құрылысы басталып, екінші желілік үдеткіш іске қосылмақ. Цифрландыру саланы дамытудың стратегиялық бағытына айналды. Face ID және кодтық сәйкестендіру жүйелерін енгізу нәтижесінде анықталған қабылдаулар үлесі 61 пайызға жетті.
Былтыр 160 мыңнан астам телемедициналық қызмет көрсетілді. Бұл, әсіресе, ауыл тұрғындары мен диспансерлік есепте тұрған науқастар үшін үлкен мүмкіндік болды. Шет ауданында телемедицина бойынша пилоттық жоба іске қосылып, фельдшерлік-акушерлік пункттер қашықтан бақылау жүйелерімен жабдықталды.
Өңірде 15 мыңға жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Қазіргі кадр тапшылығы – 270 маман. Осыған байланысты, 2025-2027 жылдарға арналған кадрлармен қамтамасыз ету жол картасы әзірленді.
Өткен жылы өңірге 195 жас маман келіп, оның 70-і ауылдық жерлерге жұмысқа орналасты. Біржолғы көтерме төлемдер 1,5-8,5 млн теңге аралығында берілді. Нұра ауданында дәрігерлерге арналған тұрғын үй пайдалануға беріліп, резидентураға 130 грант бөлінді.
Жыл қорытындысы бойынша өңірде негізгі көрсеткіштер бойынша оң серпін байқалады. Нәрестелер өлімі 15,8 пайызға, балалар өлімі 11,9 пайызға төмендеді. Ана өлімі тіркелген жоқ. Қан айналымы жүйесі аурулары мен туберкулезден болатын өлім-жітім де азайды.
Бұл нәтижелер жүргізіліп жатқан жүйелі өзгерістердің тиімділігін көрсетеді. Алдағы кезеңде де медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыс жалғасын табады.
Халық денсаулығы – біздің басты құндылығымыз.
Самат КЕНЖИБАЕВ,
Қарағанды облысы денсаулық сақтау
басқармасының басшысы



