Бас тақырыпЖаңалықтар

Ұлт рухының рәмізі

Бұл мақаланың мақсаты – домбыра аспабының сипаты, яки, тарихы туралы емес, киелі аспабымыздың ежелден қазақ жанының жауынгер-жебеушісі болғанын айту. Домбыраның бүгінгі айбыны қандай деңгейде, оның байырғы заманнан үзілмей келе жатқан Мемлекеттік (Ордалық) мәртебесін ұлықтай алдық па? Кейінгі ұрпақ күй рухын, күй тілін ұға ала ма? Домбыра күйінің қоғамды тәрбиелеудегі орны төрде ме? Әңгіменің ырғағы сол болмақ.

Сурет aqtobegazeti.kz

Қазақ елінің ғасырлар бойы аңсаған азаттығы – Нұрсұлтан Назарбаевтың домбырамен шыр­қаған асқақ әнімен басталғаны әр қазақтың жүрегінде мәңгі қалды. Түрік нәсіліне елтұтқа болған қағандардан бастап, бүгінге дейінгі азат ұрпақтың қолынан түспеген қасиетті домбыра – шын мәнінде елдіктің бір нышанасы.

Қазақтың ән-күйін түгендеуші ғалым А.Затаевичтің жазбасында Сәкен Сейфуллиннің қолынан нотаға түсірілген «Терісқақпай» деген көне күй бар. Күйдің астына «Абылай ханның атты әскерінің маршы» ретінде орындалатыны қосымша түсіндірме ретінде берілген. Кеңестік заманның ығына жығылды десек те, мұрағатқа адал фольклоршы осы күйдің мазмұнына осыдан өзгеше гәп қоса қоймаған, ақпарат берушінің (С.Сейфуллин) пікірін сол қалпында қалдырған. Осыдан: «Абылай хан заманына дейінгі аласапыран заманда домбыра аспабы – арғықазақтың (С.Қондыбайдың анықтамасы) Дәулеттік (империялық) деңгейдегі қасиеті болған. Яғни, ол кешелі-бүгінгі ұғымдағы сал-серілердің қолындағы мизам мүлік емес, ұлыстық рухани тұтас­тықтың жәдігері һәм киелі рәмізі болған» деп ой түюге болатындай. Бабаларымыз ақ найзасына аттың қылын тақса, домбырасына үкі таққан. Осы екі ырымнан біз бәсі бірдей жауынгерлік салтанатты, тәңір жебеген рухты аңғарғандай боламыз. Найза да, домбыра да – қазақтың «кәрлі» қаруы болған. Байырғы замананың домбырамен шертілген күйі мен жырын шолитұғын болсақ, осындай көшпелі салтымызға сай келетін мысалдарды көптеп кездестіруге болады.

Осы орайда домбыра күйлеріндегі туындылардың тарихи оқиғаларды ескергенін, тарихи тұлғалардың аттарын күй шежіресіне мәңгілік жазып кеткенін мысал ретінде молынан келтіре аламыз. Домбыра күйлерінде туған жердің бір пұшпағы үшін күресуге ұрандайтын «Сарыөзен» (Саймақ), орда тұтастығы үшін «Ел айырылған» (Асан қайғы), отан қорғауға шақыратын «Шаңды жорық» (Абылай хан), мемлекет үшін шәйіт болуға тәуекел дегізетін «Жекпе-жек» (Байсерке), отаршылыққа қарсы азаттық күреске үндейтін «Жауға шапқан» (Махамбет), т.б. империялық күйлер көп. Түркі қағанаты, Тоныкөк, Күлтегін кезеңіне бармағанның өзінде XIII ғасырдағы Кетбұғаның «Ақсақ құлан Жошы ханы», Байжігіттің «Абылайдың шаңды жорығы» кезінде шығарған «Көкбалақ», «Кербалақ» атты тараулы күйлері, Асан қайғының (қайқының) «Желмаясы», «Ел айырылғаны», Бейсенбі бидің «Кеңесі», Тәттімбеттің «Бестөресі», «Азынасы», Қожекенің «Кертолғауы», Байсеркенің «Жекпе-жегі», Құрманғазының «Кішкентайы», Сейтектің «Он жетінші жылы», «Сексен ері», Динаның «Он алтыншы жылы», Қыздарбектің «Өткіншісі», «Сезбесі», Әбдидің «Тәубесі», Сүгірдің «Қосбасары», Әбікеннің «Қоңыры» сияқты тағы да басқа күйлеріміз жалқымыздың әр дәуірдегі жағдайынан ақпар беріп қана қоймай, ұлыстық, «жұмхұрияттық» құрылымның басынан өткерген тарихи оқиғаларын күй арқылы баян етеді. Қай заман болмасын, домбыраның жырламаған кезі болмапты. Керек десеңіз, кеңестік кезеңдегі еліміздің басынан өткерген елеулі оқиғалардың ешқайсысы домбыра шанағынан тысқары қалмапты. Бүгінгі мамыражай тәуелсіз елдің қуанышы да домбыра кеудесінен күй болып төгілгені шындық.

«Аққу рәуішті» дегенімізбен, аңғарған жанға домбыраның тұрқынан ерекше айбар аңғарылады, кейде аңды таудан шүйген қанатты қыранның келбеті сияқты көрінетіні де бар. Осынау айбынның бір жарқылын танып-білу үшін Атырау мұражайындағы Махамбет Өтемісұлының көне домбырасын көрсек жеткілікті болар еді. Махамбет жырау домбырасының формасынан біз баба-көктүрік күрзісінің сипатын бірден таныр едік. Әрине, бұл жерде ұлттық аспаптанушы ғалымдарымыздың (Б.Сарыбаев, Ж.Нәжімеденов, С.Өтеғалиева, Б.Жүсіпов) домбыраның тұрқына байланысты жазған этнографиялық зерттеу-тұжырымдарына бекем сүйенеміз, сүйене отырып, аспаптың әуелі жауынгерлік рух жалауы, содан соң ұлыстың мәртебелі рәміздерінің бірі болғанын бөле қарастырғымыз келеді.

Домбыраның болашақта да өркендей берері елге аян.

Ақ патша заманында домбыраның үні отаршыл заманға қарсы тұратын рухани қару екенін ұғынған бірден-бір тұлға – Жәңгір хан болғанын біле бермейміз. Кіші жүз сұлтандары Шырғазы Айшуақов пен Жәңгір хан орыс елімен мәдени байланысты күшейтуге ниетті болды. Әсіресе, Қазан университетінің құрылтайшыларының бірі болған Жәңгір хан 1846 жылы осы оқу орнының ғылыми экспедициясының Бөкей өлкесіне келуіне ықпал етті. Орыс ғалымдары – Вагнер, Бутлеров, Киттары, Пятницкий сияқты зерттеушілер хан ордасы мен Боғда өзені бойындағы елдердің өмірі мен мәдениеті жайлы бағалы очерктер жазды. Осыдан кейін Бөкей Ордасына А.Терещенко, А.Евреинов, П.Небольсин сияқты оқымыстылар келе бастады. Бұлардың жазбаларында сол кездегі домбыра, сыбызғы, қобыз аспаптарында тартылатын күйлер мен олардың орындаушылары туралы маңызды мәліметтер болды. П.Аравин «Қазақ даласы ХIХ ғасырдың екінші жартысында орыс және шетел ғалымдарының қызығушылығын тудырды, Орынбор өлкесі мен кіші жүз елінің мәдениеті мен өнерінің ғылыми зерттелуі П.Рычков, И.Лепехин, И.Фальк, С.Гмелин, П.Паллас, И.Георг еңбектері арқылы жаңа белеске көтерілді» деп жазды (Музыказнание. Сб. Статей аспирантов и соискателей. Выпуск IV. Алматы – 1968.). Алғашқы зерттеулерде Дәулеткерейдің әкесі Шығай туралы, оның күйші ұлы Дәулеткерей туралы мәліметтер жарияланды. Орыс оқымыстыларының назарына іліккен алғашқы күйшілік мәнер Батыс қазақстандық мектеп болды.

Домбыраның құдіретті үнінің қасиетін аңдаған түркі зиялыларының бірі – Ғабдолла Тоқай еді. Қазақ күйлерінің мақсатты түрде қолға алынып, ноталық жазбаларының пайда болуы – ХХ ғасырдың басында, жақындатыңқырап айтқанда, кеңестік заманнан басталды. Алғашқы қазақ басылымдары «Айқап» пен «Қазақ» газеттерінде бұл мәселені кешіктірмей қолға алу туралы тамаша мақалалар жазған Ғабдолла Тоқай қазақ байларын ұлт өнерін жинақтау үшін қаржы бөлуге шақырды. Ақмола өңіріндегі аты шыққан күйшілер туралы әсерін ортаға салып, «Егер дер кезінде нотаға түсіріп алмасақ, қымбат қазынамыздан айырылып қаламыз» деген ойын баспасөзде жариялады. Ойлана келсек, сол аумалы-төкпелі дәуірде домбыра үнінің ұлт рухынан ажырамауына керектігі үшін жанұшыра ат терлеткендер – Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Нәзір Төреқұлов, Мұхтар Әуезов сияқты тектілер болатын.

Яғни, қасиетті домбыра – біздің ұлттың тілі мен діліне, оған қоса ұяты мен намысына айналып кеткен қымбат мүлкіміз, ол қазақтың жан-рухымен біте жаратылған киелісі ретінде мырза төрімізде ілулі тұр. Ендігі кезекте ғаламдық цивилизация аясында жайқалған төл мәдениетіміздің дамуымен қатар, домбырамыздың қадыр-қасиеті өскелең өркенге жұғысты бола беруі үшін біздің қоғамға бірсыпыра міндеттерді жүктейді. Енді соларға тоқтала кетелік.

Домбыра күйлері – адамзаттың материалдық емес құндылығы ретінде айрықша бағаланып, ЮНЕСКО – халықаралық ұйымына тіркелгелі де біраз жыл болды. Бұл біздің төл өнерімізге деген үлкен құрмет екені бәрімізге абырой, ұлт мерейі әлемдік деңгейге көтерілгеніне кезінде баршамыз шаттандық. Ендігі ғаламдық даму кезеңі бізге сол баба өнерімізді байыта, кертолғау күйімізді еселей жаңғырта түсуімізді жүктейді.

Қазақтың күй өнері – сыбызғы, қобыз, домбыра, шаңқобыз аспаптары арқылы дамыған. Осы аспаптарға арналған күйлер біздің дәуірімізге жетіп отыр. Осылардың ішінде қазаққа етене болып кеткені домбыра аспабы. Домбыра күйлері шертпе күй және төкпе күй болып үлкен екі мектепке бөлінеді. Сонымен қатар, домбыра күйлерінің Атырау, Маңғыстау, Жиделібайсын, Сарыарқа, Жетісу, Қаратау, Шығыс Қазақстан аймақтарында дамыған жеті мектебі бар екенін де білеміз. Бұлардың қалыптасқан дәстүрін сақтау және жалғастыру бүгінгі күні күй өнеріне қызмет етуші ұстаздар алдындағы үлкен міндет болып отыр.

Жанғали Жүзбаев,
белгілі күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Басқа материалдар

Back to top button