Ұлт рухы ұлықталған кеш
Абай атындағы облыстық балалар кітапханасында алғаш рет «Қобыланды батыр» эпосынан үзіндіні мәнерлеп оқу бойынша қалалық байқау өтті. Байқау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Екі кезеңде өткен білім сайысына қатысуға ниет білдіргендер көп болды.
Алдымен, үміткерлер «Қобыланды батыр» жыры бойынша дайындалған 30 сұраққа жауап берді. Ең кемі 20 сұраққа дұрыс жауап берген үміткерлер екінші кезеңге жіберілді. Осылайша, алғырлық танытқан 16 қатысушы екінші кезеңде бағын сынады. Олар жырдың кез келген жерінен 200 жолын жаттап, мүдірмей жатқа оқуы керек еді. Қазылар алқасы олардың жатқа оқу мәнеріне, сахналық мәдениетіне, сөздерді дұрыс айтуына баса назар аударды. Жырдың мазмұны мен кейіпкерлері, зерттелуі жөнінен сұрақтар қойып, қатысушылардың білімін тексерді.
Байқауға филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиеттанушы Ж.Жарылғап, ҚазТұтынуодағы Қарағанды университетінің қазақ тілі және Қазақстан мәдениеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты М.Тапашев, Н.Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі А.Есенжолова қазылық етті.
– Бірінші рет өткізіліп отырғандықтан, балалардың ұсақ-түйек кемшілігіне көз жұма қарадық. Қазақтың төл сөздерін қате айту, екпінді дұрыс қоймау, өзі жатқа оқып тұрған «Қобыланды батыр» жырының мазмұнын толық білмеу, кейіпкерлерді шатастыру сынды кемшіліктер болды. Ол – заңдылық. Балаға осындай қиын жырды жаттату оңай емес, өйткені. Бірақ, олардың кітап оқуға деген ынтасы қуантты бізді. Енді, алдағы уақытта тоқтап қалмай жыл сайын өтсе құба-құп. Наурыз айының қарсаңында дәстүрлі облыстық деңгейде өтіп жатса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді қазылар алқасының мүшесі М.Тапашев.
Сайыс қорытындысында, арнайы сыйлықтарға бес қатысушы лайық деп танылды. «Орындаушының шынайылығы» аталымы – «Озат» ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Қуаныш Төлепбергеновке, «Әртістік шеберлік» номинациясы – №25 жалпы мектептің 9 сынып оқушысы Серікбол Нұрсанарға, «Жыр жүйрігі» аталымы – №25 жалпы орта мектептің 8 сынып оқушысы Ақшолпан Жапарға, «Жыршылық өнер» номинациясы – М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияның 8 сынып оқушысы Балнұр Аманжолға, «Қобыланды батыр жырының білгірі» аталымы – С.Саттаров атындағы мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Нұржан Дәуірбекке бұйырды.
III орынның сыйлығын – Абай атындағы мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы Нұртөре Құрмашев пен №87 негізгі орта мектептің 7 сынып оқушысы Айзере Бөлегенова жеңіп алды. II орынға – «Озат» ақпараттық технологиялар мамандандырылған мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Айару Бекхали жайғасса, I орынды №53 мектеп-лицейінің 7 сынып оқушысы Нұрбол Аманбаев иеленді.
Сайысқа қатысқан барлық қатысушыларға сертификат табыс етілді.
Былтыр «Орталық Қазақстан» газетінде «Балаңыз батырлар жырын оқи ма?» деп мақала жазған едік. Сол мақаланы жазарда кітапханаға барып, зерттеу жүргіздік. Батырлар жырының аз оқылатынын да көрдік. Сол себепті де, балаларды осындай қажетті өлмейтін туындыны оқуға қызықтыру мақсатында кітапхана басшысы Баян Қуанышқызы осы байқауды өткізу идеясын айтқан еді. Сайыстың қорытынды кезеңін көріп, іштей сүйсіндік. Балалар рухты жырды мүдірмей оқығанда рухымыз тасыды. Олқылықтың орны тола бастағандай…
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz