Ұлт руханиятының ұлы күні
10 тамыз – қазақтың ұлы ойшылы, кемеңгер ақын, демократ, ағартушы Абайдың туған күні. Биыл хакімнің жарық дүние есігін ашқанына 180 жыл толып отыр. Бұл мерейтой – ұлттық сананы жаңғыртудың, рухани құндылықтарды дәріптеудің, елдік рухты асқақтатудың асқақ мерекесі, айрықша белесі.

Абай мерейтойы тек Қазақстан көлемінде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де кең көлемде аталып өтуде. Абай облысы жерінде бастау алған мерекелік онкүндік аясында әдеби-мәдени кештер, ғылыми-танымдық конференциялар, «Адамзаттың Абайы» атты эстафета сынды тағылымды шаралар ұйымдастырылды.
Қазақтың ұлы ақыны, ойшылы, гуманист ағартушысы Абайдың туғанына 180 жыл толған мерейтойы аясында Нұра ауданының Б.Ысқақұлы атындағы орталық кітапханасының жазғы оқу залында «Абайды оқы, таңырқа!» атты әдеби акция ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – өңір тұрғындары мен қонақтарын ұлы ақынның өнегелі өмір жолымен таныстыру, шығармашылық мұрасын насихаттау, өлеңдері мен әндерін мәнерлеп айтқызу арқылы жастардың әдебиетке, білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттыру болды.
Жиын «Абай – қазақ халқының данышпаны» атты интеллектуалды ойынмен басталды. Бұл бөлімге «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары қатысып, өзара екі командаға бөлініп, Абайдың «Қара сөздерінен» құралған сөз тіркестерін табу арқылы өз білімдерін сынады.
Іс-шараның екінші бөлімі «Абайды оқы, таңырқа!» атты кітап көрмесіне шолу жасаумен жалғасты. Көрмеге ауыл тұрғындары, «Алтын жас» клубының мүшелері және шараның құрметті қонағы – жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Бейбіт Мамраев қатысты.
Қонақ өз сөзінде кітапхана ұжымына осындай тағылымды іс-шара ұйымдастырғандары үшін ризашылығын білдіріп, Абай шығармашылығы туралы өзінің ғылыми көзқарастарымен бөлісті. Сонымен қатар, «Алтын жас» клубының мүшелері ұлы ақынның әндерін орындап, кент тұрғындары Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ашық аспан астында өткен әдеби кеш шараға қатысушыларға рухани серпіліс сыйлап, Абай мұрасына деген қызығушылықты одан әрі арттырды.
Абай қаласында өзге ұлт өкілдері арасында өткен облыстық «Абай оқулары» байқауында жерлесіміз Виктория Естремская көркемсөз оқу шеберлігін танытып, жүлделі II дәрежелі дипломға ие болды.
Сондай-ақ, мұражайларда сирек қолжазбалар мен тарихи жәдігерлер көрмесі ашылып, Абайдың өмір жолы мен шығармашылығына қатысты құнды экспонаттар көпшілік назарына ұсынылды.
Абайдың 180 жылдығы – бұл тек қатардағы тарихи дата емес, қазақ халқының рухани жаңғыруының, ұрпақ санасына өнеге болар асыл мұраттардың мерекесі.
Хакімнің өзі: «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп айтқанындай, Абайдың сөзі – мәңгілік. Ақын мұрасы әр буынның жүрегінде жаңғырып, жас ұрпаққа жол көрсетіп, болашаққа бағыт сілтей беретіні күмәнсіз.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»