Руханият

Ұлт перзентіне ұрпақ құрметі

Нығметтің әкесі Нұрмақ «Қайтсем де осы баламды елі үшін қызмет ететін ер етіп тәрбиелеймін» деп мақсат қойған алдына. Ал, ұстазы – Ахмет, айналасы – Сәкен, Мағжан, Әлихан және тағы басқа ұлт қаймақтары. Сонда, ол қалай осал болсын?.. Бұл жайлы аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет НҰРМАҚОВТЫҢ – 125 жылдық мерейтойына орай Жайық Бектұров атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өткен «Заңғар тұлға» атты дөңгелек үстелде кеңінен айтылды.

Шара басында бар өмірін еліне қызмет қылуға арнаған боздақтың тағдырлы жолына кеш қонағы, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі Жәлел Қуандықұлы тоқталып өтті. Оның айтуынша, Нығмет Нұрмақұлының халқына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

«Біздің міндетіміз – оның өмірі мен қызмет жолын, шығармашылығын жан-жақты зерделеп, азаматтық болмысын жастарға үлгі-өнеге ету, есімін ұлықтау» – деді ол. Сонымен қатар, патриоттық тақырыптағы «Қоңыр әулие. Үш тілек» атты отты жырын оқыды.

Дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар көпшіліктің назарына Нығмет Нұрмақұлы жайлы кітап көрмесін ұсынып, бейнежазба көрсетті. Ал, ұлт перзентінің есімімен аталатын дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының жоғары сынып оқушылары – Теміржан Нұрғасыр, Қарақат Түгелбаева, Әсем Ермекбай, Диана Сейдіғазының Нығмет Нұрмақұлы жайында дайындаған ақпараттық таныстырылымы көпшілікті баурап алды.

  • Нығмет Нұрмақов Ресейде жоғары білім алып келіп, өз ауылында ұстаздық еткен. Осының өзі әке тәрбиесіне адалдығы мен туған жеріне деген перзенттік махаббатын көрсетеді. Бізге ұлт қайраткерінің осындай қырлары үлгі боларлықтай. Өйткені, бүгінде шетелде білім алып, сонда қалып қойып жатқан ел жастары көп –дейді Нығмет Нұрмақов атындағы білім ордасының тарих пәні мұғалімі Таурат Темірұлы.

Жиынға белсене қатысқан Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді, дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының оқушылары мен ұстаздары да шарадан көп тың деректер алып, ерек ой түйгендерін айтты. Ал, кешке студенттерін ертіп келген Қарағанды Банк колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ақын Кәмшат Хасен дөңгелек үстелдің мағыналы өтуіне өз үлесін қосып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

Кеш соңында ұйымдастырушылар қонақтарға Алғыс хат табыстап, белсене қатысқан оқушыларды арнайы сертификатпен марапаттады.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button