Ұлт мұрасы – ұлағат бастауы
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы жанынан құрылған «Қазақ халқының мұрасы – «Мәңгілік Ел» кітаптар сериясы» бірлестігі ұлттық мерекелер күнтізбесінің жобасын ұсынып отыр. Ресми бекітілмеген күнтізбе өскелең ұрпақты отаншыл рухта тәрбиелеп, рухани мұраларымызды жаңғыртуға негізделген. Мақсат – «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді орындай отырып, қазақы таным мен ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау.
Күнтізбе жобасына Ұлт денсаулығы күні, Батырлар күні, Қазақ тарихы күні, Ақсақалдар күні, Қазақ тілі күні, Ұлт қайраткерлері күні, Салт-дәстүр күні, Туған жер күні сияқты 20-ға жуық атаулы дата енген. Оның авторы Нұржан Сұршаұлы «Ұлттық күнтізбе арқылы ұлттық жадымызды, рухани болмыс-бітімімізді жаңғыртуға үлкен мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ, күнтізбедегі атаулы күндерді атап өту мерекелік үстірт той-томалақтан гөрі, тәрбиелік сипаты мол шараларға жол ашып, ай сайын қоғамда ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға негіз бола отырып, болмысымызды шынайы жаңғыртуға мүмкіндік береді» дейді.
Тұсаукесерге қатысқан халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы Темірғали Көкетаев осы сынды ұлттық жобаларға «Қазақ тілі» қоғамының тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін және алдағы уақытта мұндай бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқару жөніндегі меморандумға қол қойылатынын сөз етті.
Аталған бастама – «Қазақ халқының мұрасы – «Мәңгілік Ел» кітаптар сериясы» бірлестігі қолға алып отырған жобалардың бірі ғана. 2012 жылдан бері жұмыс істей бастаған жоба бойынша бүгінге дейін 3 мыңға жуық кітапша жарық көрді. Ол еңбектерді қазақтың рухани құндылықтарын жаңғыртуға бағытталған кітаптар сериясының басы деуге болады. Бұдан бөлек, 2009 жылы «Қазақ елінің тарихы» атты тарих тақтасын орнату, 2014 жылы ұлт құндылықтарын насихаттауға бағытталған «Елім-ай.кз» сайтын ашу, 2016 жылы дәстүрлі «Қазақ халық күйлерінің фестивалі», 2018 жылдың 18 желтоқсаны күні Қарағанды облыстық мешітінде ел тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт қайраткерлерін еске алу күнін атап өту, 2019 жылы «Ұлт қайраткерлері» атты жыл сайынғы ғылыми-танымдық конференциясын өткізу қолға алынды.
Олар алдағы уақытта ұлттық мерекелер күнтізбесіндегі 7 тамыз – Туған жер күніне орай, «Қазақтың әскери тарихы» атты кітаптың тұсаукесерін жоспарлауда. Сондай-ақ, «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесіп, «Орталық Қазақстан» газетінде көтерілген Қойсана анамыздың зиратын қамқорлыққа алу мәселесі бойынша құзырлы орындарға хабарласып, тиісті шараларды қолға алмақшы.
Жәнібек ӘЛИМАН.