Білім

Ұлт мүддесін мұрат қылған

Мектепке директор жетіспеушілігі бар мәселе. Әсіресе, ауылға барып, білім сапасын көтеретін білікті басшы табу қиын. Осыған қатысты Оқу-ағарту министрлігі «Білім берудегі өзгеріс­тердің 1000 көшбасшысы» жобасын іске қосқан еді. Яғни, сарапшы-педагог өзі таңдаған мектепке директор бола алады. Тек, жоба талаптарын толық орындап, оқуын ойдағыдай тәмамдау керек. Былтыр осы жоба негізінде Қарағанды мен Ұлытау облысынан бір ғана үміткер сертификатқа қол жеткізген көрінеді.

Сурет Думан Сәдірисламның жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық педагогтар съезінде ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ, қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды екенін атап өткен болатын. Сол себепті, жоба сертификатын иемденген педагогтың мойнында ауыл мектебінің білім сапасын көтеру жүгі бар.

Думан Сәдірислам «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» кадрлық резерві жобасының іріктеу кезеңінде Ұлытау облысының атынан бағын сынапты. Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісінде білім беру саласындағы өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау тетігін әзірлеу және бекітуді көздейді.

Думан Ғаниұлы жобаның іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, оқуға қабылданады. Жобаның алты кезеңінен, бес емтиханынан мүдірмеген ол білім саласындағы кадр резерві қатарына енеді. Былтыр салтанатты түрде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қолынан сертификат алған.

Жобаның ерекшелігі сонда, кадр резервіне қабылданған педагог конкурссыз мектептегі басшылық лауазымына бірден тағайындалады. Думан Ғаниұлына кадр резервінің қатысушысы ретінде Ұлытау облысы, Ақмола облысы, Қарағанды облысының білім басқармаларынан ұсыныс түсіпті.

Сөйтіп, сәуір айында Қарағандыны таңдаған үміткер облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісованың келісімімен, Қарқаралы ауданы білім бөлімінің басшысы Абылай Жалеловтің қолдауымен Қарағайлы кентінің №16 мектебіне директор болып тағайындалды.

Үр жаңа директор Думан Ғаниұлының өмір жолы түрлі өңірмен өрілген. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Кеңес ауылында дүниеге келіп, Жезқазған қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектепте оқуды үздік тәмамдайды. Астана қаласындағы А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына оқуға түседі. 2016 жылы оқуын сәтті аяқтап, дипломын қолына алған соң Жезқазған қаласындағы қарашаңырақ №8 гимназиясына аға тәлімгер болып жұмысқа қабылданған. Тәлімгер ретінде қалалық Жас Ұлан балалар мен жасөспірімдер ұйымының «Үздік мектеп» номинациясын жеңіп алған.

Келесі оқу жылында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қызметіне ауысып, балаларға сабақ береді. Жас мамандардың респуб­ликалық, облыстық, қалалық конкурстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болады. «Үздік тіл маманы», «Үздік ұйым», «Қазақстан ұстазы» байқауларының жеңімпазы. Мұғалімдік еңбек еткен жылының қорытындысы бойынша мектебінің «Креативті ұстаз» номинациясының иегері. Онымен қоса, оқушылары рес­публикалық Мұқағали оқулары, Абай оқулары, Әбіш оқулары, Мағжан оқулары сияқты түрлі конкурста топ жарған.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы ұйымдастырған респуб­ликалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурсының Оқу сауаттылығы аталымында I орын алды. «Педагогикалық идея­лар фестивалі» конкурсының қалалық, облыстық кезеңдерінің жүлдегері. Мектеп қабырғасында телестудия кабинетінің жетекшісі ретінде оқушыларды журналистика мамандығына баулыған. Осындай жетістіктері бар Думаннан осал басшы шыға қоймас.

«Жобада алған білімімді ауылдық жерде шыңдап, тәжірибе жинағаным дұрыс шығар деген шешімге келдім. Қарағанды облысы білім басқармасының кадр бөлімі маманы Жаннат Амангелдіқызының көмегімен Қарқаралы ауданы Қарағайлы кентін таңдадым. Қаладан ауылға көшіп келгендегі алғашқы әсерімді сөзбен жеткізе алмаспын. Қарқаралының көздің жауын алатын табиғаты, аспанмен таласқан таулары жазықта туып-өскен маған ұнады. Ауыл тұрғындарының, мектеп ұжымының құшақ жая қарсы алуы жүрекке жылу сыйлады. Ауыл әкімі Мұратбек Зекенұлы ұжыммен таныстырып, ауылдың тыныс-тіршілігінен хабар беріп, қолдан келер көмегін аямайтынын айтты. Ауыл жұртының даладай дархан көңілі бар күш-жігерімді аянбай қызмет етуге серпін береді», – дейді Думан Ғаниұлы.

Жары Жансая Қайыржанқызымен жоғары оқу орнында танысқан. Ол да – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Жары мектеп жанындағы «Балдырған» балабақшасына қазақ тілі маманы болып жұмысқа орналасыпты. Осылайша, ауылға қоныс аударған мұғалімдер отбасы үйінің қамына кірісіп жатыр.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button