Таным

Ұлт көсемі һәм ұлттық құндылық

Қазақ тарихында дәуір ауысқанда халықтың үнін, мұратын, тағдырын арқалап алға шығатын тұғырлы тұлғалар болады. Олар уақыттың ығына жығылмай, керісінше, уақыттың өзін жаңа арнаға бұруға талпынады. Осындай алмағайып сәтте саяси сахнаға шыққан қайраткерлер ұлттың болашағын болжаумен ғана шектелмей, сол болашақтың берік іргесін өздері қалап кетеді. Әлихан Бөкейхан – дәл осындай тағдырлы кезеңде туып, өз дәуірінің ғана емес, ұлттың тарихи бағытын айқындаған дәуір дарабозы.

Сурет Жасанды интеллект арқылы өңделген

ХХ ғасырдың басы қазақ сақарасы үшін шешуші, сындарлы кезең екені мәлім. Патшалық Ресейдің отарлау саясаты күшейіп, жер мәселесі ушығып, ұлттық басқару тетіктері біржола жойылған шақта қазақ қоғамы тарихи тығырыққа тірелді. Осындай жағдайда Әлихан Бөкейхан қарулы қарсылықтан гөрі саналы саяси күресті, ұтымсыз ұраннан гөрі жүйелі ұлттық бағдарламаны бағдарлады. Ол қазақ қоғамына жаңа саяси ойлау мәдениетін, құқықтық мемлекет туралы түсінікті, ұлттық мемлекеттіліктің өркениеттік ерен үлгісін ұсынды.

Әлиханды біз тек Алаш қозғалысының көсемі деп қана емес, қазақтың жер мәселесін ғылыми деңгейде көтерген экономист, ұлттық баспасөзді ұйымдастырған публицист, мемлекеттік автономия идеясын жүйелеген саясаткер, ұлттың тілдік және мәдени тұтастығын мемлекеттіліктің тірегі деп таныған ойшыл деп танысақ игі.

Бүгінгі Тәуелсіз, өз алдына ел болған қуатты Қазақстан кезінде Әлихан Бөкейхан мұрасына қайта үңілу – тарихи тұлғаны ұлықтау үшін ғана емес, ұлттық құндылықтардың мемлекетшілдік негізін қайта пайымдау үшін қажет. Сондықтан, Әлихан мұрасын тек тарихи феномен ретінде емес, қазіргі елдігіміздің идеологиялық, мәдени және саяси негіздерімен сабақтастықта қарастыру – бүгінгі жазбамыздың өзекті бағыты болмақ.

Әлемдік тарихты зерделегенде әр ұлттың қалыптасу кезеңінде шешуші рөл атқарған көшбасшылар ерекше бағаланады. Қазақ тарихында Керей мен Жәнібек, Абылай, Кенесары, Абай сынды тұлғалар мемлекеттілік пен рухани жаңғыру кезеңдерін айқындаса, ХХ ғасыр басындағы ұлттық саяси жаңғыру дәуірінің көшбасшысы – Әлихан Бөкейхан.

Әлиханның ерекшелігі – ол қарулы көтеріліс жолын емес, саяси ұйымдасу, құқықтық күрес, баспасөз, ағартушылық және институционалдық құрылым құру жолын таңдады. «Қарқаралы құзырхаты», Мемлекеттік Думадағы қызметі, «Қазақ» газетінің ұйымдастырылуы, Алаш партиясының құрылуы – мұның барлығы бір жүйелі стратегияның нәтижесі еді.

Бұл жерде ерекше назар аударатын жайт, Әлихан бастаған қозғалыстың ұлтшылдығы. Бұл үстемдікке құрылған ұлтшылдық емес, отаршылдық езгіден құтылуға бағытталған, ұлттың табиғи құқығын қорғауға негізделген ұлтшылдық екені даусыз.

Әлихан Бөкейханның өзі бұл ұстанымды ашық білдіріп, баспасөз беттерінде «Бостандыққа апаратын жол – ұлттық ынтымақ қана» деп жазуы да бекерден бекер емес.

Әлихан Бөкейханның ұлттық мемлекет туралы көзқарасының өзегінде бір қарағанда қарапайым көрінетін, бірақ стратегиялық мәні терең қағида жатқанын аңғара аламыз. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан өзінің қоғамдық қызметіне өзек, Алашорда идеясына тұғыр болған бес ұстанымының төртіншісінде: «Қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек», – деді.

Қазіргі таңда да еш өзектілігін жоймаған тіл мәселесіне де Әлихан ерекше мән беріп: «Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар» деп жазуы да тегін емес. Тек жазып қана қоймай, нақты сол бағытта әрекет етіп қазақтың байырғы, көне мұрасын қағазға қаттап, бүгінгі күнге жеткізгенінің өзі тұтас бір институттың жұмысы ма дерсің. Оның публицистикалық мақалаларында мақал-мәтелдердің, халықтық тіркестердің, дәстүр-салт сананың кездесуі кездейсоқ емес. Патша цензурасы мен Советтің сұрқия саясаты қыспаққа алған кезеңде де ол баспасөз арқылы ұлттық сананы оятуды басты мақсаты деп білді.

«Құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендей, оның қызметі де ауызекі күйінде қалмады. Әлихан қазақ тілінің ғылыми мүмкіндігін кеңейтуге нақты әрекет жасады. Фламмарионның «Астрономия әліпбиін», Д.Тутковскийдің «Жердің қысқаша тарихын» қазақ тіліне аудару арқылы ұлттық тілдің аясын кеңейтті. Бұл елеулі еңбектер арқылы қазақ тілі алғаш рет жаратылыстану ғылымының ұғымдарын игере бастады. Әлихан ана тілін тек этнографиялық сипаттағы тіл емес, ғылым мен саясаттың тіліне айналдыруды көздеді.

Сол сияқты, дін мәселесінде де ол фанатизмге емес, мәдени-өркениеттік тұтастыққа мән берді. Ал, діл ұғымын тарихи тәжірибе мен рухани кодтың жиынтығы ретінде қарастырды. Ұлттық мемлекет осы үштаған – тіл, дін, діл – негізінде ғана орныға алады деп санады.

Алаш зиялыларының «даланы қанға бөктірмей, сананы жаңғырту арқылы мемлекет құру» идеясы – сол кезең үшін өркениеттік таңдау болды. Олар ұлттық мемлекетті революциялық зорлықпен емес, интеллектуалдық дайындықпен орнатуды мақсат етті. Бұл көзқарас бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін де өзекті: ұлттық мемлекет қарумен емес, санамен, біліммен, институционалдық беріктікпен бекемделеді.

Тарихи идеялардың тағдыры әртүрлі. Кейбірі өз дәуірінде жарқ етіп, кейін ұмыт қалады. Ал кейбірі уақытша жеңілгенімен, ұлт жадында сақталып, кейін жаңа тарихи жағдайда қайта жанданады. Алаш идеясы – осындай танымы терең идея.

ХХ ғасырдың басында толық жүзеге аспаған ұлттық мемлекет жобасы ХХІ ғасырда тәуелсіз Қазақстан түрінде тарихи жалғасын тапты. Бұл жерде сөз жай ұқсастық туралы емес, мазмұндық сабақтастық туралы.

Әлихан Бөкейхан үшін жер мәселесі – экономикалық категория ғана емес, ұлттық болмыстың өзегі еді. Патшалық Ресейдің қоныстандыру саясаты қазақ даласын ішкі губерниялардан келген шаруаларға беру арқылы қазақтың тіршілік негізін әлсіретуге бағытталғанын ол ерте ескерді.

Жерден айырылу – болашақтан айырылу екенін түсінген қайраткер ұлттық мемлекеттің тірегі ретінде жерге иелік ету мәселесін күн тәртібінен түсірген жоқ. Бұл ұстаным кейін Алаш бағдарламасында да айқын көрініс тапты.

Бүгінгі Қазақстан жағдайында да жер – тәуелсіздіктің символы ғана емес, негізгі ресурс. Мемлекет басшылығының жер мәселесіне қатысты ұстанымдары, аумақтық тұтастыққа ерекше мән беруі – Алаш идеясымен табиғи үндестік табады.

Әлихан Бөкейхан саяси тәуелсіздікті экономикалық дербестіксіз елестеткен жоқ. Оның публицистикасында қазақ қоғамының шикізат өндіруші шеңберінде қалып қою қаупі жиі қозғалады. «Бір уыс жүн» арқылы кооперация құру, жергілікті өндірісті дамыту идеялары – сол кезең үшін батыл экономикалық көзқарас еді. Бұл – ұлттық байлықты өз игілігіне жарату принципі. Қазіргі Қазақстан да ұзақ уақыт шикізат экспортына тәуелді модельмен өмір сүріп келді. Алайда соңғы жылдары индустрияландыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, экономиканы әртараптандыру бағытындағы саясат – тарихи тұрғыдан алғанда Алаш ұстанымымен үйлеседі.

Әлихан Бөкейханның ең басты тарихи еңбегі – идеяны институтқа айналдыру әрекеті. Партия құру, съездер өткізу, баспасөз ұйымдастыру, келіссөздер жүргізу – мұның барлығы саяси мәдениеттің жаңа деңгейін қалыптастырды.

Бүгінгі Қазақстан – халықаралық деңгейдегі алпауыт мемлекеттердің қатарына енді. Конституциясы бар, институттары қалыптасқан мемлекет. Бұл институционалдық мемлекетшілдіктің жемісі. Әрине, тарихи жолы басқа, саяси контексті бөлек. Бірақ, ұлттық мемлекеттілік идеясының институционалдық жүзеге асуы – мазмұндық тұрғыдан Алаш мұрасымен байланысты.

Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық құндылықты ұранмен қорғау мүмкін емес. Мұны Алаш тәжірибесі дәлелдейді. Бүгінгі кезеңде бұл модель жаңа мазмұнда көрініс табуы қажет. Білім жүйесінде ұлттық мазмұнды күшейту, мәдени саясатта тарихи сабақтастықты сақтау, заңнамалық деңгейде мемлекеттік тілдің мәртебесін нақтылау, қоғамдық жауапкершілікті арттыру – бұлар декларативті емес, құрылымдық шешімдер. Ұлттық мемлекет бір күнде қалыптаспайды. Ол тарихи жадқа, тілдік тұтастыққа, рухани жауапкершілікке сүйенеді. Алаш көсемінің мұрасы осыны дәлелдейді: ұлттық құндылық ұранмен емес, жүйелі саясатпен бекітіледі.

Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары ұлт тағдырын қарумен емес, санамен, ұранмен емес, бағдарламамен, кездейсоқ серпінмен емес, жүйелі саяси оймен шешуге ұмтылды. Олар ұлттық құндылықты тек сақтау емес, оны мемлекеттік құрылымға айналдыру жолын ұсынды. Тіл – қоғамдық сана тетігіне, жер – экономикалық негізге, ұлттық діл – саяси тұтастықтың тірегіне айналуға тиіс.

Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан жағдайында Алаш мұрасы – тарихи қатпар ғана емес, стратегиялық бағдар. Мемлекетшілдік мәдениеті, құқықтық ойлау, ұлттық жауапкершілік – мұның бәрі ХХ ғасыр басындағы Алаш идеясының заманауи жалғасы. Сондықтан, Әлихан Бөкейхан тұлғасын ұлықтау – тек тарихи парыз емес, ұлттық болашақты пайымдаудың қажетті шарты.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button