Ұлт иммунитетінің негізі
Жалпы, тіл – рухани және материалдық құндылығымызды сақтаудың ең басты құралы десек, әрбір ұлт өзінің сан ғасыр бойы дамып келе жатқан ұлттық құндылығын, рухани әлеуетін, бірегей этномәдениетін қастерлеп сақтауға және оны дамыту үшін өскелең ұрпақты өз ана тілінде оқытып, тәрбиелеуі тиіс. Өйткені, ана тілі тек ақпарат алмасу, қарым-қатынас жасау құралы ғана емес, ол – ата-бабадан қалған бай рухани және мәдени құндылық.
Сондықтан да адамды ұлттық мәдени тінінің барлық аспектісінде қалыптастыратын және дамытатын бүкіл әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі оның ана тілінде ғана қамтылған. Ана тілі – ұлттың ұйытқысы. Мәселен, сан ғасыр жинақталып қалыптасқан ұлттық дүниетаным, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, адамгершілік мораль, ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие, этномәдени құбылыстың көптеген ерекшелігі ана тілінде айтылған және жазылған мәтінде, халықтың ауызекі шығармасында, атап айтқанда, ертегі, эпос, жыр, аңыз-хикая, мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпашта, көркем шығарма және т.б. туындыларда әр қырынан көрініс тапқан. Осы аталған бай мұрамыздың бәрін дерлік өткен ата-бабамыз жасаған, ұзақ уақыт бойы қалыптасқан және дамыған, өзгерген және толықтырылған қасиетті құндылық болып саналады. Дәл осы құндылық біздің рухани дүниемізді, мінез-құлқымызды халық, ұлт ретінде өзгелерден оқшаулап тұратын қасиетімізді қалыптастырады. Ұлттың рухани дүниесіндегі жағдайына қарай оның адамдарға, төл табиғатқа, тұрмыс-тіршілікке деген қарым-қатынасы, қоғамдық-әлеуметтік ұстанымы, көзқарасы, философиясы анықталады.
Осылайша, өзгелерге ұқсамайтын рухтың бірегей әлеуеті адамның ана тілі арқылы қалыптасып, пісіп жетіледі. Бұл жөнінде халқымыздың «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» деген мақалында жақсы айтылған. Мақалдың ішкі мазмұнына ой жүгіртсек, кез келген адам үшін ана тілінің қадір-қасиеті қаншалықты маңызды екенін бірден түсінесіз.
XIX ғасырда өмір сүрген немістің әйгілі лингвист-ғалымы және философы В.Гумбольдт: «Тіл – халық рухы, халық рухы тіл арқылы көрінеді. Ұлттың өзіне тиесілі, ішінен өсіп-өнетін рухы болады. Тіл – сол рухтың бірегейлігін сыртқа шығаратын, сақтайтын және ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін күш», – деп ана тілінің мән-маңызын ғылыми негізде дәлелдеп, айқын белгілеп берді. Тіл арқылы халықтың ертеден келе жатқан рухани байлығын тереңнен ұғынып, кеңінен түсіне аламыз. Осы тұрғыдан алғанда, ана тілі – ұлттың бүкіл рухын, ұлттық болмысын, табиғатын, мәдениетін, басқа да ерекшелігін қамтып тұрған қасиетті құндылық.
Осы айтылған ой көпжылдық зерттеу мен тәжірибенің нәтижесі екені анық және бұл пікірге ешкімнің қарсы дау айта алмайтынын біздің қазіргі жағдайымыз дәлелдеп отыр. Сондықтан да ана тілінің баланың рухани дүниесін қалыптастырып, тәрбиелеудегі табиғатын танытатыны жайлы мұндай ой-пікір біз үшін үлкен сабақ болуы тиіс. Ана тіліне деген бүгінгі немқұрайлылық пен құрметтемеудің болашақта ұлтымызға тигізер зардабы зор болуы мүмкін.
Қазір халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы мен рухани құндылығын қасиет тұтпайтын, ана тілінде айтылған ән-жырдың әуез-мақамына, үн-ырғақтық иіріміне ішкі жан дүниесімен беріліп елжіремейтін, өз халқының музыкалық көркемдік туындысын тыңдай отырып, толқымайтын қазақ баласын көз алдыңызға елестету оңай болып барады. Бұл – үлкен қайғы және ұлт үшін орны толмас өкініш. Бұл – кешегі қызыл империяның ұлтсыздандыру саясатының нәтижесі. Ұлтсыздандыру саясаты – қазақ халқын рухани жағынан тұңғиыққа батырып, оның болашағын құртатын үрдіс. Мұндай саясаттың бүгінде «жаһандану» терминімен байланысты және тікелей де, жанама да жүзеге асырылуы кеше ғана (30 жылдан сәл артық) бодандықтың қамытын тастап шыққан қазақ секілді халық үшін қауіпті.
Бүгінгі ХХІ ғасырда ұлттық рухы төмен түсіп, ұлттық құндылығы, иммунитеті әбден әлсіреген халық немесе ұлттың ғана «жаһандану деген аждаһаның апанында» жұтылып кетуі әбден ықтимал. Біз барлық ұлттық ерекшелік пен құндылықты жойып бара жатқан жалпы адамзаттық жаһандану құбылысына өз ана тіліміз бен төл мәдениетімізді, ұлттық болмыс-бітімімізді нығайтып, дамыту арқылы ғана қарсы тұра аламыз. Мұндай рухани тығырықтан шығудың жолы ұлттық құндылық пен рухани бай мұрамызға ерекше мән беру, қадірлеп-қастерлеу және оларды жан-жақты пайдалану деп санаймыз, онсыз бәрін жоғалтуымыз бек мүмкін.
Қазақ мемлекеті үшін ең негізгі құндылықтың бірі – ана тіліміз. Себебі, ана тілі материалдық құндылық пен рухани құндылықты қалыптастыруға және дамытуға бейім ерекше қасиетке ие. Бүгінде қазақ халқының тілін, ділін, материалдық дүниесі мен асқақ, өршіл рухын сақтау ең маңызды міндеттің бірі болып отыр. Ұлттың мол қазынасы, рухани байлығы, қадір-қасиеті мен беделі ана тіліне деген көзқараспен өлшенеді. Өйткені, сол ұлттың бүкіл ішкі әлемі, мүмкіндігі, болашағы, барша жетістігі мен ұлттық құндылығы тек ана тілінде ғана көрініс табады. Сондықтан да ана тіліміз – қол жетпес, ең асыл қазынамыз. Ана тіліміз, қазақ тілі – ұлттың тірегі, ең негізгі ұйытқысы.
Бектұрсын ҚАЛИЕВ,
академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды
зерттеу университеті
қазақ тіл білімі кафедрасының қауымдастырылған профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты