Ұлт қазынасы
Тіл қай халықтың болмасын сарқылмас байлығы. Тіл ұмыт болған елде тарих жоқ, тәуелсіздігі жоқ, ертеңі мен бүгіні жоқ.
Бейбітшілік пен бірліктің киелі Атамекеніне айналған елімізді мекен еткен барлық ұлт өкілдеріне тарихы мен салт-дәстүрін, өзінің ата дінін, тілін, ділін сақтап қалуға барлық мүмкіндіктер жасалған.
Сол мүмкіндіктердің бірі – кім қанша тіл игерем десе де ешқандай шектеу жоқ.
Дегенмен, мемлекеттік тіл – қазақ тілімен қатар, ресми тіл – орыс тілі, халықаралық қатынас тілі – ағылшын тілі болып айқындалған зайырлы мемлекетіміздің әр азаматы мемлекеттік тілді біліп, қадірлеуді өзінің азаматтық борышы деп білуі қажет.
1998 жылы Президент Жарлығымен жарияланған «Қазақстан халқы тілдерінің күні» мерекесі де халқымыздың достыққа, бірлікке деген құрметінің зор екендігіне тағы да бір айқын дәлел болып табылады.
Елбасы әр халыққа жолдауында тіл мәселесін түйіткіл мәселелермен бірге көтеріп келеді, оның «Біз барлығымыз бүкіл қазақстандықтарды біріктіруші негізгі фактор – мемлекеттік тілді дамыту үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет» деген рухты сөздерін жүзеге асыру Қазақстан халқының әр азаматы үшін, әсіресе, біз – мемлекеттік қызметшілер үшін міндет.
«Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп жырлаған Қадыр Мырза Әлі осы төрт-ақ жол өлеңімен қанша тәрбиелік мәні зор, фәлсәфалық мағынасы терең дүниені көрсеткен.
Әрине, заманның ағымына қарай, адамның ой-өрісіне қарай өзге тілдерді оқып, білген әр жанға абзал. Тек, шырылдап дүниеге келген күннен, ана сүтімен дарыған тіліңді – туған тіліңді еш уақытта санаңнан махрұм қылмағын.
Қазақ тілі қандай әсем, құлаққа жағымды, әрі сөздік қоры құлашын кеңге жайған тіл екендігіне дәлел ретінде жиілік сөздігін құрастырушылар 16 мың сөз санаған, ең талғампаз оқырман мен әлемдік әдебиет сыншыларының орасан зор бағасына ие болған Мұхтар Әуезовтің бір «Абай жолы» романын келтірсек те жеткілікті.
Тарихы сонау 4-9 ғасырдағы Орхон-Енисей, Талас ескерткіштері, «Қорқыт ата кітабы», «Оғызнама» сияқты көне жазба мұраларынан бастау алатын осынау баға жетпес қазынамыз түркі тілдерінің тобына жатады.
Тарих бедерінде қазақ жазуының біршама өзгерістерге ұшырағанын білеміз. 1929 жылға дейін Қазақстанда қазақ араб жазуы пайдаланылса, кейіннен Ахмет Байтұрсынұлы ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп жасалған, араб графикасына негізделген «төте жазу» пайдаланылған.
Одан әрі, 1929 жылдан 1940 жылға дейін латын графикасы қолданылып, 1940 жылдан қазірге дейін кирилл әліпбиі қолданылуда.
Бүгінгі таңда қазақ тілінің латын графикасына ауысуы жобалануда. Түркі тілдес елдерді былай қойғанда, Батыс елдердегі қазақтар әртүрлі латын жазуына негізделген әліпбиді пайдаланатындығын ескерсек, бұл саяси шешімнің маңыздылығының зор екендігін атап өткен жөн.
Осы тұста, мемлекет басшысының әлеммен бірлесе түсуіміз үшін, өскелең ұрпағымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілінің жаңғыруына жағдай туғызу үшін әліпбиіміздің латын қарпіне көшірілуі қажет деп білдірген ойынан, оның бұл мәселеге тереңінен зейін қоятындығын байқауға болады.
Латын әліпбиіне көшудің оңтайлы тұстарымен қатар қиынға әкеп соқтырар тұстары да бар. Алайда, бұл көшу тіліміздің таза болуына, оның халықаралық дәрежеге шығуына, компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне енуіне тиімді жолдар ашуына, әрі түбі бір түркі тілдес елдермен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасымыздың күшейе түсуіне ықпал ететіндігін ескерсек, бұл шешімнің дұрыс екендігіне кәміл сеніммен көзіміз жетеді.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Елбасының осы саясатын толықтай қолдайды. Департамент басшылығы мемлекеттік тілдің дамуына айрықша көңіл бөлетіндігін мекемеміздің әзірлейтін бастамашыл ресми іс-қағаздарының міндетті түрде мемлекеттік тілде әрі сауатты әзірленуіне қатаң талап қоятындығынан-ақ аңғаруға болады.
Ата Заңымызда «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген дәрежемен айқындалғаны ата-бабамыздың, кешегі Алаш ордалықтардың, қазақ зиялыларының, тіпті, қарапайым қара халықтың арманына жеткендігінің бір белгісі емес пе?
Ендеше, бабалар рухына тағзым ретінде, қазақ болып туғанымызға құрмет ретінде мемлекеттік тілімізді сақтап қалуға, дамытуға әрқайсымыз ат салысуымыз қажет.
А. Әмірқызы,
ҚР Мемлекеттік
қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласындағы
бақылау басқармасының бас маманы.