Бас тақырып

Ұлтқа қызмет еткен ұлы жүрек

«Qarmet» АҚ Көмір департаментінің акт залында елге танымал мемлекет және қоғам қайраткері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Шаймерден Әбілмәжінұлы Уразалиновтың жеке архив қорының тұсаукесері өтті.

    

Іс-шараға билік өкілдері, қоғам қайраткерлері, әріптестері, достары, отбасы мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиналған қауым Шаймерден Уразалиновтың бай өмір жолы мен еңбектегі ерен жетістіктеріне тағзым етіп, оның қоғам үшін жасаған еңбектерін ерекше ықыласпен еске алды. 

Іс-шара қор иесінің өмірі мен қызметіне арналған деректі фильмнен басталды. Сонымен қатар, тарихи-деректі көрме ұйымдастырылды.

Шаймерден Әбілмәжінұлы Уразалинов 1942 жылы 17 қарашада Петропавл қаласында дүниеге келген. Алайда оның өмірі мен еңбек жолы Қарағанды қаласымен тығыз байланысты. Осы қалада мектепті, кейін Қарағанды политехникалық институтын «Тау-кен инженері» мамандығы бойынша аяқтап, еңбек жолын 1960 жылы қарапайым моторист қызметінен бастаған.

Инженерлік және ғылыми қызметпен қатар, ол өндірістік басшылыққа дейін көтеріледі. 1975 жылы техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. 1965–1987 жылдары аралығында тау-кен байыту саласында түрлі лауазымды қызметтерді атқарып, өндірістегі білім мен тәжірибесін мемлекет дамуына бағыттады.

1984 жылдан бастап ол мемлекеттік қызметке белсенді араласа келе, Қарағанды қаласының Октябрь аудандық атқару комитетінің төрағасы, кейін қалалық атқару комитетінің төрағасы, әкімшілік басшысы және қала әкімі болып қызмет атқарады. 

1997 жылы Шаймерден Уразалинов Қарағанды облысы әкімдігі жанындағы Тәртіптік кеңестің алғашқы төрағасы болып тағайындалды. Кейін 1999–2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің екі шақырылымында депутат болды. Ол ел үшін маңызды бірқатар заңнамалық бастамаларды көтеріп, жаңа Еңбек кодексінің әзірленуіне белсене атсалысты. Сонымен қатар, «Еңбек» және «Ауыл» депутаттық топтарының мүшесі ретінде өңірлердің мәселелерін шешуге ықпал етті.

Парламенттен кейін де ол түрлі экономикалық және әлеуметтік бағыттағы құрылымдарда басшылық қызметтер атқарды. Соңғы қызметі – Қазақстандық электр энергетикасы қауымдастығының төрағасы болды.

Шаймерден Уразалиновтың елге сіңірген еңбегі түрлі мемлекеттік марапаттармен бағаланған. Ол «Құрмет» төсбелгісі, «Парасат» ордендерімен, «Іске адалдығы үшін» және «Қайырымдылық үшін» медальдарымен, «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, сондай-ақ сансыз Құрмет грамоталарымен марапатталған. 

Шаймерден Уразалиновтың жеке архив қорын Қарағанды облысының мемлекеттік архивіне жұбайы Дана Кенжебайқызы тапсырды.

 

– Бүгін мен үшін ерекше күн. Жұбайымның арамыздан кеткеніне алты жыл өтсе де, оның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақтаулы. Оны ұмытпағандарыңызға үлкен алғыс айтамын! Біз 54 жыл бірге өмір сүрдік. Ол ешқашан өзінің қара басын ойлаған емес, әрқашан басқа адамдарды ойлап тұратын. Мен оның құжаттарын мұрағатқа тапсыруды өзімнің парызым деп санадым, өйткені оның өмір жолы болашақ ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Сондай-ақ, мен депутаттарға қаламыздағы бір көшеге оның есімін беруді ұсындым, себебі оның есімі тек жүрегімізде ғана емес, туған қаламыздың картасында да сақталуға лайық деп сенемін, – деді Дана Кенжебайқызы.

Қорда ұсынылған құжаттар — өмірбаяндық мәліметтер, сирек фотосуреттер, марапаттау куәліктері, сондай-ақ, оның өмірі мен қызмет жолы жайлы жарияланған мақалалар архив қорымен бірге тарихта қалмақ.

Шаймерден Уразалинов — ел тарихындағы ірі тұлғалардың бірі. Оның бай рухани мұрасы, адал еңбегі мен патриоттық ұстанымы қазіргі және келер ұрпақ үшін биік үлгі болары сөзсіз.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button