Ұлтқа адалдықпен өрілген өмір
Өмірдің әр белесі – адамның ерік-жігерін, адалдығын, табандылығын сынайтын баспалдақ. Бірақ, кей адамдар сол баспалдақтарды жай ғана аттап өтпей, өз жолын өзі салып, соңынан ілескендерге бағыт-бағдар көрсететін шамшыраққа айналады. Ондай жандар бір ауылдың, бір ауданның ғана емес, тұтас бір дәуірдің жүгін арқалап, тарихтың өз ішінен сөйлеп тұрады. Солардың бірі – биыл 90 жасқа толып отырған, Тыл ардагері, Шет ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз, білікті басшы, халықтың жанашыры Марс Еренбекұлы Төлеуқұлов. Оның өмір жолы – қарапайым мұғалімдіктен аудандық партия, кәсіподақ, әкімдік қызметтеріне дейінгі сан алуан белестермен өрілген, бірақ бәрінің өзегі – халыққа қалтқысыз қызмет ету, елдің ертеңіне адал болу.

Аға тұтар асыл азамат
Халқының қалаулысы, елінің елеулісіне айналған қасиетті және киелі өңір Сарыарқа жерінен шыққан абыз ағам Марс Төлеуқұловпен өткен ғасырдың 70-жылдарының басында танысқан едім.
Тағдырдың жазуымен мен 1973 жылы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің тау-кен факультетіне оқуға түскен едім. Атаулы факультетте Қарағанды, Жезқазған және басқа да өндірісі дамыған облыстардың азаматтары оқыған еді. Солардың ішінде, мен Бәкен Төлеуқұлов, Мейрамқұл Шайкенов, Шахамұрат Баубеков және басқа да Жезқазған, Қарағанды өңірлерінен келген студенттермен жақын араласып, достығымыз жарасып кетті. Қызықты студенттік жылдары Бәкен досыммен бірге каникулда Ақсу-Аюлы ауылына қонаққа барып жүрдім. Марс Еренбекұлының отбасында қонақта болып, ақыл-кеңестерін мұқият тыңдаған күндерім болды. Ағамыз ол уақыттарында Шет ауданында жауапты қызметте болатын.
1978 жылы университетті бітірген соң мен Жезқазған қаласында жұмысқа орналастым. Жұмыс бабымен облыс аудандарына, шалғай жатқан елдімекендерге іссапармен барып жүрдім. Реті келген кездерде Ақсу-Аюлы жерінде болып, Марс ағаның қолын алып, хабарласып тұрдым. Текті азамат мені міндетті түрде үйіне шақырып, кішілігіме қарамай, керемет сый-сияпаттарын жасағанын қалай ұмытамын?! Әр кездесуде ол маған ағалық ақылдарын айтып, өзін менімен тең ұстап, ішкі қуаныштарымен бөлісетін.
Көп ұзамай мен мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне қызметке ауыстым. Жезқазған, Жәйрем, Қаражалда жұмыс істедім. 1988 жылы Ақадыр аудандық бөлімге жауапты қызметке келдім. Соңғы жылдары Ақадыр аудандық бөлімнің бастығы болдым. Не керек, 1988-1994 жылдары Ақадыр кентінде тұрып, қызмет бабы бойынша Шет, Ақтоғай аудандарында жиі болып тұрдым. Сол кездерде Марс ағамен араластығым үзілген жоқ. Ол кісі маған бір тумаса да, бірге туған ағамдай болып кетті.
Саналы ғұмырын елінің өсіп-өркендеуіне арнаған абыз ақсақалымыздың 90 жылдың мерейтойының алдында бірнеше рет жүздесіп, сұхбаттастық. Ақсақал мерейтойға зор жауапкершілікпен, мығым дайындалып жатыр екен. Өзінің өткен өмірінен сыр шертіп, 90 жасқа жақындап қалғанын, көзкөргендерін, жақындарын еске алып, біраз әңгіменің тиегін ағытты. Осы кездесулерден соң қамқоршы әрі ақылшы ағам Марс Еренбекұлының мерейлі тойы қарсаңында өткен күндерге көз жіберіп, еліне сіңірген еңбегі, азаматтық болмысы хақында қалам тербегенді жөн көрдім.
Туған жерден тамыр тартқан
Марс Еренбекұлы 1935 жылдың 23 шілдесінде Қарағанды облысы, Шет ауданының Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген. Аштық пен соғыс елесін ерте сезінген ұрпақтың өкілі. Балалық шағы ауыртпалықпен өткенімен, білімге деген құштарлығы мен талапшылдығы оны ерте есейтті. 1951 жылы орта мектепті тәмамдаған соң Қарағанды мұғалімдер институтына оқуға түсіп, оны 1953 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша аяқтайды.
– Мұғалім болу – мен үшін тағдырдың сыйы емес, өз таңдауым еді. Адам жанына жарық сыйлау – киелі міндет екенін сол кездің өзінде-ақ жүрекпен түсіндім, – дейді ол.
Білімге құштар жас жігіт мұнымен шектеліп қалмай, 1960 жылы Қарағанды педагогикалық институтының филология факультетін, 1974 жылы Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік институтын үздік дипломмен аяқтайды.
Қайрақтыдағы алғашқы қадам
Марс Еренбекұлы еңбек жолын 1953 жылдың тамызында туған ауданы Шетке қарасты Қайрақты орта мектебінде мұғалім болып бастайды. Жарты жылдан соң мектептің оқу ісінің меңгерушісі қызметіне көтеріліп, сол міндетпен қатар сабақ беруді жалғастырады. Бұл – ұстаздықтың алғашқы баспалдағы ғана емес, бүкіл бір қауымның сеніміне ие бола бастаған кезі.
1955 жылдың қаңтар айынан бастап, 1956 жылға дейін аудандық оқу бөлімінде инспектор болып еңбек етті. Ол кезде небәрі 20 жас шамасындағы жас маман үшін бұл – үлкен жауапкершілік еді.
1956 жылдың қыркүйегінде Қызылту колхозында жаңадан жетіжылдық мектеп ашылмақ болып, Марс Еренбекұлын аудандық оқу бөлімі сол мектепке директор етіп тағайындайды. Бірақ, жаңа оқу жылы басталуға санаулы күндер қалғанда барған Марс ағаны күтіп тұрған – мектеп емес, құрылысы аяқталмаған қаңыраған үй еді.
– Мектеп үйі салынған, бірақ, іші сыланбаған, партасы, үстелі, тақтасы, ештеңесі жоқ. Мен үшін бұл сынақ болды. Бір сәт ойланып: «Қазір шегінсем, бұл балалар не істемек?» дедім де, іске кірістім», – деп еске алады сол күндерді.
Колхоз басқармасы Әкімбек Жақыпов пен селолық кеңес төрағасы Алтыбай Нақыповқа жағдайды баяндап, аудандық оқу бөліміне хабар береді. Мұғалімдер мен ауыл азаматтарын жұмылдырып, мектептің ішін сылау, есік-терезесін бітеу, құрал-жабдық тасу секілді жұмыстарды өзі ұйымдастырады.
– Көлік деген жоқ еді ол кезде. Ақыры парта, үстел, орындықтарды Жарық станциясынан өгіз арбамен тасуға тура келді. Қамза Қыздарбеков, Әбәйділдә Мұқанов, Бәкия Әбілдина секілді мұғалімдермен бірге жаяу-жалпылап, өгіз арбамен 15-20 күн жүріп, керекті заттарды жеткіздік, – дейді Марс аға.
Осылайша, 1956 жылдың 15 қазанында мектеп оқушыларға есігін айқара ашып, сабақ басталады. Бұл – өз ісіне шын берілген мұғалімнің, ұйымдастырушының, азаматтың алғашқы жеңісі.

Боранды белестер мен инспекторлық із
Марс Еренбекұлы аудандық оқу бөліміндегі инспекторлық қызметін 1955 жылдың қаңтарында бастап, 1956 жылдың күзінде директорлық қызметке ауысқанға дейін жалғастырды. Бірақ, бұдан кейін де оның инспекторлық жұмысқа қайта оралып, бұл саланы ұзақ жылдар бойы дамытуға қосқан үлесі зор болды.
– Ол кезде оқу бөлімінде бар болғаны екі-ақ инспектор едік. Ауданда 43 мектеп бар. Оларды түгел аралап, методикалық көмек көрсету, мұғалімдердің сабақтарына қатысу, акт жазу – бәрі біздің мойнымызда, – деп еске алады Марс аға.
Бұл бір қиын да, қызықты шақ болатын. Жол жоқ, техника тапшы, көбіне атпен немесе атшанамен жүруге тура келеді. Жолға шыққанда бір апта, кейде бір ай бойы іссапарда жүретін кездер де көп болған.
– Зәбира Әлікеевпен бірге боранды күні екі ат шанамен шықтық. Ақсу, Еңбекшіл, Кеншоқы, Қарғалы, Ақшатау, Ақжал, Женет секілді мектептерді араладық. Бір күні боранда адасып кетіп, өліп қала жаздадық. Бірақ жылқы – есті жануар ғой, жол тауып, бір қыстаққа жеткізді, – дейді ол сол күндер туралы.
Мектептерді аралап болған соң, кешке қарай 30-40 бетке дейін қолмен акт жазылады. Копировка қағазымен екі данадан, әрбір мектеп жұмысына баға беріледі. Одан соң педагогикалық кеңес өткізіліп, мұғалімдердің жұмысын саралап, қорытынды жасалады. Бұл – нағыз жауапкершіліктің мектебі емей немене?!
Туған топырақтағы тынымсыз еңбек
1961 жылдың қараша айында Марс Еренбекұлы туған жеріндегі Шет орта мектебінің директоры болып тағайындалды. Бұл мектепте ол 1966 жылдың тамызына дейін, бес жылдан астам уақыт еңбек етті.
Бірақ, дәл осы кезеңде Шет ауданы әкімшілік тұрғыдан таратылып, Ақтоғай ауданына қосылып кетеді. Бүкіл басшылық тарап, ауданда тек бір селолық кеңес төрағасы – Исатай Омаров қалады. Осы қиын шақта, 1963 жылы Ақшатау кен-байыту комбинаты жаңадан мектеп салып жатса да, ғимараттың әлі толық дайын еместігіне қарамастан, мектеп ұжымына жаңа мектепке көшу міндеті жүктеледі.
– Қаңтардың қақаған аязында, қыс ортасында жаңа мектепке көшіп бардық. Алайда, ол кезде Ақсу-Аюлыда басқа жылу жүйесі жоқ. Көмірді Ақшатаудан тасимыз. Өзім бастаған мұғалімдер кезекшілікке тұрып, пеш жағамыз. Гриша Гайсин деген сантехник әрі электрик, әрі слесарь азамат аянбай еңбек етті. Сондай бірлікпен жұмысы бір қалыпқа түсірілген сол мектеп те, қазандығы да 50 жылға жуық жұмыс істеп келеді, – дейді Марс аға.
Осындай қиындықтарға қарамастан, мектептегі білім сапасы жоғары деңгейде болды. 1962-1963 оқу жылында үш оқушы – Рахмет Рысбеков, Рашид Жүнісов, Бақыт Смағұлова алтын медальмен мектепті аяқтайды. Ол дәуірде бұл – сирек жетістік болатын.
– Мұғалімдерді баулуға, оларды әдістемелік тұрғыда жетілдіруге барымды салдым. Оқушыларға білім беріп қана қоймай, тәрбие жағына да көп көңіл бөлдік. Мектеп елдің болашағын қалыптастыратын шеберхана екенін сол кезде-ақ жан-тәніммен сезіндім, – дейді ұстаз-азамат.
1966 жылдан бастап, Марс Еренбекұлының еңбек жолы қоғамдық және партия қызметтеріне қарай ауысады. Ол Шет аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінде нұсқаушы, Орджиникидзе атындағы совхозда партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істеді.
1972 жылдан 1979 жылға дейін аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы болып еңбек етіп, қызметкерлердің әлеуметтік және кәсіби жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлді.
1979-1983 жылдары аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1983-1988 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы, 1988-1992 жылдары Ақшоқы совхозы партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды.
1992 жылдың ақпанынан 1997 жылға дейін Шет ауданы әкімінің аппарат басқарушысы ретінде жұмыс істеді. Ол кезде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды жұмыстарды үйлестіру оның басты міндеті болды.
Еңбек еш кетпейді
Ұзақ жылдар бойы еліне аянбай тер төккен Марс Еренбекұлының еңбегі ешқашан назардан тыс қалмады. Елдің, Үкімет пен партияның құрметі оның адал қызметінің айқын белгісі болды.
Атап айтсақ, «Тыл еңбеккері-ардагері», «Тың және тыңайған жерлерді игеру» медалімен марапатталды.
1970 жылы «Қажырлы еңбегі үшін» медалі берілсе, 1986 жылы «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. Бұл марапат оның ұзақ жылғы табанды еңбегінің айғағы еді.
Бұдан бөлек,1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы Шет ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Сонымен қатар, облыстық, республикалық деңгейдегі бірқатар Құрмет грамоталарымен марапатталғанын атап өткен жөн. Шет аудандық Кеңесінің 17 жыл депутаты және 16 жыл Шет аудандық партия комитетінің мүшесі әрі бюро мүшесі болып сайланған.
Елге қызмет – ерге міндет
1995 жылы 60 жасқа толып, зейнеткерлікке шыққанымен, Марс Еренбекұлы қол қусырып қалған жоқ. Оның энергиясы мен жігері әлі де сарқылған жоқ еді. Ол Қарағанды политехникалық колледжінде мұрағат жетекшісі болып жұмыс істеп, жастарға тәлім беруді, өткен тарихты сақтап, келер ұрпаққа жеткізуді өзінің маңызды миссиясы деп санады.
2001 жылдан бастап, 2020 жылға дейін Қарағанды қалалық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі әрі президиум мүшесі болды. Ардагерлердің әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері жөніндегі комиссияны басқарды.
Сонымен қатар, Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет етіп, Қарағанды облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі болып та сайланған. 2020 жылы «Қарағанды қаласының Құрметті ардагері» атағы берілген.
– Ардагерлер – қоғамның алтын қазынасы. Олардың тұрмысы мен денсаулығына мән беру – біздің парызымыз. Бір пәтерді жөндеу, мүгедек арбасын алу сияқты мәселелерге жәрдемдесудің өзі – үлкен ризашылық пен құрметтің көрінісі, – дейді Марс аға.
Оның жетекшілігімен әлеуметтік қолдау көрсету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.
Өмір бойы елге қызмет еткен азаматтың жазғаны да өз салмағын айқындайды. Марс Еренбекұлының «Сөнбейтін шырақ», «Айтылмаған ақиқат», «Сағыныш сазы» атты кітаптары жарық көріп, тез арада оқырманын да тауып үлгерді. Бұл еңбектер – кейіпкеріміздің естеліктері, ұстанымдары және өзіне тән өмірлік тәжірибесінің жинағы. Аталған кітаптарда отбасындағы ата-ананың рөлін, перзент алдындағы қадірін айшықтап көрсетуді мақсат тұтқан.
Өнегелі өмір, ұлағатты ұрпақ
Марс Еренбекұлы аяулы жары Роза Ыбырайқызымен өмірлік жолда бірге жүріп, бір шаңырақ астында жеті бала тәрбиелеп өсірді. Олар қазақы тәрбиенің қайнарынан сусындап, ата-баба дәстүрін қадірлеп, өнегелі әулеттің өрісін кеңейтті.
«Ұлың өссе – ұрпақ, қызың өссе – өріс» деген халық даналығына сай, балаларының әрқайсысын білім мен өнерге баулып, үлкен өмірге қанат қақтырды. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, бүгінде бәрі де үйлі-баранды, бала-шағалы, өз алдына жеке бір-бір әулетке айналды.
Сөз соңы
Марс Еренбекұлы Төлеуқұловтың 90 жылдық өмірі – еліміздің бір шағын аймағындағы білім мен мәдениеттің, ауыл шаруашылығының дамуына арналған қажырлы еңбек пен адалдықтың тарихы. Ол қай салада еңбек етсе де, ел игілігі мен азаматтардың жағдайын жақсартуға бағытталған.
Ел мен жерінің, халық пен ұрпағының тағдырын ойлаған адам ғана осындай мәртебеге жетеді. Марс Еренбекұлының өмірі – бүгінгі ұрпақ үшін өнеге, елге қызметтің асқақ үлгісі.
Марс аға Роза жеңгеміз екеуі баянды ғұмыр кешіп, жеті баласын, немерелерін тәрбиелеп, шөбере сүйіп, бақытқа бөленген жандар. Марат, Талғат, Бауыржан бастаған ұлдары, Дина, Қымбат, Гүлмира және Дана қыздары өмірден өз орнын тапқан отбасы иелері.
Марс Еренбекұлының өмірі, белестері бәрімізге үлгі. 90 жасқа толып отырған мерейтой иесі ел арасында биіктен көрінуде. Текті азамат, абыз ағаға осындай қуанышты күннің қарсаңында зор денсаулық, ғибратты ғұмырының асқақтауын тілеймін!
Әділ ШАЯХМЕТОВ,
генерал-лейтенант, мемлекет және қоғам қайраткері,
Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ҰТЗУ Ректорлар кеңесінің Құрметті мүшесі,
Шет ауданының, Қаражал қаласының Құрметті азаматы