ӘдебиетБас тақырып

Өлшеусіз бақыт, өзгеше тағдыр

Қазақ өзін танып, тамыр-тегіне орала бастағанда ғана Абай рухына жақындай алатын сыңайлы. Абай рухына оралу, оны шамшырақ ету – адамзаттың асыл рухымен сусындап, өркениеттің өріне шығу деген сөздің баламасы. Ақиқатты танытатын Ар ілімі. Оны Алаш ұранды қазақ баласында алғаш біліп, пайымдаған – Әлихан Бөкейхандай ұлт көсемі екені кейінде ғана айтылып жүр.

Сақтар мен ғұндардан тамыр тартып, ұлы Түрік империясынан Шыңғыс хан дәуірі – Алтын Орда заманының айбарын алып, дербес ұлт, жеке мемлекет тудырған Қазақ топырағы дүниеге Абайдай алыпты әкелді. Өзіне дейінгі және өзінен кейінгі бірнеше замандардың ақыл-парасатын арқалап туған Абай тағылымы мен Абай үлгісі – біздің ұлттың маңдайына жазылған өлшеусіз бақыт. Өзгеше тағдыр! Тек Алланың жазуымен ғана болатын мұндай құбылысты алыстан танып, жан-жүрегімен сезінген Мұхтар Әуезов бар ғұмырын Абай шығармашылығына арнап, дәуірнамалық еңбегін «Абай жолы» атауының бір сыры сонда болса керек. «Ел болам десе, қазақ ендігі уақытта Абайдың жолымен жүру керек» дегенді ұсынды ұлы Мұхаң. Ашық айтарға заман тар еді. Тіл кісендеулі-тұғын. Бүткіл ұлт пен ұлыстың темірқазығы – Абай өсиеті мен өнегесінде деп тереңнен ұқтырды, бірақ. «Алыстан сермеп, жүректен тербеп» айтты. Не керек, замана теріс айналғанда қазақта оны байыптарлық мұрша да болмай қалды. Қайдағы жоқ теріс ұғымдар зордың күшімен дәріптелді де, Абай мен Алаш далада қалды. Әйтпесе, қадым замандардан бері Конфуций ілімімен өмір сүріп келе жатқан қытай қандай, Абайды айналып өтіп отырған қазақ қандай қазір?

«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың, елден бөлек»

немесе

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек»

деген Абай қазағына «толық адам» концепциясын ұсынды. Мұндай өрелі тұжырым хакім шығармашылығында оқтын-оқтын төбе көрсетіп отырады. Тегінде, жекелеген адамды жалпақ бір ұлттан бөліп алып қарастыруға бола ма? Қайдам?! Айдаладағы қаймана қазақтың өзі ұлттың бір өкілі емес пе? Бір ұлт – біртұтас ағза болса, оның әрбір өкілі соның бір-бір жасушасы дегенге саяды. Әрқайсының атқаратын қызметі және бар. Олай болса, «күніне немесе аптасына, тым құрыса, айына бір рет өзіңе есеп бер» деді хакім. Қарақан басыңа, болмаса, қасыңдағы досыңа не жақсылық қыла алдың? Бүгінде сөзден іске көшетін заман дегеніміз қайда сонда? Бақсақ, ол сонау Абай заманында туып қойыпты. Ал, осы бір ай ішінде ештеңе бітіре алмасаң, өміріңнің текке өткені емей не? Хакімше айтқанда, «Бір минут бір кісінің өміріне ұқсас, Өтті, өлді, тағдыр жоқ қайта келмек».

Алашты Абайдай түсініп, дертінің дауасын тап басып айтқан жоқ қазақта. Ал, Абайды түсініп, білдім деуге аузы баратын адам бар ма қазір? Оның өлеңдері мен Қара сөздерінде көтерілген кез келген мәселе бүгінде өзегін жоймай отырса, хакім сынаған қазақтан ұзап кете қоймағанымызды білдірмей ме? Қаншама зиялысы, ғылыми зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындары бар мынадай дамыған заманда! Ақыл жетпей отыр, демек. Әлеуметтік мәселелерді көтерген шығармаларының шетін ғана айтып отырмыз мұнда. Ал, адамзат рухын, өмір мәнін тереңірек қаузаған мәңгілік мұраларына «тіс батыру» үшін әулие Мәшһүр Жүсіп Көпей айтпақшы, «Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатонның ақылы керек».

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button