Поэзия

«Ұлпа мұңға жүректен төр ұсынып…»

Сыныптасы жоқ бала

Қара бастың қамы үшін қала барып,

Жұртымыздың жүрегін жараладық.

Бауырынан көк белдің ұшқан құс та,

Ауылымнан келеді хабар алып.

Сол хабардан ұққаным,

Шетке бөтен,

Шеру тартқан аз емес, көптен екен.

Бізден соң да көбі елдің кіндік үзіп,

Ауа көшіп аулаққа кеткен екен.

Туған жерді (тұратын жаным қалап),

Ойлар болсам уайым қалыңдамақ.

Бал күнімнің куәсі ескі үйіме,

Ескі көршім жүр дейді малын қамап.

Тілімдеген жүрегін тірі адамның,

Жайын естіп қалайша жұбанармын.

Сыныптасы жоқ екен бір інімнің,

Түлік басы көп екен бір ағамның.

Болмаған соң болаттай ірге мықты,

Орман жұртым селдіреп үлгеріпті.

Сырласы жоқ кәріні көріп едік,

Құрдасы жоқ баланы кім көріпті?!

Жасы кетіп жұртынан жырақ, дара,

Жат өңірден тауыпты тұрақ, пана.

Үркердей-ақ үй қапты үрпиісіп,

Бір сыныпта бар екен бір-ақ бала.

Өміріме өң берген өңір еді,

Жүрегімді осы жайт кеміреді.

Көзімді ілсем түс көрем…

Түсімде ылғи,

Сырын айтып бір бала егіледі.

Сырын айтып бір бала мұңаяды,

Қинаған жоқ мені ешкім бұлай әлі.

Сол баланың тағдырын кім түсініп,

Сол баланың тағдырын кім аяды?!

Қандай белгі қалады өткенінен,

Балалықтың балауса көктемінен.

Жалғыз аяқ жолменен жалғыз барып,

Жалғыз қайтар жабырқап мектебінен,

құрдасы жоқ бауыр – ай, досы да жоқ,

Қалай айтам жабықпа, жасыма деп.

…Қараша үйде қариям отыр дейді,

«Көрсеткенің е-е-е, тағдыр, осы ма деп»…

 

Қайран, Қукем

(Қазақтың белгілі әншісі, аяулы ағайым

Қуат Қожамбаевтың рухына)

Азамат едің әр ісі

Көрінген шырқау биіктен.

Даладай дара дауысы

Қысырдың өзін иіткен!

Үзілдің сәтте-ақ қас–қағым,

Салды да ажал құрығын.

Ақсораңымдай асқағым,

Тоқырауындай тұнығым!

Өнермен ғана ісі боп,

Ағам-ай, өткен көз ілмей.

Кісілігі жоқ кісі көп,

АДАМ аз, бірақ, өзіңдей!

Әніне елтіп жас – кәрі,

Өнермен өрген ғұмырын,

Ағасы кетіп аспаны,

Аласарғанның бірімін.

Шықпадың әсте санадан,

Көңілде енді күй бөтен.

Қадірі бөлек жан ағам,

Қабірге қалай сыйды екен?

Қазасы жетіп қапыда,

Алынбай асу, қамалдар,

Өзімен бірге аты да,

Бірге өлген қанша адам бар.

Ал сенің жайың басқа тым,

Кезің жоқ мүлгіп-қалғыған.

Әнің мен әр кез жақсы атың,

Еліңнің шығар алдынан.

Бақұл бол енді, Ән-ағам,

Асылы адамзатының.

Алшаң да басып арадан,

Алыстап кеткен жақыным…

Қазақы күй

Жерім сатылды,

Кенім сатылды.

Елге етене,

Ерім шатылды.

Тілім – қырқылды,

Дінім – түр-түрлі.

Бағам кеміді,

Жағам жыртылды.

Барым – жоғалды,

Бағым – тоналды.

Шеттен шыққандар,

Шекпен – шен алды.

Қоғам – құбылды,

Молам – сүрілді.

Даңқым – жер жарды,

Қалпым – бұрынғы.

Көптің «айыбы»,

Жетті қай үні?

Еншім – ортайды,

Көршім – байыды.

Біздің мінбеде,

Тізгін – кірмеде.

Қауым – ұйқыда,

Жауым – іргеде…

***

Төк, Тәңірім, нұрыңды,

Шарықта елдің сазды әні.

Өлгеніміз тірілді,

Өшкеніміз маздады.

Керек пе енді бос күмән?

Бүтінделді жартымыз.

Алты қырдың астынан,

Асып кетті даңқымыз.

Жат жанынан түңілді,

Парызым жоқ өтелмес.

Атағымды бүгінгі,

Алпыс атан көтермес.

Көк туымыз желбіреп,

Күнім көкте де шат күлді.

Жүрегіміз елжіреп,

Жарылуға шақ тұрды.

Тарқамаған базары,

Елден Ерім бата алды.

Астанамның ажары,

Жалт қаратты жаһанды.

Бағымызды асырдық,

Әділетке жүгіндік.

Алақандай ашылдық,

Жұдырықтай жұмылдық.

Біз секілді әр елге,

Төрден орын тиіп пе?..

Түбіріміз тереңде,

Тұғырымыз биікте!

Дәстүріміз жаңғырып,

Туды ғажап күніміз.

Жаса бізбен мәңгілік,

ҰЛТТЫҚ АЗАТТЫҒЫМЫЗ!!!

ҚҰЛПЫТАСТАҒЫ ЖАЗУ

«Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде…»

Жұматай.

Өлгендердің санатына қос, күнім,

Мен өлгенмін – жасын түсіп жүрекке.

Сенің мұңлы жоқтауыңды естідім,

Еніп бара жатып лақат – түнекке.

Пендең едім алшаң басқан ісініп,

Бұйырмасын білсем –дағы орта бақ.

Түлкі өмірдің түбі алдарын түсініп,

Кете барғам арманымды арқалап.

…Жырымды оқып, мәнін ұқпай шет қағып,

Сырымды айттым… түсінбеді сырт өңір.

Мәңгілікті мәңгілікке бетке алып,

Мен де саған күліп кеттім қырт өмір…

* * *

Жүрегім жырға жерік болғалы,

Өміріме өлең серік болғалы

Өмірдің күзі жемісін бермей,

Көңілдің мұзы еріп болмады.

Шығам деп алып түнектен көпті,

Жанымның мені үні өктем етті.

Қазаққа төнген кауіптің бәрі,

Алдымен мендік жүректен өтті.

Ет-жүрек содан езілген мынау,

Түспейді қайтіп сезімге қылау?

Шалшықтың – көлге,

балшықтың – тасқа,

Айналып кеткен кезінде мынау.

Жалғанда түк жоқ десем де мәңгі,

Өмірден алар есем көп әлі.

Мылқауға бүгін тіл шықпақ түгіл,

Сөйлей де сөйлей шешен боп алды.

Жете алмай көкке анық төбеміз,

Ұмайдай ұлып маңып келеміз.

Тектіге ғана бұйырар Бақты,

Ептіге неге таңып береміз?

Соны ойлап көңіл күпті ала бөтен,

(Жанымды мұңмен жұптаған ба екен?)

… Ақынның егер азабын артса,

Атанға қанша жүк болар екен?…

САҒЫНЫШ

Сұрықсыз күндер өтіп сабылысқан,

Сарғалдақтай сарғайдым сағыныштан.

Ұлпа мұңға жүректен төр ұсынып,

Жан – жадау, арман – алаң, көңіл – сынық.

Өзіңді аңсап жаным да жалқынданар,

Сенсіз өмір қоңыр күз салқын жанар, –

екендігін ілкіде – ақ түсінген ем,

Сезімге селкеу содан түсірмеп ем.

Мен ақ қардай ақ едім азандағы,

Сен бір жан ең сол қардай таза арманы,

Екеумізді жүретін бал аштырып,

Ғапыл өмір тыңды ақыр адастырып.

Терезесін көңілдің қырау шалып,

Сені іздедім жаһаннан сұрау салып.

Сезімге серттей берік жан арманым,

Сені іздедім шарқ ұрып таба алмадым.

Таңғы шықтай бәкізе ек, мөлдір едік,

Өткенді аңсап өртеніп енді келіп,

Жүрекке һәм мұң кілкіп келбетімде,

Жыландай түсі суық жер бетінде,

Жан – жадау, арман – алаң, көңіл – сынық,

Келемін қоңыр төбел өмір сүріп,

Өзіңсіз.

ТҮСІНЕРСІҢ ЖАНЫМДЫ…

Сабырымды сарқыдың,

Жалыныңды шарпыдым.

Түсіргейсің жаныма,

Жарығыңды жарқыным.

Қыз дегенім – ең керім,

Іздегенім сен бе едің?

Сені көріп емі жоқ,

Кеселдейін меңдедім.

Бойыңда ағып нұрлы ағын,

Ойымды алып сырлы әнің.

Шырайлым-ау, шырқымды ап,

Шырмауықтай шырмадың.

Түсінерсің хәлімді,

Кісі дерсің жалынды.

Сені көріп жүрегім,

Жүрісінен жаңылды.

Сүттен аппақ арың бар,

Күткен аптап жаның бар.

Сенсіз қалай күнелткем,

Әлі күнге таңым бар.

Сабырымды сарқыдың,

Жалыныңды шарпыдым.

Түсіргейсің жаныма,

Жарығыңды жарқыным.

Үніңде екен нәзіктік,

Түріңде екен нәзіктік.

Шыр айналдым асаудай,

Сені, қалқам, қазық қып.

Сертім де енді жалынды,

Дертім де енді мәлім-ді.

Өзің тапқын бір емін,

Текке ауыртпай жанымды…

Ілияс МҰҚАЕВ

республикалық Бұқар жырау, Т.Айбергенов, Н.Маукенұлы, Т.Молдағалиев атындағы әдеби сыйлықтарының иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button