Бас тақырып

Логопед қашанға дейін қат болады?

«Балам сөйлемейді» деп шағымданатын ата-ана көбейді қазір. Бұл логопед, дефектолог ма­ман­дарға сұранысты арттырып, мамандықтың қоғамдағы маңызын айшықтай түскендей. Бала дамуының бастапқы кезеңінде тілдің қалыптасуы үлкен рөл атқарады. Алайда көптеген балалар тіл кемістіктерімен немесе сөйлеу дағдыларындағы қиындықтармен кездеседі. Логопедтердің көмегі – дәл осы қиындықтарды жеңуде таптырмас құрал.

Сурет informburo.kz

Сала мамандары бір жастағы баланың сөздік қорында «мама», «бер», «ішем», «су», «папа», «ата», «апа», «әже» деген сынды 10 сөз болуы керектігін айтады. Екі жас­тағы баланың сөздік қоры 70 сөзден тұруы ке­рек, әрі сөз тіркесін айта алуы керек. Мы­салы, «мама, берші», «су ішемін», «папа, жүрші» деген сынды екі сөзден құралған сөздерді айтуы керек. Үш жасар баланың сөй­леу тілінде 700 сөз болады. Яғни, бала әңгі­ме құрастырып айта алады. «Мен балабақшаға бардым», «апай тамақ берді» деген сынды әңгі­ме айтуы қалыптасады. Төрт жастағы бала­ның сөздік қоры 1 000-1 200 сөзге дейін, бес жастағы баланыкі 5 мың сөзге дейін жетуі тиіс. Бала әңгі­ме құрап, сұраққа жауап беріп, үлкен адам­дарша кері байланыс беруі керек делінеді. Бұл – қалыпты даму динамикасының нормативі. Алайда, мұндай «көрсеткішпен» ата-ананың барлығы бірдей мақтана алмайды. Екінің бірінде бар деп айту қиын. Бала тілінің кеш шығу себебін ешбір маман тап басып айта алмайды. Бірақ, көмектесе алады. Логопедтер балалардың және ересектердің сөйлеу дағдыларындағы бұзылыстарды анықтап, оларды түзетумен айналысады. Оларға дыбыстарды дұрыс айта алмау, тұтығу, фонетикалық кемшіліктер және тіл дамуының кідірісі жатады. Мұндай кемшіліктерді ерте анықтап, түзету арқылы балаға дұрыс әрі толыққанды тілдік дағдылар қалыптастыруға болады.

– Бала сөйлеуді үйрену барысында бірқатар қиындықтармен кездесуі мүмкін. Логопед мамандары баланың тілін дамытуда кешенді жұмыс жүргізеді. Соның ішінде, сөздік қорын кеңейту, грамматикалық құрылымдарды дұрыс қолданып, сөйлем құру дағдыларын қалыптастырады. Тіл дамуының бұзылыстары баланың өзін-өзі бағалауына, мектептегі үлгеріміне, тіпті, әлеуметтік қарым-қатынасқа да кері әсерін тигізеді. Логопедтің көмегі арқылы балалар өздеріне сенімділік алып, қоғамға сәтті интеграцияланады. Ол үшін логопедтік қызметті ерте жастан бастау керек, – дейді логопед маман Жаңагүл Баекенова.

Бірқатар мамандар дүниеге келген сәбиге бесік жырын айту, бір жастан асқанша омы­раумен емізуді шектемеу, балаға сүйек немесе құрт мү­жі­ту секілді кеңестер береді. Бұл ба­­ланың кішкентай кезінен жан-жақты дамуына. Сондай-ақ, ауыз қуысындағы бұлшық еттердің жаттығуына да ықпал етеді. Әлбетте, қазіргі заманғы логопедияда әртүрлі технологиялар мен инновация­лық әдістер кеңінен қолданылуда. Бұл әдістер сөйлеу кемшіліктерін түзету процесін тиімді етеді. Мысалы, арнайы компьютерлік бағдарламалар, мобильді қосымшалар, мультимедиялық құралдар баланың сөйлеу қабілетін дамытып, мотивациясын арттырады. Осындай заманауи әдістер логопедиялық қызметтердің нәтижелілігін арттырып, олардың қолжетімділігін кеңейтеді. Десе де, логопед, дефектолог мамандары қоғамда тапшы.

– Логопед, логопед-дефектолог мамандар бүгінгі қоғамға аса қажет. Алайда, ол тапшы мамандық болып тұр. Неге маман аз? Мұның бір себебі, жас мамандар бұзылысы бар балалардан қорқады, олардың бұзылысын түсінбейді деп ойлаймын. Оның үстіне тәжірибесі де аз. Мұндай балаларда агрессия байқалады, маманды тыңдамауы мүмкін. Маман өзін тыңдатып, айтқанын істете білуі керек. Бала сол маманға бағынып, үйреткенін сіңіре білуі қажет. Жастар көп оқып, тәжірибе жинақтағаны жөн. Тәжірибесі аз болған соң өзіне сенімсіз. Бұл ретте медициналық білімі болғаны жақсы. Баланың нақты кемшілігін тауып, сонымен жұмыс жасауы керек болады. Себебі, бұзылыстың мидың қай бөлігінде екенін, қай нейрондардың дұрыс жұмыс жасамай тұрғанын білу маңызды, – дейді Жаңагүл Баекенова.

Қазіргі заманғы білім беру жүйесінде логопедтер мектептерде, балабақшаларда және арнайы білім беру мекемелерінде жұмыс істейді. Логопед қызметі көбінесе арнайы білім беру мекемелері мен психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету орталықтарында жүзеге асырылады. Мұнда сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға кешенді көмек ұсынылады, оның ішінде, логопед, дефектолог және психолог мамандары жұмыс істейді. Қызметтер мемлекеттік қолдауға ие және әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалар үшін маңызды рөл атқарады.

– Жалпы білім беретін барлық мектептерде логопедтің болғаны дұрыс. Логопед қазір аса қажет мамандық. Қазір балаларда тіл кемістігі, сөйлеу кемістігі көп кездеседі. Кішкентай балаларда ғана емес, мектеп жасындағы балаларда да бар ондай. Көбінесе ата-аналар жеке логопедтердің қызметіне жүгініп жатады. Әрине, ол да қалтаны қағады. Мектепте болуы керек деп ойлаймын. Мұндай кемісті бар баламен жұмыс кешенді болуы тиіс, – дейді С.Саттаров атындағы мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Зүбайра Әлімбекова.

Логопед қызметіне сұраныс өскен сайын, сала мамандарының кәсіби дамуы да маңызды. Логопедтер үздіксіз білім алуы, жаңа әдістерді меңгеруі және кәсіби құзыреттіліктерін дамытуы қажет. Ондай маманға төлеген ақшаң да адал.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button