Логистика – экономиканың екінші тынысы
Жол – өмір. Сол жолда көбіміздің өміріміз өтіп жатыр. Көлік логистикасы – экономиканың күретамыры. Жылдағы дәстүр бойынша тамыздың алғашқы жексенбісі кәсіби мерекелерін атап өтетін теміржолшыларды, көлік жүргізушілерін, ұшқыштарды, диспетчерлерді, инженерлерді, көлік кәсіпорындары қызметкерлерін және азаматтардың өмірін жайлы ететін, ел ішінде әрі одан тыс жерлерге түрлі жүк тасымалдайтын жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ерен еңбектері үшін алғыс жаудыратын таптырмас мүмкіндік.
Көлік қызметкерлері күні – жыл он екі ай ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүріп, еңбек ететін осы бір жанкешті кәсіп иелерінің ерен еңбегі еленетін күн, құшақтары гүлге толып, ақ тілек ағылатын, құрмет пен қошемет кеудеге марапат боп тағылатын күн.
Ел экономикасының қарыштауы, әлеуметтік саланың дамуы көлік қызметкерлерінің сүбелі үлесіне тікелей байланысты. Бүгінде осы сала қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында көлік инфрақұрылымы жаңғыртылып, жаңартылуда. Биыл Қарағанды облысында үш мыңнан астам жол белгілері орнатылды. Тасымалдау көлемі артып, инновациялық технологиялар енгізілуде. Қарағандыда солтүстік-шығыс айналма жолы көлік ағынын едәуір қысқартты. Қызылорда- Павлодар автожолында оңтүстік-батыс айналма жол жасау жоспарлануда. Сондай-ақ, биыл ұзындығы 195 шақырым облыстық маңызы бар автожолдардың 12 учаскесі орташа жөндеумен қамтылады. Мысалы, Қарқаралы, Баянауыл және Жартас-Долинка бағытында. Қалалар мен аудандардағы жолдардың техникалық жағдайын жақсарту үшін 394 шақырым жөндеу жоспарланған, 177 шақырым жолда жұмыс аяқталды. Облыс орталығында Бөкетов көшесінде Күнгей бағытында автожол салу, Ғарышкерлер көшесін қайта жаңарту, Пичугин және Новоселов көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қарағанды облысында жолаушылар көліктерін жаңарту да жүзеге асырылып жатыр. №107 Қарағанды-Теміртау қалааралық бағытта қызмет көрсету үшін Yutong маркалы сегіз жаңа автобус сатып алынды.
Олардың барлығы маршрутқа шықты. Жыл соңына дейін Қарағанды облысында 165 жаңа автобус сатып алу жоспарлануда. Олар қалалық және қалааралық маршруттарға қызмет көрсетеді. Оның 33-і серіктес қалалармен маршруттарда жұмыс істейтін болады. Қарағанды агломерациясының 30 мыңнан астам тұрғыны үшін атап айтқанда, күн сайын облыс орталығына келетіндер үшін бұл жақсы қолдау мен үнемдеу болды. 2021 жылдың соңында енгізілген ONAY! электронды билет жүйесі қоғамдық көлік жолаушыларының өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Қазір ONAY! Қарағанды автобустарында да, облыс орталығын серіктес қалалармен байланыстыратын маршруттарда да жұмыс істейді. Жүйе билеттеу процесін ашық әрі жариялы етуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге, қалааралық маршруттарда жол жүру құны екі есе арзандады. Республика арқылы жалпы ұзындығы 23 мың шақырым болатын бес халықаралық автомобиль маршруты өтеді. Қазақстанда 22 ірі әуежай бар болса, оның 14-і халықаралық тасымалдарға қызмет көрсетеді. Қазақстанның кеме қатынасы үшін ашық су жолдарының ұзындығы – 4 436 шақырым.
Межелі міндеттерді орындауда теміржол көлігінің орны – ерекше. Болат магистральдардың еліміздің көлік саласындағы маңызы зор. «Қазақстан теміржолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қарағанды филиалы көптеген жылдар бойы жолаушылар мен жүк тасымалының үздіксіз әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз етіп келеді. Жыл сайын Қазақстанның теміржол саласы үздік бағаға лайық болуда. Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап, елімізде 2,5 мың шақырым теміржол салынды. Бүгінде Қазақстан теміржолы әлемдік көлік жүйесінің бір бөлігі саналады. Жемісті келісім нәтижесінде Түрікменстан, Иран, Парсы шығанағы елдеріне тікелей тасымал жүзеге асырылады. Сөйтіп, соңғы 10 жылда транзитті контейнер тасымалы төрт есе артқан. Қазіргі уақытта теміржол желісі арқылы жалпы жүктің 80 пайызы тасымалданады. Мұнымен бірге, жолаушылардың 60 пайызы көліктің осы түрін таңдайды екен.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде Қарағанды қаласы «Сарыарқа» әуежайының да маңызы зор.
«Шабатын көлік күй тілейді» дейді халық даналығы. Алыс пенен жақынды жортқан білер. Көлік атаулысын тізгіндеп, өмірлік кәсібіне деген адалдығы, жауапкершілігі, қажырлы қызметі үшін көлік қызметкерлеріне алғыс айтып қойған ләзім. Алыс сапар алғашқы қадамнан басталады. Қадамыңыз қайырлы болсын, көлік қызметкері!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz