Спорт

Үлкен волейболға бастаған үлгі

Волейбол ойынының жергілікті әуесқойлары мен жанкүйерлерін жыл сайын мамырдың мерекелі күндерінде ерекше елеңдентіп, қызықтауға тартып тұратын бір жарыс бар. Бастапқыда қалалық, одан облыстық, одан аймақтық, ал осы жолы халықаралыққа ұласқан сайыс Отан қорғаушылар күні «Жастар сарайында» 8-ші рет өтті. Өлке дамуына айтулы үлес қосқан, «Құрмет» орденінің иегері, Жаңаарқа, Абай аудандарының Құрметті азаматы Аманбек Түсіпханұлы Әбдіхановты еске алу құрметіне арналған волейболдан ерлер арасындағы ашық турнирге алды Қырғызстаннан келген, Астанадан, Павлодардан, Теміртаудан тағы басқа қалалардан жиналған 14 команда қатысты.

Жарыстың ашылу рәсімінде сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы С.Өтешов, ардагер ақсақал Қ.Медиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Дулатбеков Аманбек Әбдіхановтың басшылық қызметтерде спортқа да қамқорлық жасауға, ауыл жастарының волейболға деген ықыласын серпілтуге, құштарлығын күшейтуге ден қойғанын айтып, шараның орынды құрмет екенін атады.
Мұның алдында жер-жерде өткен іріктеу ойындарында озып шыққандар 4 топқа бөлініп, бас жүлдеге жолдама алу үшін сынға түсті. Қай-қайсы да оңай шағыла қоймайтын жаңғақ еместігін көрсетіп, тартысты қыздырды. Дегенмен, шын шеберлік мойындатпай тұра ма?!
Жеңіс тұғырынан көтерілуге шешуші кездесулерде Астананың құрама командасы павлодарлық қарсыластарын тізе бүктірді.
Жеңімпазға арнайы Кубок тапсырылды, бас жүлдеге тігілген сыйлық берілді. Үзеңгілес бәсекелестерде үздік деп танылған ойыншылар да сый-сияпаттан құр алақан қалмады.
Үрдіске айналған турнир ауыл мен қала жастарының доп ойынының осынау бір тамаша дәстүрімен шұғылдануға тартып отыр. Оны ұйымдастырудың алғашқы жылдарында бірен-саран ғана команда қамтылса, қазір көпшілігі қалыс қалмауға тырысады. Сондықтан, Әуесқой Волейбол Лигасын құрып, күзден қысқа дейін волейболдан маусымдық ойындар өткізіліп тұратын болды. Сол сынақта сүрінбегендер жарысты жалғастыра алып жүр. Бұлар соның көш басынан көрінушілер, – деді Қарағанды қаласы Волейбол федерациясының жетекшісі Кенжеғұл Түсіпханов.
Былтырғы турнирде жеңіске жеткенде Астана қаласы құрама командасының капитаны Сергей Вицкенің «Осы жарысқа үзбей қатысып келеміз. Әрдайым жоғары деңгейде өтеді. Еліміздің белді командалары шеберлік сынасуына татитын сайыс. Солай болса игі» деген тілегі назардан тыс қалмағаны хабарланды. Турнир келесі жылдан бастап облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының тікелей қолдауымен ресми түрде республикалық маңызы бар деңгейде өтетін болды. Демек, бокс пен күрестегі жеңістерімен даңқы асқан Қарағандының волейбол арқылы да аты жаңғыруына әсері зор болмақ. «Өнегенің өрісі кең» деген осы. Үлкен волейболға жол салған үлгі ықпалы бұл, әрине.

А.НЕСІПБАЙ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button