«Үлкен Балқаш» ісі
1917 жылғы бағы қайтқан сорлы елге тәкаппар, әділетсіз залымдарды бас қылып қою дәстүрі тағдырдың бұлжымас жолы ма екен? Әлде бұл жаратылыс заңының мал, мансаптан мас болып, мейірімді ет-жүрегін тас қылып, негізі мықты, мінезі тұрақты жақсысын танымай, таппай адасқан қоғамға махшарда сұрау беретұғын қылып жаралғанын есіне салған әділет ісі ме?
1937 жылдағы Қарағанды облыстық коммунистік партия бюросының мүшесі Б.Мұстафин өз естелігінде «А.Асылбековке қарсы қылмыстық істі ұйымдастырушы Балқаш құрылысының және мыс қорыту комбинатының бастығы В.Иванов» депті. (Нәубет. «Жалын» баспасы, 239-бет)
Алайда, архивтегі құжаттар Балқаш, Қоңырат өндірісінің басшысы В.Ивановтың өзі 1937 жылы қамауға алынғанын баяндайды. Баспасөз бетінде «Қарағанды», «Қарқаралы», «Ақмола» деп аталып кеткен Асылбековтердің ісіне оның ешбір қатысы жоқ екенін айғақтайды. (Қарағанды облыстық архиві. Қ-1, т.1, іс 7, б.12, 20, 91. Әрі қарай – ҚОА.)
Архивтегі деректер 1937 жылғы Қарағандыдағы сот процестері Балқаш мыс комбинатын іске қосу мәселесі бойынша Мәскеудегі Сталин мен ауыр өнеркәсіп комиссары Орджоникидзе арасындағы тартыстан басталғандығын дәлелдейді. (ҚОА. Қ-1, т.1, іс 23, б. 180.)
1930-1937 жылдары Балқашта түсті металлургия өндірісінің пайда болуы және даму тарихы туралы жазылған еңбектер ішінде жазушы Ә.Әзиевтің «Жер жарасы» атты романын ерекше атауға болар.
Әзиев романында Қоңырат пен Балқаштағы құрылыс және комбинат басшысы В.Ивановпен қатар 1936-1937 жылдары қызмет еткен қазақтың инженерлері Д.Қонаев, К.Қадыржанов, М.Бегалиевалар суреттелген.
Дегенмен, романда Балқашта осы инженерлермен қатар 1936- 1937 жылдары қызмет еткен кенбайытушы инженер Жармұхамед Төленұлының аты аталмауының себебі бізге белгісіз.
Жазушы Ә.Әзиев инженер Ж.Төленұлы роман кейіпкерлері Д.Қонаев, К.Қадыржанов сияқты Москваның түсті металдар және алтын институтының түлегі екендігін білмеді емес, нақты білді. Ол өзінің 1978 жылы шыққан «Қазыналы Сарыарқа» атты еңбегінде 1936-1937 жылдары Балқаш комбинатының кен байыту инженерлері Ж.Төленов пен И.Стригинді атап өткен.
Соңғы екеуі 1932-1934 жылдары Қ.Сәтбаевпен бірге Қарсақпайда Үлкен Жазқазған кен байлығының бақытты болашағын Советтердің Одақтық Ғылыми академиясының арнайы сессиясында дәлелдеп берген инженерлер еді.
Бірақ елге адал еңбек еткен белгілі екі инженер де Ә.Әзиевтің тарихи романында жоқ болып шықты. Бір жағынан бұлардың бейнесі романда көрініс таппағаны дұрыс та болды. Қазіргі архивтің құпия қорларының ашылуы, тың, соны деректердің табылуы советтік кезеңдегі барша сөздің сын тезін айналып өтпейтінін, шынның шыңға шығарын дәлелдеуде.
Инженер Ж.Төленұлы жайлы әділет әңгімесін оның 1951 жылы Совет одағында шығатын «Цветные металлы» деген түсті металдар саласына арналған ғылыми журналының №5 нөмірінде басылған журнал редакциясына жолдаған ашық хатынан бастаған жөн болар. (Ж.Төленов Өмір жолы, ғылыми еңбектері. Монография. М.Сүйіндіков Павлодар Toraighyrov University 2019).
Жармұхамед хатында одақтық журналдың 1951 жылғы бірінші нөмірінде жарияланған нақты бір автордың еңбегіне талдау жасау барысында редакцияға мақалалардың мәнінің теориялық және практикалық сапасына жіті көңіл аударуды, рецензенттер жұмысын дұрыс жолға қоюды ұсынған.
Сонымен қатар, ол кен байыту ғылымының теоретиктері М.Эйгель, И.Каковский, В.Глембоцкий еңбектерінің тілі өндірістегі инженер-техникалық қызметкерлерге теориялық һәм практикалық маңызы бар мәселенің мәнін түсінуге қиындық келтіретініне тоқталған.
Инженер Ж.Төленұлының пайымдауынша, аталған ғалымдар қарапайым нәрселердің өзін жасанды түрде күрделінген стильде жалаң сипаттауды жаман әдет қылып алған. Олардың кен байыту ісіне еш пайдасы жоқ түрлі терминдерді қисынсыз, ретсіз көп қолдануы пайдасыз амал деп сынаған.
Хаттың авторы одақтың журналға ғылыми мақалалардан да өзге, түсті металдарға қатысты басылып шығатын барша техникалық әдебиеттің де тіл мәдениетіне сын көзімен қараудың қажеттігін атап өткен. Басылым ісін қадағалауға алып, мамандандырылған әдебиеттің ғылыми деңгейін тиісті биіктен түсірмей, жатық тілде жазылуын талап ету керектігін баса айтқан.
Жармұхамедтің 1950 жылдың желтоқсанында журнал редакциясына жазған ғылыми сын мақаласы автордың жеке басына қауіп-қатер төндіретіндей іс еді. Тап сол мезетте 1950 жылдың 25 желтоқсаны күні «Правда» газетінде «За марксистское-ленинское освещение истории Казахстана» атты ғалым Е.Бекмахановты айыптаған мақала шығып жатқанда Жармұхамедтің сотталып кетуі әбден мүмкін еді.
Журналда жарық көрген Жармұхамедтің хатында аты аталған үш ғалым М.Эйгель, И.Каковский, В.Глембоцкийлердің біреуі шамданып, сол заманға тән аса қырағылық білдіріп, «органдарға» шағымданса, автордың басына қиын іс туар еді.
Жазылар шағымда сыни сөздің иесі қазақ инженерінің сотты болғанын, қылмыстық істің дәлелденбегендігінен қысқартылғанын тілге тиек етсе, болғаны, сөздің арты қайтадан қуғын-сүргінге ұласары анық еді.
Расында да, 1936 жылдан Балқаш кен байыту комбинатының инженері Жармұхамед Төленұлы 1937 жылдың 3 желтоқсанында ұсталып, 25 жылға сотталып, Колымада жолсыз жаза тартып жүргенде 1940 жылы үкім бұзылып, іс қысқартылып, Балқашқа қайтқан еді. (ҚОА Қ.1, т.4, іс 146)
Үлкен террордың авторы Сталиннің көзі тірі кезі, 1951 жылы қызыл қырғын әлі де толас таппаған. Хатта аттары аталғандар «лагерьден шыққан жау, күдікті маман» советтік ғалымдарға жала жауып отыр десе болғаны. (ҚОА Қ.1, т.1, іс 9, б.51)
Бір М.Эйгельдің сөзі жетіп жата-тын. Ол – техника ғылымының докторы, профессор, кен байыту саласында жаңа әдістері енгізгені үшін 1952 жылы Сталин атындағы ІІІ дәрежелі премияның лауреаты. Эйгельмен қатар аты аталған И.Каковский мен В.Глембоцкий де қара жаяу адамдар емес, екеуі де техникалық ғылым докторы, атақты профессорлар.
Инженер Ж.Төленұлы теоретиктерді төңкеріске дейінгі орыстың белгілі ғалымдарының жазу-сызу мәдениетінен үлгі алуға шақырыпты. Олардың небір күрделі теориялық ұғымдардың өзін қарапайым, оқырманға түсінікті жатық тілде, тіпті, көркем бейнелеуге дейінгі дәрежеде жазған шеберлік ісінен үйренуге үндеген. «Және де олар жазу барысында талдауға алған пәнінің ғылыми құндылығын әсте түсірмеген», – депті ақылды, қайратты, жүректі қазақ инженері.
Журнал редакциясы өндіріс адамы инженер Ж.Төленұлының кен байыту ісінің теориясы мен тарихын терең игеріп, өз ісін жетік меңгергендігін шынайы танып, оның ашық теориялық айтыста техникалық ғылымының толғауы тоқсан қызыл тілін таза, толық сөйлете білуіне қатты разы болып, хатын жария еткен.
Журналдың осынау адал қазылық қызметін бізге де әділет ісінің алды-артын байқарлық білім, ғылым қажеттігін растайтын үлгі, дәлел ретінде қабылдау бір үлкен керек іс.
Жармұхамед Төленұлының 1951 жылғы хатында айтылған қолына қалам ұстаған кісінің түзу сөз жаза білуі туралы орынды ойы қазіргі заманда да күн тәртібінен түскен емес, түспейді де. Себебі, барша ғылымдардың атасы да, анасы да – Тіл.
Жармұхамед Төленұлының сонау Үлкен Жезқазған, Үлкен Балқаш заманынан әділет ісін анығырақ сезген таза ғылым адамы екенін тағы бір мәрте дәлелдейтін ашық хаты 1979 жылы «Простор» журналының редакциясына жазылған еді.
Жармұхамедтің бұл хатының да жазылу тарихы адамдар арасындағы қарым-қатынастың адамзатта һәмма жақсылықтың басы ретінде танылған әділет және нысап қағидалары негізінде құрылуының қажеттілігін растайды.
Жармұхамед Төленұлының 1979 жылғы хатының мән-мағынасын қазіргі қазақтың Үлкен Әдебиетінің оқырманына түзу жеткізе білу де Үлкен әділет ісіне жатпақ. Өйткені, ынсап, ұят – бұл ғадаләттен шығады. Ғадаләт барша ізгіліктің анасы-дүр!
Марат АЗБАНБАЕВ.