Өлке өндірісімен танысты
Туған өлкенің тарихы мен болашағына қызыққан №4 жалпы білім беретін мектептің 6-7 сынып оқушылары қаламыздың экологиялық мұражайына саяхатқа барды. Онда Орталық Қазақстанда мекендейтін аңдар мен құстардың, өсімдіктердің түрлері бейнеленген суреттерді тамашалап, білімдерін кеңейтті.
Балаларға 1999 жылы ғарыштан құлап түскен Протон зымыраны қызықты болды. Дана халқымыз «Жер – қазына, су – гауһар» демекші, жер асты байлыққа толы Қарағандымен кеңінен танысты. Еліміздің индустриялық картасына қарап, сегіз түрлі өндірістің жетеуі біздің өлкемізден шығатынын көргенде, оқушылардың бойын ерекше мақтаныш сезімі биледі. Өзге аймақтармен салыстырып, өз туған жерлерін жарыса мадақтады.
Өңіріміздің негізгі байлығы көмірді өндірудің тәсілдерімен танысты. Қаламыздың қай аудандарында өндірістік орындары көптеп кездесетініне, олардың салдарына көз жеткізді. Шынайы техникалық бөлшектерді жан-жақты қарап, өмірге көзқарастары артты. Шетелдік саяхатшылар сақтауға қалдырған екі адамдық велосипед мұражайдың сәнін арттырып, көрермендерді өзіне тартып тұр. Оны көрген білім алушылар велосипедтің қоршаған ортаға зиян келтірмейтіні, әлеуметтік және экономикалық жағынан азаматтарға тиімділігі туралы қызу пікір таласты. Экскурсиядан өте жоғары көңіл-күймен оралған жастар, бұдан былай үнемі табиғатқа пайда келтіретін сауапты істермен айналысуға бел буды. Алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысуға уәделесті.
Жастардың туған өлкесі туралы жан-жақты мағлұмат алуына, білімдерін кеңейтіп, сананы арттыруына, туған жерінің экологиясымен танысуына мектеп әкімшілігі көлік берді, яғни, аталған білім ошағында білім алушылардың басым бөлігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан болғандықтан, тегін барып келді. Жаңартылған білім бағдарламасына сәйкес жасалған жоспар бойынша осы жолдардың авторы және география пәнінің мұғалімі Татьяна Писарьева екі арнаның басын біріктірді.
Оқушылар көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға жауап алды. Туған жердің табиғатын қорғау, оны өркендету әр азаматтың, жеткіншек жас бүлдіршіннің, яғни, өздерінің қолында екендігіне сенімдері нығайды. Туған өлкеміздің табиғатымен кеңінен танысып, қызықты оқиғалардың куәгері болды.
Ақмарал ТАШПУЛАТОВА,
№4 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.