Бас тақырыпБасты тақырыпЖаңалықтар

Әлия Молдағұлованың туғанына – 100 жыл

Бүгінгі ұрпаққа ерлік пен елдік өнегесін аманаттаған Кеңес Одағының Батыры, қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына – 100 жыл толуына орай «Әлия – қаһармандық дастаны» атты рухани кеш өтті. Қаһарман қыздың есімін иеленген облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің ұйымдастыруымен өткен тағылымды іс-шараға қорғаныс саласының ардагерлері, облыс басшылығы, сондай-ақ, жас спортшылар мен оқушылар қатысты. Батыр арудың ерлікке толы өмір жолын дәріптеп, жас ұрпақ бойында отансүйгіштікті қалыптастыру – іс-шараның басты мақсаты.

Сурет ҚР Қорғаныс министрлігінің Қарағанды гарнизоны бойынша баспасөз қызметінен

Алғаш болып тізгінқағар сөзді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей алып, кештің маңыздылығына тоқталып өтті.

– Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында қазақтың жауынгерлік рухын, жасымас жігерін, ерліктің өшпес ізін қалдырған Әлияның батырлығы – қазақ қыздарының қай-қайсысына да тән. Мұны тарих та дәлелдеп отыр. Ол өз дәуірінің намысын қорғап қана қоймай, кейінгі ұрпаққа рух беретін өнегелі бейнеге айналды. Әлияның өмір жолы – Отанға адал қызмет етудің, ел мүддесі үшін жанын пида етудің айқын айғағы, – деді Әлібек Үсенұлы.

Мерейтой аясында «Әлия – ғұмыр» атты арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, онда батырдың өмірі мен ерлігіне арналған құнды әдебиеттер мен фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды. Кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері сомдаған «Әлияның хаттарынан естелік» атты сахналық қойылым болды.

Әрі қарай академик, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұл батыр қыздың тарихи бейнесіне кеңірек тоқталып, баяндама жасады.

– Екінші дүниежүзілік соғысқа бүкіл Кеңес Одағынан бір миллионға жуық әйел қатысқан. Солардың ішінде Қазақстаннан майданға аттанған 5183 қыз ер азаматтармен қатар қан кешіп, от пен оқтың ортасында ерлік көрсетті. Өкінішке қарай, сол мыңдаған қаһарман аруларымыздың ерліктері тарих беттерінде толық бейнеленген жоқ. Ал, олардың жиынтық бейнесі ретінде Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сынды батырларымыз бүкіл Алаш жұртына қазақ қыздарының намысы мен рухының биіктігін көрсетті, – деді ғалым.

Ол сөз соңында Қарағандыдан шыққан батыр қыздар – Күлкен Тоқбергенова, Гүлжәмила Қалқанбаева, Жәмила Бейсенбаева, Жамал Байтасова есімдерін ерекше атап өтті. Курск шайқасында қаза тапқан төрт батырдың ерлігі ескерусіз қалмауы тиіс екенін айтты.

Кеш барысында айтыскер ақын, «Күміс домбыра» иегері Нұрмұхаммед Байсүгір батыр аруға арналған арнауын домбырамен шырқап, көрермендерді тебірентті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны әмбеге аян. Соған орай спорт пен еңбектің мерейін арттырған мектеп ұжымының еңбегі де ескерусіз қалмады. Аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысқаны үшін ұстаздар қауымы облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

Бүгінде бұл білім ордасы Теміртау қаласындағы филиалымен бірге олимпиадалық спорттың 15 түрінен және ұлттық спорттың 1 түрінен спортшыларды дайындайды. Осы шаңырақтан әлемдік деңгейдегі спорт саңлақтары – Серік Сәпиев пен Аида Әбікеева түлеп ұшқан.

Іс-шара соңында Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы батыр рухын дәріптеп, елдік тәрбиеге қосқан үлесі үшін мектеп ұжымына Алғыс хат табыстады.

Әлия Молдағұлова – ерлік пен нәзіктіктің, намыс пен адалдықтың тоғысқан бейнесі. Уақыт өткен сайын оның есімі ұлт рухының шамшырағына айналып, жаңа ұрпақтың жүрегіне от себуде. Бүгінгі ұрпақ сол рухты жалғап, Әлиядай қайсарлық пен мейірімді өмірінің өзегіне айналдырса – бұл кештің де, ғасырлық мерейтойдың да мәні айқындалғаны.

Еркеназ ХАНАТБАЙ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу

университетінің ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button