Әлішер Қожасбаев: Қазақстан шикізатты емес, өнімді экспорттауға бағыт алуы тиіс
Қазақстан экономиканы тұрақты әрі болжамды ету үшін шикізатты қайта өңдеу өнімдерін дамытуға басымдық беруде. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің Кеңесшісі Әлішер Қожасбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, елдің даму жоспарын мұнай бағасына сүйеніп құру мүмкін емес.

«Шикізат, әсіресе мұнай – өте құбылмалы өнім. Бірде барреліне 20 доллар болса, бірде 120-ға дейін көтеріледі. Осындай жағдайда елдің 15 жылдық дамуын қалай жоспарлауға болады? Ал пластик сияқты қайта өңделген өнімдердің бағасы тұрақты өсіп отырады, болжам жасау оңай», – деді кеңесші.
Оның айтуынша, қайта өңдеу саласын дамыту экономиканы тұрақты етіп, мұнай бағасына тәуелділікті азайтады, теңгенің құбылуын тежейді және бюджетті тұрақтандырады.
«Негізгі стратегиялық міндет – технологияларды тартып, оларды ел ішінде дамыту. Бұл – күрделі, бірақ болашағы зор бағыт», – деп түйіндеді Әлішер Қожасбаев.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



