Ресми

Әлімжеттікке жол берілмеуі тиіс

Орта мектептерде кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен мүмкіндігі шектеулі балаларға әлімжеттік жасаудың алдын алу бойынша әңгіме жүргізу аса маңызды. Мұны облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарымен кездесу барысында мұқият тапсырды. Аймақ басшысы қоғам мұндай балаларға қамқорлық танытып қана қоймай, олардың әлеуметтенуіне көмектесуі керек екенін арнайы атап айтты.

 

– Жақында интернет желісінде шетелде зағип қызға баскетбол турнирі кезінде балалардың торға доп соғуға көмектесіп жатқан сәтін көрдім. «Олар мұны қалай жасайды?» дейсіз ғой. Қиын ештеңе жоқ. Допты нысанаға тигізуі үшін сақинаның жанында тұрып, ысқырып немесе дауыстап белгі беру арқылы нысананы меңзейді. Біз де ерекше балаларға осындай көзқарас қалыптастыруға ұмтылуымыз керек, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Кездесу барысында басқа да мәселелер талқыланды. Атап айтсақ, негізінен мектеп-интернаттарда, спорт секцияларында бейінді мамандардың жетіспеушілігіне және моноқалаларда түзету сабақтарынан өту мүмкіндігінің болмауына қатысты проблемалар ортаға салынды.

Бұл мәселені ішінара шешу үшін Саран қаласында ерекше балаларға арналған мектеп-интернатта 50 балаға арналған түзету кабинеті ашылады. Жаңа жылдан бастап, адаптивті жүзумен тағы 15 баланы қамту жоспарланып отыр.

Қарағанды медицина университеті мен медицина колледжінің базаларында алдағы жылдары амбулаториялық оңалту мамандарын оқыту басталмақ. Моноқалаларда жұмыс істеп жүрген мамандар да қайта оқытудан өткізіледі.

Теміртау қаласында «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен №11 жалпы білім беретін мектеп базасында инклюзияны қолдау кабинетін ашу жоспарланған. Осыған ұқсас кабинеттер тағы екі мектепте жұмыс істейді. Ал, психикалық дамуы және ойлау қабілеті бұзылған балалар үшін Теміртаудың 13 мектебінде арнайы сыныптар ашылған. Бұдан бөлек, қалада 60 орындық оңалту орталығы бар.

Кездесуде көтерілген мәселелердің бірі – көпқабатты үйлердің көпшілігінде пандустардың жоқтығы. Осыған байланысты мүгедек балалар көбінесе көшеге кедергісіз шығып, кез келген нысандарға бара алмайды.

Сонымен қатар, жиында облыста балаларды оңалтудың Ұлттық орталығына кезекке қою үшін электрондық портал әзірленіп жатқаны хабарланды. Әр емханада мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың чаты ашылған. Проблемалар туындаса, чатқа хабарласып, олар қажетті кеңес пен керек ақпарат алады.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button