Бас тақырыпРесми

Әлімхан Ермековтің рухына тағзым етіліп, құран бағышталды

Мемлекет және қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, математика саласынан тұңғыш қазақ профессоры Әлімхан Ермековтің туған күнінде Қарағандыдағы зиратының басына барып, рухына тағзым етіліп, құран бағышталды.

Сурет: ұйымдастырушылардан

Ұлт перзентінің немересі Олег Ермеков, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов, облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, қала әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы, облыстық Әнет баба атындағы орталық мешіттің бас имамы Естай Айтуғанұлы, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда және басқа бірқатар ел азаматтары дұғаға қол жайды.

– Мәселе тек Алаш арыстарына ғана емес, жалпы ұлт мұраты, мемлекет мүддесіне адал қызмет еткен, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан барлық тұлғаларғаға қатысты айтып отырмын. Мәселен, Қадір Мырза-Әліні неге тек батыс қадірлеуі тиіс?! Немесе Қасымды Қарағанды ғана төрге шығару керек пе?! Әлбетте, олай болмауы керек. Бұлар күллі ұлтқа ортақ тұлғалар. Бөле-жарып, бөлшектеп, жеке иемденуге келмейтін аяулы арыстар, елге ерекше еңбегі сіңген есіл ерлер ғой. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа, бүгінгі жастарға осы елдің бірлігі мен тұтастығын, ердің де, жердің де ортақтығын санасына сіңіруге тиіспіз.
Меніңше, Әлімхандай бабамыздың бізге қалдырған басты аманаты, өшпес өсиеті осы деп білемін, – деді Ерлан Бейсембайұлы.

Ал, Олег Ермеков өз сөзінде батыр бабалардың ерліктері лайықты жалғасын тауып жатқандығын баса айтты.

  Қазақтың біртуар ұлы Әлімхан Ермеков – қазақ жерінің тұтастығын сақтауға сүбелі үлес қосқан тұлға. Мұны біз білеміз, ұмытпаймыз. Қолдан келгенше кешегі арыстарымыздың еңбегін насихаттап келеміз. Маңыздысы – мұны жастардың санасына өшпестей қылып сіңіру. Олар осымен рухтанып өсуі керек. Өйткені, бабалар аманаттаған ұлан-байтақ жерімізге ие болатын осы жастарымыз. Атам Әлімхан Әбеуұлының басына келіп, толқып тұрмын. Абаттандырылғанын көріп, риза болдым. Бұл – ауқымды жұмыс. Осы игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға шексіз алғыс айтамын. Бұл жастарымыздың жиі келіп, болашақ туралы ойға бататын қастерлі орын боларына сенемін. Жанын қатерге тігіп, елдің ертеңі үшін барын салған бабалардың рухы жастарды қолдап жүргей.  Әлімхан Ермеков бастаған игі іс, батыр бабалардың ерліктері лайықты жалғасын тауып жатқаны көз қуантады. Енді, мұны жас буын іліп әкетсе екен. Қазіргі жаһандану заманында Қазақстан қасиетті Тәуелсіздігін, шекаралық тұтастығын және басқа да ұлттық құндылықтарын сақтап, дами түсетініне сенемін, – деді.

Сонымен қатар, ұлт перзентінің рухына құрмет көрсетіліп, гүл шоқтары қойылды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жастардың ертеңіне біздің, яғни, аға буынның жауапты екенін баса айтқан еді. Үнемі айтып келеді. Осы тұрғыдан Әлімхан Ермеков сынды біртуар тұлғамызға көрсетіліп жатқан осындай құрметті жастар көрсе, білсе, түйсінсе екен. Еліміздің әр азаматы өз ісіне мығым болып, жүріс-тұрысымен жүрген жерінде жастарға үлгі болуы керек. Сонда өткенімізге құрмет, ертеңімізге сенім бекем болмақ, – деді Құдайберген Бексұлтанов.

Жәлел ШАЛҚАР,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button