«Өлімге қарсы өлеңдер…»
…Біздің мақсат – әркімнің бір-бір шумақ өлеңін келтіріп, жұртты түгел қамту емес, соңғы жыл поэзиясындағы жалпы бағдар-бағыт жайлы мәлімет айту, әлі де жас аталып жүрген ақындар творчествосындағы жаңа серпін, ой қозғалыстары, тың ізденістерге жұрт назарын аударсақ деген ғана ниет. Осы ниет үстінде тағы бір жас, жақсы ақыннан үзінді алғымыз келеді.
Мен түсімде ылғи да сені көрем,
Сені көрем, Көрем де тебіренем.
О дүниеде сүйісіп періштемен,
Жүргендейсің айқасып періменен…
Жүрегімді жаралап сезім-пышақ,
Соған қазір мен тұрмын көзімді сап.
Бәрі кеткен…
Тек қана Жер үстінде
Мына біреу бейне тұр өзің құсап!
(«Абай ескерткіші алдында»)
…Цезарь бірде қас дұшпанын жеңгенде:
«Келдім. Көрдім. Жеңдім» – депті қысқаша.
О, Отаным!
О, жеңімпаз Тәңірім!
Қызыл қаның, ащы жасың төгілді.
Талай жендет жүргізбек боп әмірін
Цезарь құсап…
Келді. Көрді. Жеңілді («Отаныма ода»).
«…Сұрама менен керегін,
Айналды дерсің, о демде,
Ошағым жайлы өлеңім
Отаным жайлы өлеңге!
Перденің бәрін сырыңдар:
Мен күліп шыға келемін,
Достарым жайлы жырым бар
Дұшпаныма оқып беремін!
(«Мен болсам кеттім ақын боп…»)
Серік Ақсұңқарұлының өлеңдері әлі өз алдына, дербес мұқаба алып көрмеген: «Қарлығаш» атты жалпы жинақта ғана жарияланған. Мына шумақтар ақынның кез келген өлеңінің кез келген жерінен алынды. Мақтау үшін емес, жас жыршының аяқ алысын, сөз саптасын аңғарту үшін осы келтірілген үзінділердің өзі жеткілікті сияқты. Серік өлеңдерінде еркін, көтеріңкі үн бар. Ол үн кейде романтикалық сарынға ауысып кетеді. Бірақ, ақын романтикасы реалистік деталь-образдармен, бояулармен қанық тырылып отырады екен.
«Өтеді өмір аңыз боп,
Жыр боп,
Айналып алтын дастанға.
Өлеміз дейміз – өтірік бәрі –
Кетеміз ұшып аспанға.
Соңымызда қалады біздің
Өмірге қамшы өрендер.
Соңымызда қалады біздің
Өлімге қарсы өлеңдер.
Сол жырды оқып туады ұрпақ,
Кетеді ұрпақ, Келеді…
Осылай болған,
Осылай болмақ,
Осылай бола береді!»
Мұндай ақындар карьеристік талаптан, лауреаттық медальдар қуу әрекеттерінен аулақ болса – талай жерге барады деп үміт етуге негіз бар.
Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ.