Бас тақырыпҚазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

Әлихан болып оралды Асқақ рух Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімі салтанатты түрде берілді

Кешегі күн – 13 желтоқсан Қарағанды ғана емес, Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылады. Өйткені, «Октябрь» атауымен мәңгілікке қоштастық. Қазақ мұндай сәтте «Ақ түйенің қарыны жарылды» дейді. Кеше Майқұдықтағы Мәдениет сарайы алаңында Ұлт көсемі, Алаш арысы Әлихан Бөкейхан есімі аудан атауына салтанатты түрде берілді. Жиынға келген жұрт шашу шашып, ән әуеледі. Тәуелсіздік тойына тартудың ең озығы осы болса керек.

Салтанатты жиынды ашқан Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев:

– Облыс тарихы үшін аса маңызды қуанышты оқиғаға куә болып отырмыз. Осыдан 20 жыл бұрын Қарағанды қаласының екі ауданының біріне даңқты Қаздауысты Қазыбек бидің есімі берілсе, биыл екінші ауданға халқымыздың ардақты азаматы, қайраткер тұлға Әлихан Бөкейханның аты берілуде. Аймағымызда идеологиялық тұрғыда ескірген атаулардың мәнді де мағыналы атауларға ауысуы – Тәуелсіздік жылдарында жеткен басты жетістіктеріміз сапында. Бұл – Тәуелсіздік жемісі. Жылдың басында аудан атауын өзгерту бойынша өткен көпшілік тыңдауға белсене қатысып, үлкен қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысымыз зор. Біз мұны елдігіміз бен бірлігіміздің көрсеткіші деп білеміз, – деп, жиналған халықты құттықтады.

Сонымен қатар, қала басшысы ауданды қайта атау – бұл ең алдымен Әлихан Бөкейханның тарихи қызметіне, жалпы еліміздің тарихына берілген құрмет екенін, ауданның атауы ғана емес, келбеті де өзгеретінін атап өтті. Мұнда соңғы бірнеше жылда үйлердің қасбеттерін, шатырларын, кіреберіс жолдары мен орамішілік жолдарды жөндеу бойынша үлкен жұмыстар үргізілген. Майқұдық орталық жолын ауқымды қайта құру аяқталды. Бірнеше заманауи тұрғын үй кешендерінің құрылысы жүріп жатыр, шағын аудандарда жаңа емханалар іске қосылды. Қайта құру жұмыстарынан кейін «Литейщик» стадионы ашылды. Әкімнің айтуынша, алда әлі талай өзгеріс бар. 13 желтоқсан – Тәуелсіздіктің 30 жылдығында барша халықтың арман-тілегі орындалған күн. Мінбеге шығып Әлихан ауданының тұрғындарын құттықтаған Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық иегері, ақын Серік Ақсұңқар өз тебіренісін:

– Тәуелсіздік үшін басын қатерге тіккен, Әлихан ортамызға қайтып келді. Бұл – Тәуелсіздігіміздің бұдан да әрі баянды болатындығының бірден-бір кепілі. Осы мәселені дауға айналғанда шешіп берген облыс әкіміне, қала әкіміне қазақ халқының атынан алғыс айтамыз. Әлихан – Алаштың рухы. Адамды өлтіруге болады, бірақ, рухты өлтіре алмайсыз, – деп жеткізді.

Ақжарма құттықтауларын тілегі де, Отаны да бір Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Вилен Молотов-Лучанский, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшесі Юрий Михуля да жеткізді. Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов Әлихан Бөкейханның тұлғасына тоқталды.

– Бүкіл қазақ халқының ІІ съезінің қорытындысы шыққан күні Алаш Үкіметі құрылып, оның басшысы Әлихан Бөкейхан болып сайланған болатын. Оның елі үшін еңбегі ұшан-теңіз. Ол – Ұлы көсем. Ол әрқашанда қазақтың келешегін, елдің болашағын ойлаған. Жарты өмірі қамауда өтті. Әлихан Бөкейханның аты ауданға берілуі – Сіздердің шешімдеріңіз, Сіздердің жеңістеріңіз! Әлихан Бөкейханның «Халықтың пікірі мен еркі – Заңның жоғары сатысы» деген жақсы сөздері бар. Тәуелсіздік күні қарсаңында Октябрь ауданы Қазақстанның бірлігін, оның болашағын жақтаған адам – Әлихан Бөкейхан атындағы аудан болып қайта аталды деп мақтанышпен айтамыз, – деп өз қуанышын білдірді.

Иә, қуан, қазақ. Әлихан келді ортаңа!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button