«Әлихан Бөкейхан мен Кемал Ататүріктің тарихтағы күрескерлік тағылымы зор»
ХХ ғасырдың екі көрнекті жетекшісі – Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Кемал Ататүріктің түркі әлемінің екі тарапында, тәуелсіздік жолында тарихқа алтын әріптермен жазып кеткен теңдессіз күрестерінің бір-біріне ұқсас жақтарының көп болуы – әрі қызықты, әрі маңызды. Әлихан Бөкейхан: “Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса – қазақ халқы соңынан ерер еді”, – деген екен. Бұл мәселеге байланысты Ататүрік те былай деген еді: “Халқы және Отаны үшін қызмет етемін деген лидер болса, шабыт қайнары – халықтың шынайы сезімі және іс-әрекеті… Қандай да болса жетістіктің сыры – күш пен құдіреттің негізгі көзі – халықтың өзі екеніне кәміл сенеміз” (Evsile, 1999: 125). Екі жетекшінің де лидерлік жөніндегі пікірлерінің ұштасып жатқанын байқауға болады.
Екі қайраткердің де әлеуметтік мәселелерде халықты сауаттандыру мақсатына және оқу-ағарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлгендігі – көрегендіктің айқын көрінісі. Әлихан Бөкейхан “Мұғалімдер жиылысы” атты мақаласында дамудан артта қалмау үшін қазақтардың оқу-ағарту ісін қатаң түрде қолға алу керек екендігін жазады. Сондай-ақ, бала оқытуға керекті қаражаттардың табылуы туралы орынды пікірімен бұл мәселеге шешім де іздеген (Аққұлы, 2016: 21-22). Ататүрік те оқу-ағарту ісіне өте үлкен көңіл бөліп, “Өмірдегі ең шынайы кемелділік – ғылым” деп айтып кеткен және ғылым мен білімді дамыған мемлекеттердің дәрежесіне жеткізу үшін көп күш жұмсаған.
Екі күрескердің тәуелсіздік күресінің нәтижесі бірдей болмады; өйткені, екі мемлекеттің сол кездегі саяси және әскери шарттары бірдей емес еді. Сөйтсе де, екі көсемнің де өз өмірлерін отқа салып, Отан үшін жан пида деген ұстанымдарына, халқы үшін істеген өтелмес еңбектеріне кейінгі ұрпақ қарыздар; тарихтан алар тағылымы мол. Ұлт көсемдерінің арттағы ұрпаққа қалдырған құнды бағыттарының маңызы күн өткен сайын арта түспесе, кеміген жоқ.
Гүлжанат ЕРЖИЛАСУН,
Түркиядағы Гази университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы.