АқтоғайЖаңалықтар

Әлихан Бөкейханұлының шәкірті Қабыкей ұстазға ескерткіш қойылды

Ақтоғай ауданындағы Шабанбай би ауылдық округінің аумағында білім саласының тарихынан сыр шертетін, ұстаздық ұлағат пен рухани тағылымды дәріптейтін ерекше ескерткіш бой көтерді. Бұл – ел ішінде «Қабыкейдің мектебі» немесе «Қабыкейдің ақ школы» деген атпен белгілі болған білім ордасының маңдайшасына орнатылған стела.

Сурет автордан

Ұстаз деген ұлы есімді иеленіп, жас ұрпаққа жол сілтеген ардақты азамат Қабыкей Баймағанбетовтің ұстаздық қызметінің басталғанына – 100 жыл, ал ол ашқан бастауыш мектеп ғимаратына – 90 жыл толуына орай орнатылған бұл белгі – кейінгі ұрпақтың өткенге деген тағзымы, рухани сабақтастықтың көрінісі.

Ұрпақ жалғастығы – ұлт игілігі

Қабыкей Баймағанбетовтің шәкірттері – Баймұрат Құрмашұлы мен Тельман Қойшанұлы бұл бастаманы алғаш көтеріп, оның жүзеге асуына тікелей ықпал еткен. Ал ескерткіш орнату ісіне ұлағатты ұстаздың ұлдары – ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Балқаш қаласының Құрметті азаматы Елубай Баймағанбетов, Қаламбай және Тілеуқор белсене атсалысты. Бұл бастаманы «Құлық Жалаңтөс батыр – Таңат баба» қоғамдық қоры да қолдап, іске асыруға үлкен үлес қосты.

Білім күні қарсаңында өткен ашылу салтанатына ұстаз ұрпақтары, Ақтоғай ауданы мен Шабанбай би ауылдық округінің әкімдік өкілдері, сондай-ақ Астана, Алматы, Қарағанды, Балқаш қалаларынан арнайы шақырылған қонақтар, ардагер-ұстаздың зейнеттегі шәкірттері, туған-туыстары және ауыл тұрғындары қатысты.

Тарихқа тағзым – бүгінге өнеге

Стеланы ашу мәртебесі Елубай Баймағанбетовке, қоғам және мемлекет қайраткері Құлмұханбет Исақовқа, Қабыкей ұстаздың шәкірттері Баймұрат Құрмашұлы мен Қабдолла Нөкербекұлына берілді. Жиналған жұрт ескерткішке гүл шоқтарын қойып, шашу шашып, әсерлі сәттің куәсі болды.

Іс-шара барысында «Құлық Жалаңтөс батыр – Таңат баба» қоғамдық қорының төрағасы, мемлекеттік қызмет ардагері Мейірхан Тәтибеков тағылымды баяндама жасап, Қабыкей Баймағанбетовтің ұстаздық жолы мен соғыстағы ерліктері, ақындық өнері, өмірлік ұстанымдары туралы кеңінен айтып берді.

Ұстаз еңбегіне деген құрметтің белгісі ретінде Алматыдан келген құрметті қонақ Құлмұханбет Мырзахметұлына дәстүрге сай шапан жауып, сый-құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, қор шешімімен Шабанбай би ауылындағы Әлімхан Ермеков атындағы жалпы білім беретін мектептің 11 үздік оқушысына Қабыкей Баймағанбетов атындағы шәкіртақы тағайындалғаны жария етілді. Әр шәкіртақы көлемі – 10 000 теңге.

Шәкірт шарапаты

Салтанатты жиында Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Айдос Қуанышбаев аудан әкімі Абылай Аманжоловтың құттықтау хатын оқып, көпшілікті мерейлі күнмен және стела ашылуымен құттықтады.

Кезінде «Қабыкей академиясын» бітірдік деп әзіл-шыны аралас айтатын, бүгінде ел ағасы атанған шәкірттері – Қабдолла Нөкербеков, Баймұрат Құрмашұлы және білім бөлімінің ардагері Абылай Түсіпбеков тебіреніске толы естеліктерімен бөлісті. Олар ұлағатты ұстаздың оқу-білімге, тәрбиеге сіңірген өлшеусіз еңбегін ерекше ықыласпен еске алды.

Тағылымды күннің тағзымы

Іс-шара соңы Қаратал ауылындағы Қабыкей Баймағанбетов пен зайыбы Күләй Смағұлқызының зиратына зиярат етумен, құран бағыштап, бабалар рухына тағзым етумен жалғасты. Ауыл орталығындағы тойханада ас беріліп, қатым құран оқылды. Ұрпақтың ата-баба алдындағы парызы ретінде ұйымдастырылған бұл мазмұнды шара көптің көңілінен шықты.

Айта кетейік, «Қабыкейдің мектебі» – тек білім ордасы емес, ел жадындағы рухани мұра ретінде қайта жаңғырып отыр.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Ақтоғай ауданы

 

Басқа материалдар

Back to top button