Әлібек Әлденей: Ұлы мұрат – Қазақстанды ат спортының отаны ретінде мойындату
Бірден айта кетелік, «Ұлы Дала Жорығы» – кәдімгі ат бәйгесінен форматы да, мазмұны да бөлек дода. Алғашқы жарыста командалар 1 200 шақырымдық жолды 10 күнде жүріп өтуден жарысса, биыл қатысқан 19 команда бес күнде 500 шақырым қашықтықты атпен шауып өтуге барын салды. Бұл – тұрмыс-тіршілігі де, салт-дәстүрі де жылқының жалына байланған нағыз көшпенді өркениетті тірілтуді көздеген ерекше жарыс. Сондықтан оны «марафон-бәйге» деп атайды. Осы жобаның басы-қасында жүрген ұйымдастырушы азаматтардың бірі – JORYQ ат спорты федерациясының Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденеймен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Әлібек Үсенұлы, биылғы «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесі мәресіне жетті. Оны ұлттық спорттың жаңа түрі деп сеніммен айтуға болады. Аз жылда өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, елдің ықыласына бөленді. Бірақ «Жорық» деген атының өзі елең еткізерлік. Сонымен, бұл өзі қайда бет алған жорық?
– Сөзіңіздің жаны бар. «Жорық» деген ұғымды көп адам жауынгерлікпен байланыстырады. Бірақ біздің жорықтың жөні де, мәні де бөлек.
Біз осы жобаны әу бастан қолға алғанда, оны халықаралық деңгейде өткізуді мақсат тұттық. Себебі түпкі ойымыз – осыдан бес мың жыл бұрын атты алғаш ерттеп мінген көшпенділер өркениетінің тағылымын әлемге танытып, оның мұрагері ретінде Қазақстанды мойындату болатын. Сондықтан оның халықаралық деңгейдегі ресми атауы – The Great Steppe Tour. Ал қазақша атауы – «Ұлы Дала Жорығы».
Бұл – Ұлы Дала өркениетін әлемге танытуды, халқымыздың бай тарихы мен мәдениетін насихаттауды, сондай-ақ Қазақстанды ат спортының отаны ретінде мойындатуды діттейтін жорық.
«Жорықтың» тағы бір талабы – көздеген мақсатқа жету үшін жолдағы қиындықтарды жеңіп, табандылық пен төзімділік таныту. Күніне атпен 100 шақырым жүріп өту оңай емес. Өз тәжірибемнен айтсам, күні бойы аттан түспей желіп жүре беруге темірдей төзім мен мықты жігер керек.
Ата-бабамыз бірнеше күн бойы аттан түспей, талай жорыққа қатысқан. Біздің марафоншылар да жарыс кезінде шыдамдылық, табандылық, ұстамдылық танытады. Сондықтан «Ұлы Дала Жорығы» – кешегі Ұлы көшпенділердің бүгінгі ұрпағын сынайтын ерекше сайыс. Ұлттық қайсар мінезді қалыптастыратын шара.
Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ұлы Дала Жорығы» – қазақ халқының атқа міну мәдениетін жаңғырту, ұлттық спортты дамыту әрі жастарды патриотизмге тәрбиелеу жолындағы маңызды қадам», – деген сөзі жобаның мән-мағынасын ашады.
Иә, «Ұлы Дала Жорығы» жобасының үлкен миссиясы – қазіргі жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Бүгінгі ұрпақ ата-бабасының ерлік рухын сезінсе дейміз. Қазақтың рухы – жылқының жалында.
Жалпы, осы идея алғаш пайда болған сәттен-ақ бүкіл әлем қызыға қарайтын трансконтинентальді «Дакар» ралли марафоны тәрізді халықаралық дәрежедегі ат жарысын өткізуді мақсат тұттық. Тек бір айырмашылығы бар, раллиде – автокөлік, жорықта – ат жарысады.
Қазіргі тілмен айтқанда, ат спорты – экологиялық спорт. Жылқыны ерттеп міну үшін бабын білу керек. Жүйріктің бабы келіспесе, бағы да жанбайды. Сондықтан алдымен баптап үйрену керек. Сол арқылы адам табиғатқа жақын болады, қоршаған ортаға, жануарларға деген жанашырлық сезімі қалыптасады. Яғни, біздің жорық жастарды спортпен айналысуға ынталандырады. Осылайша, денсаулығы мықты, рухы берік ұрпақ тәрбиелейміз.
Сондықтан бұл жарыс – төл дәстүріміз бен заман талабын ұштастырған ерекше жоба. Меніңше, осындай үлкен мақсаттардың арқасында Жорық елдің ықыласына бөленіп, жылдан-жылға танымал болып келеді.
– Биылғы «Жорықты» Жеңістің 80 жылдығына арнапсыздар. Ондағы мақсат не?
– Биылғы «Ұлы Дала Жорығын» Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнаудағы мақсат – өткеннің өнегесі мен ерлігін бүгінгімен сабақтастыру еді.
Өткенге көз жүгіртсек, тарихымыздағы талай жеңісте ат тұяғының ізі жатыр. Халқымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының соғыс жылдарында ақбоз атымен айбар көрсетіп, от пен оқтың арасынан тайсалмай өткен ерлігі ел есінде. «Мен ат баптар қазақтың баласымын. Жылқы жүйрігін айтпай танимын. Егер мен білсем, бұл – қазақтың қарабайыр жылқысы. Еркін далада құйынмен жарыса, көсіле өскен, кең тынысты жануар. Күн-түн шапсаң талмайды, өзі ақбоз екен» деген сөзі бар.
Ақбоздан қалған тұқымдар қазіргі қазақтың тақымында. Олар – азат күннің жаршысы, бейбіт күннің жүйрігі. Сол жүйріктер осы жорықта бақ сынады.
Бұл жобаның тағы бір жетістігін айтсақ, ол ең төзімді жылқы тұқымы – қазанаттың артықшылығын күллі әлемге мойындататын зертханаға айналды. Жорық халқымыздың жылқыға деген байырғы ынта-ықыласын жандандырды, атқа міну мәдениетін жаңғыртты, рухани сабақтастықты тереңдете түсті.
– Марафон-бәйге 2022 жылы Астанада басталып, Түркістанда мәресіне жеткенін білеміз. Одан кейін бағыт өзгерді. Жыл сайын жаңа маршрут белгілейсіздер. Сонда марафон-бәйге бүкіл Қазақстанды қамтып шыға ма?
– Мұныңыз рас. Жыл сайын Жорықтың маршрутын алдын ала ақылдасып, зерттеп, зерделеп барып бекітіп отырамыз.
Оның бірнеше себебі бар. Біздің басты мақсатымыз Ұлы Көшпенділер өркениетінің осы жерден тарағанын дәлелдеу болғандықтан, Жорықтың маршруты тарихи-мәдени жерлерді басып өтеді.
Мысалы, 2022 жылы шабандоздар Ұлы Дала тарихындағы айтулы тұлғалар – Алаша хан, Жошы хан кесенелеріне, Қазақ хандығының тұңғыш астанасы Созақ шаһарына арнайы ат басын бұрды. Түркі елдерінің рухани астанасы – Түркістан қаласында Әзірет Сұлтан кесенесіне зиярат етті.
Былтырғы жорық Солтүстік Қазақстан облысындағы еліміздің тарихи-мәдени ескерткіші – Ботай қонысынан бастау алып, Астанада мәреге жеткен еді. Яғни, халықаралық жарысты пайдаланып, 5000 жыл бұрын жылқы алғаш қолға үйретілгенін айғақтайтын көне мәдениетті әлем жұртшылығына, ат спортымен кәсіби деңгейде айналысатын командаларға таныстырудың сәті түсті.
Жорық арқылы біз Қазақстанның тарихи-мәдени орындарын әлемге танытып, жаңа туристік маршруттардың ашылуына ықпал етсек дейміз. Марафонның арқасында жыл сайын шетелдік туристер саны артып келеді.
Сондықтан биыл өзге мемлекеттерден келген командаларға жер жәннаты Жетісудың сұлу табиғаты мен мәдени мұрасын танытуды мақсат тұттық. Табиғаты мен тарихы тұтасқан Алматы облысында марафон-бәйге өткізу – даламыздың кеңдігі мен Алатаудың айбатын әлемге әйгілеу.
Жорық аясында Оңтүстік Африка Республикасы, Мажарстан, Иран, Қырғызстан және Ресейден келген шабандоздар үшін туристік сапар ұйымдастырдық. Олар Таңбалы тас, Алтын адам табылған Есік қорғаны, Шарын шатқалы секілді тарихи әрі табиғи жерлерді аралап, зор әсер алып қайтты.
Осылайша, әр Жорық белгілі бір тарихи, мәдени немесе рухани мағыналы тақырыпты арқау ете отырып, сол идеяны кеңінен тарқатуға бағытталады.
– Бүгінге дейін бес дүркін ұйымдастырылған Жорық барысында қандай жылқы тұқымы төзімділік тұрғысынан озық шықты?
– Иә, Жорық санаулы жылда бес мәрте өткізілді. Осы уақыт аралығында 92 команда қатысып, 650 ат бағы мен бабын сынап, 4 000 шақырымды еңсеріпті.
Ең алғашқы 2022 жылғы жорықты еске алсақ, білікті атбегі Исенбай Калдаманов ағамыз жетекшілік ететін Маңғыстау өңірінің «Көкмойнақ» командасы 1 200 шақырымды ең қысқа уақытта бағындырып, жеңіс тұғырынан көрінген болатын. Бұл «Адай» жылқысының тектілігі мен төзімділігін алғаш мойындатқан сәт болды.
Ал 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Адай» жылқы тұқымы ресми түрде патенттеліп, құқықтық мәртебе алды. Бұл – «Адай» жылқысының тек биологиялық емес, мәдени-рухани құндылық ретінде ұлт мақтанышына айналғанының айқын дәлелі.
Сонымен қатар еліміздегі білікті атбегі Рүстем Досжанов басқаратын Жетісу облысының командасы Жорықтың екі дүркін чемпионы атанып, «Жетісу арғымағы» тұқымының төзімді әрі мықты екенін іс жүзінде дәлелдеген болатын.
Былтыр қыркүйекте V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында өткен халықаралық «Ұлы Дала Жорығында» Қуат Үсенов жетекшілік ететін Алматы өңірінің командасы бірінші орын алған ресейліктерден небәрі 6 минутқа ұтылып, екінші орынды иемденген еді. Атап өтетін жайт, Ресей командасы таза қанды араб жылқыларымен қатысса, Алматы командасы жергілікті «Алатау» тұлпарларын жарысқа қосты. Бұл – қазақ жылқысының халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді.
Ал биылғы Жорықта әріптесіміз Алтай Бимен бауырымыз Астана қаласының атынан «Қостанай» жылқысымен жасақталған команданы жарысқа қосып, топ жарды. Отандық брендке айналған қостанайлық жылқының ұзақ қашықтықты бағындыра алатынына көптің көзі жетті.
Жалпы, биыл Астана командасының жеңіске жетуі – заңдылық деп ойлаймын. Олай дейтінім, Астанада Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуі отандық ат спорты саласының дамуына үлкен серпін берді. Ендеше биылғы Жорықта Астана командасының жеңімпаз атануы – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жемісі деуге болады.
Осы тұста бір нақты мысал келтірейін. Әдетте, командалар бес атпен қатысқанымен, олардың ішінен үшеуі ғана мәреге жететін. «Адай» мен «Қостанай» тұқымды тұлпарлармен жарысқан командалар марафонның басынан аяғына дейін төрт атпен 500 шақырымдық жолды еңсеріп, жарысты толық аяқтады. Бұл – ерекше назар аударатын оқиға. 2022 жылғы алғашқы жорықта Маңғыстау өңірінің командасындағы төрт бірдей «Адай» жылқысы межелі орынға бірінші жеткен еді. Биыл Астана қаласының командасы «Қостанай» жылқыларымен сол көрсеткішті қайталап, жеңімпаз атанды. Бұл – қазақ жылқыларының ұзақ қашыққа шыдамды екенін айғақтайтын дерек.
Сондықтан «Ұлы Дала Жорығы» жылқы тұқымын табиғи ортада сынайтын бірден-бір далалық зертханаға айналды деуге негіз бар. Біздің көздегеніміз де осы.
Тағы бір айта кететін жаңалық – биылдан бастап қазақы жылқы тұқымдарының табиғи төзімділігі мен жорыққа бейімділігін ғылыми тұрғыда дәлелдеуді қолға алдық. Бұл асыл тұқымды жылқыны сақтап, өсімін көбейтуге септігін тигізеді. Осы мақсатта Алматыдағы Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми зерттеу институтымен әріптестік орнаттық. Ғалымдар Жорыққа қатысқан аттардан қажетті анализ алып, зерттеу жұмыстарына кірісті. Бұл бастаманың нәтижесін жыл соңында көпшілік назарына ұсынамыз.
– Осы жолғы Жорықтың тағы бір ерекшелігін байқадық. Төрешілер мен ветеринарлар тек отандық мамандардан құрылған екен. Бұл шешімнің себебі не?
– Иә, бұған дейінгі төрт Жорыққа шетелдік мамандарды тарттық. Халықаралық ат спорты ұйымдарымен ақылдаса келе, білікті мамандарды елге шақырып, олармен тығыз жұмыс істедік. Үздік әдіс-тәсілдерін үйрендік. Соның арқасында Жорықтың ерекшелігі мен мән-маңызын терең түсінетін, әділ төрелік жүргізетін отандық білікті мамандар – төрешілер мен ветеринарлардың пулын қалыптастырдық. Расын айту керек, бұл жұмыс оңайға соқпады. Дегенмен нәтижесі қуантарлық. Бүгінде дүбірлі доданы отандық кәсіби мамандар әділ бағалап жатыр.
Мәселен, биылғы жорықтың бас төрешісі Серік Әбжанов болса, бас ветеринарлыққа тәжірибелі маман, отандасымыз Людмила Дрейфельді шақырдық.
Бір қуаныштысы, биыл марафон-бәйгеге қатысқан командалар тарапынан төрелікке де, мал дәрігерлерінің жұмысына да бірде-бір шағым түспеді. Бұл – барлық шешім әділ және дұрыс қабылданды деген сөз. Біз үшін бұл үлкен жетістік.
– Жылдан-жылға «Жорықтың» өзі де талай сыннан өтіп, жоба ретінде шыңдалып келеді. Биылғы Жорықтан өзіңіз не байқадыңыз?
– Әрине, алғашқы Жорық пен бесінші Жорықтың айырмашылығы жер мен көктей десек, артық айтқандық болмас. Мамандардың біліктілігі, командалардың дайындығы, материалдық-техникалық жабдықталуы, дәрі-дәрмектің, құрал-сайманның қолжетімділігі – жылдан-жылға жетіліп, басқа деңгейге көтерілді.
Нақты бір мысал келтіре кетейін, бұған дейінгі Жорықтарда ветеринарлар «жарысты жалғастыруға жарамсыз» деп тұлпарын додадан шығарғанда, кейбір команда мүшелері келіспей, дауласатын. Ал осы Жорықта байқағанымыз, ондай қарсылық мүлдем болған жоқ. Керісінше, жарыс барысында шабандоздар өздері тізгін тартып, «биыл дайындығым аздау болды» деп, спорттық этика мен қауіпсіздікті бірінші орынға қойды.
«Ат жақсысы да, адам жақсысы да ұзақ жолда сыналады» демекші, 500 шақырымдық сапардың азаматтар мен қазанаттарға салар салмағы зор.
Қазір «Жорық мәдениеті» деген жаңа ұғым қалыптасты: ат баптаудан бастап, жылқыға деген жанашырлық, шабандоздардың бір-біріне деген құрмет көрсетіп, қолдауы, оқыс жағдайда көмек қолын созуы, атбегілердің эмоцияға берілмей, кез келген мәселені байыппен, кәсібилік тұрғыдан шешім қабылдауы секілді дағдылар осы мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналды.
Міне, осы құндылықтар «Ұлы Дала Жорығын» ұлттық сана мен бірлікті ұлықтайтын рухани платформаға айналдырды.
– Осы жерде бұл жобаға қалай келгеніңізді сұрағым келіп отыр. Сіздің саяси қызметте жүргеніңізді білеміз. Ал «Ұлы Дала Жорығын» жолға салудың өзі қыруар уақыт пен қаржы, ерік-жігерді қажет ететін шаруа. Қазіргі қызметіңізге кедергі емес пе?
– Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Бұл жерде «Ұлы Дала Жорығының» басталу тарихын аздап тарқатып айтып өту керек болар. Жоба идеясының авторы – Бақытжан Тұрлыбеков 2021 жылы «осындай ой бар» деп ақылдасқан кезде бұл жобаны белгілі бір аймақпен шектемей, еліміз үшін ауқымды имидждік жоба жасау керек деп шештік. Себебі бұл – ұлттық руханиятты жаңғыртып, құндылықтарымызды түгендеуге таптырмас мүмкіндік еді.
Оның үстіне, адамзатқа салт аттылар мәдениетін сыйлаған ата-бабамыздың аманатын орындап, Қазақстанды мыңжылдықтардан бастау алатын бай тарихы мен мәдениетін жалғаған көшпенділер өркениетінің мұрагері ретінде тарату үшін бұл жобаны «отандық бренд» ретінде қалыптастыру керек деп шештік. Жасыратын несі бар, осы жоба арқылы еліміз алдағы уақытта ат спортының отаны ретінде мойындалса екен деген арманымыз бар.
Идеясын пісіріп, жобаның мақсат-міндетін айқындап алған соң, маршрутын сызып, ұйымдастырушы команданы жасақтап, демеушілер табу керек болды.
Алғашқы жылы жобаны таныстыру үшін талай келіссөз жүргізіп, көптеген компанияның табалдырығын тоздырдық. Сол кезде бізге «күніне 100 шақырым еңсерсе де, 10 күн бойы жүрісінен жаңылмайтын жылқыны қайдан табасыңдар, бұл іске аспайтын идея» дегендер болды.
Ата-бабамыз ұшы-қиыры жоқ кең байтақ даламызды күндіз-түні аттан түспей жүріп қорғады емес пе! Ендеше Үстірт пен Алтайдың, Алатау мен Арқаның арасындағы жолға бір шыдаса, қазақ жылқысы шыдайды дестік. Осы ойымыздың растығына көз жеткізу үшін 2022 жылы жаз айында Бақытжан бар, мен бар – 4-5 жігіт Астанадан Баянауылға дейін үш күн жүріп, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басына атпен зиярат етіп қайттық.
Күніне 100 шақырымнан астам желіп жүріп, мұндай марафон-бәйгені өткізу мүмкін екеніне жұрттың көзін жеткіздік. Сол сапардан келе сала алғашқы Жорықты ұйымдастыру жұмысына кірістік.
Сол кезде мен қоғамдық жұмыста жүргендіктен, алғашқы екі Жорықты ұйымдастырумен алаңсыз айналыстым.
Одан бері марафон-бәйге елге танылып, оны ұйымдастыру жұмыстары жолға қойылды. Қазір Қарағанды облысында жұмыс істегелі бері, түрлі мәселеге байланысты ауылдарды аралағанда Жорыққа деген халықтың ерекше ықыласын байқап жүрмін. Ендігі жерде біз болайық, «Ұлы Дала Жорығы» өз алдына жолға түсті. Ол елдің ұлттың игілігіне қызмет ететін жобаға айналды.
Сондай-ақ қазіргі қызметімде басқа салалармен қатар, спорт саласына да жауаптымын. Сондықтан өңірдегі ұлттық спорттың дамуына айрықша көңіл бөлем.Бұл ретте облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың осы салаға деген қамқорлығы – үлкен демеу.
Арқа өңірі – ежелден қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке ғой. Ұлттық мәдениет, руханият пен салт-дәстүр, ұлттық спорт түрлерінің жауһарларын сақтаған киелі жер. Бай мұрамызды сақтап, халық тұрмысында жаңғыртуға, келер ұрпаққа жеткізуге ұмтыламыз. Қазір Қарағанды облысында ұлттық спорттың 11 түрімен 40 мыңға жуық адам айналысады.
Былтыр өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақстандық құрамада болған қарағандылық спортшылар командалық жеңіске айтарлықтай үлес қосты. Аңсаған Қожанасіп – тоғызқұмалақ пен овариден, Ажар Салықова – кураштан үздік шығып, 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медальді команда қоржынына салды.
Облысымызда ұлттық спорт түрлерінен жыл сайын көптеген іс-шара өткізіледі. Оның ішінде, 8 спорт түрін қамтыған «Сарыарқа ұлы дала ойындары фестивалін» атап өтуге болады.
Алдағы күзде, яғни тамыз – қазан айларында Ұлттық ат спорты түрлерінен Кенесары хан атындағы ашық республикалық турнир және Қарағанды облысының ұлттық спорт түрлерінен 2025 жылғы маусымның жабылу жарыстарын өткізу жоспарлап отырмыз.
Қыркүйек айында Алматы облысында ұлттық спорт түрлерінен өтетін республикалық жарыс – «Ақбидай» ауыл спорты ойындарына облыстың құрама командасы толық құраммен қатысады.
Сондықтан қайда жүрсек те, үлкен мұрат – елдің игілігіне қызмет ететін істің басы-қасында болу. «Ұлы Дала Жорығы» сияқты ұлттық мұрамызды түгендейтін жобаларды жасау үшін үлкен қызметте болу міндетті емес. Керісінше, осындай жобаны ұйымдастыру тәжірибесі қазіргі қызметімде кез келген істі тыңғылықты атқаруда қажетке жарады деуге болады.
«Ұлы Дала Жорығының» өзі командалық жоба болса, оны ұйымдастыру да – бір адамның қолынан келмейтін, көппен бірге бітетін жұмыс. Оны жүзеге асыруға жүздеген адам жұмылдырылды. Олардың қатарында спортшы-шабандоздарымыз, атбегілер, ұйымдастырушылар бар. Жобаны басынан бастап қолдап келе жатқан демеушілер мен ұлттық спорттың жанашырлары бар. Солардың бәріне алғысымыз шексіз!
Әсіресе, 2022 жылдан бері, яғни осы бастаманың алғашқы күнінен бастап, жобаның басты серіктесі ретінде жан-жақты қодау көрсетіп келе жатқан «AMANAT» партиясына айрықша алғысымды білдіремін. Партияның ұлттық құндылықтарды насихаттауға, дәстүрлі спорт түрлерін дамытуға бағытталған саясатының арқасында «Ұлы дала жорығы» жобасы тек ұлттық деңгейде ғана емес, халықаралық аренада да танымал бола бастады.
– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет!
Ардақ СҰЛТАН,
Aikyn.kz